Тарихы

Талас ауданының тарихы

Талас ауданы Қазақстан Өлкелік атқару Комитетінің шешімімен 1928 жылы 3 қыркүйекте бұрынғы Ойық, Ошақты, Ағашақ, Билікөл болыстарына қарасты 31 ауылдың негізінде құрылған. Сол кезде ауданда 21 мыңнан аса халық болған. Орталығы Ойық ауылы болып белгіленген, аудан орталығы 1934 жылы Ақкөлге ауыстырылды. Қазіргі орталығы – Қаратау қаласы.

Аудандағы 24 елді мекендер мен Қаратау қаласының халқын қосқанда 52 мыңнан аса адам тұрады. Негізгі кәсібі ауылшаруашылығы және тау-кен химия шикізатын өндіру.

Кеңес дәуірінде ауданның өмірінде із қалдырарлық кезеңдер өтті. Зорлықпен ұйымдастырылған ұжымдастыруда, ашаршылықтың ащы азабын, саяси-қуғын сүргіннің салқынын сезді, көрді, бастарынан өткерді. Ұлы Отан соғысы кезінде ауданнан 6 мыңнан аса адам майданға аттанып, оның үштен бірі туған еліне оралмады.

Аудан 1946 -1950 жж. кезеңдерінде қайта өрледі. 1948-1949 жылдары 54 адамға Социалисттік Еңбек Ері атағы берілді, 2 адам Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Мұндай атаққа сол кездегі Одақтас республикаларда бірде-бір аудан түгілі, облыс ие болған емес. Талас елінің атағын шығарған Социалистік Ерлерінің саны қазір 59.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері Талас ауданы аграрлы-индустриялы өлкеге айналды. Кеңес өкіметі кезінде фосфор кенін игеру мақсатымен дүниеге келген Қаратау қаласы Мәскеудің құзырында еді. Қала мәртебесін иеленгеніне 45 жыл толатын Қаратау 1997 жылдан бері аудан әкімшілігінің орталығына айналғалы – өз шешімін өзі айтар өлкеге айналды. 2003 жылы 25 қазанда Амангелді газ кеніші игеріліп, ел игілігіне берілді. Оның алауын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтің өзі тұтатты.

Аумағы 12,2 мың шаршы шақырымның 574 мың гектар жері мемлекеттік орман қоры алып жатқан ауданда 51,1мың халық тұрады. Орман қорының 96 пайызы шөл және шөлейт аймақта, қалған 4 пайызы тауда. Аудан құрамына 13 ауылдық округтегі 25 елді мекен және 1 қала кіреді. Үстіміздегі жылғы 1 қазанға есеп бойынша 28429 адам қалада, 22718 адам ауылдық жерлерді мекендейді.

Ауданда 88 шағын кәсіпорын, 15 орта кәсіпорын, 1069 жеке кәсіпкер, 902 шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Аудан бойынша орманды алқап – 572469 гектарды, жайылымдық жер – 982395 гектарды, шабындық жер – 25155, егістік алқап – 25651 гектарды алып жатыр. Ірі қара – 26349, қой мен ешкі – 337705, түйе – 1894, жылқы – 7019, құс – 189780 басқа жетіп отыр.

Ауданымызда білім бөліміне қарасты 55 мекеме жұмыс істейді. Одан тыс М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің филиалы, 3 колледж, мүгедек балалар мектебі мен қарттар үйі, 18 өнер ошағы, 20 кітапхана, мұражай, мұрағат, «Авангард» кинотеатры, кеншілер саябағы, 1 аудандық орталық емхана, 1 аудандық орталық аурухана, 1 ауылдық аурухана, 11 ауылдық  дәрігерлік амбулатория, 15 ауылдық медициналық пункт халыққа қызмет етеді.

Аудан өнеркәсібі саласында «Шолақтау» тау-кен өндейтін кәсіпорны, «Амангелді ГӨЗ» газ өндеу заводы, «КазТрансГаз» БҚ АҚ және «Игілік» КМ КК жұмыс істейді.

«Мрамор Көктал» ЖШС шетелдік технологиямен 3500-5000 шаршы метрге дейін плита өңдеп шығаруда. Қаратау қаласының жылу жүйесіне, ауыз суға қатысты инфрақұрылымын қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық, облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, ол да шешімін табуда. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын республикалық және облыстық бюджеттерден қаржылар бөлініп, жұмыстар атқарылуда. «Жол картасы» аясында облыстық мәндегі Қаратау – Тараз, Ақкөл – Үшарал автомобиль жолдарына қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді.

Аудандағы 5 елді мекенді газдандыру жұмыстары жоспарлануда.

Аудандық әкімшіліктің алдындағы алаң – Батырлар алаңы аталынды. Онда ел мерейін еңбегімен, ерлігімен өсірген 61 Батырдың қола бюсті сап түзеді.

Талас өңірінен жүздеген академик, доктор, профессорлар мен өзге де ғылым мен мәдениет өнер қайраткерлері шыққан. Әлемге әйгілі спорт шеберлерімізбен де мақтана аламыз. Футболдан Қазақ елінен шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Яровенко – Қаратаулық.. Арктикада болған тұңғыш қазақ баласы да – Таластық.

Жер асты мен үсті байлыққа тұнып тұрған Талас ауданының халқы болашақта еліміздегі өнеркәсіпті – аграрлы өлкеге айналары даусыз. Ауданды арынды Аса, Талас өзендері жарып ағып өтсе, Ақкөл мен Билікөл балыққа бай, тарихи ескерткіштерге бай өлке.

  1. Ойық ауылы:

а) Қарақожа мешіті ХХ ғасырдың басында соғылған. Ауылдың солтүстік-шығыс жағындағы жәдік көлінің маңында орналасқан.

б) «Ілебай» Сағанасы ХХ ғасырдың басында тұрғызылған Сеилбек елді мекенінің жанында.

в) «Бөлтірік шешен» кесенесі 1995 жылы тұрғызылған. Сеилбек ауылының солтүстік жанында «Балта» қыратынын етегінде орналасқан.

г) Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұлдың бейіті Талас өзенінің айналасында жатыр.

д) «Ноғай-ишан» мешіті ХХ ғасырдың басында соғылған. Талас өзенінің жағасында орналасқан.

е) «Бөлтірік құдығы» ауыл орталығынан 30 шақырым жерде.

  1. Үшарал ауылы:

а) «Әбіл – ишан» мешіті ХХ ғасырдың басында салынған. Ауылдың солтүстік батыс жағында орналасқан. Мешіт мемлекеттің қарауында.

б) «Ақ кесене», «Көк кесене» ХVІІ – ХVІІІ ғасырда салынған. Үшарал ауылынан 30 – 40 шақырым жерде орналасқан.

  1. Ақкөл ауылы:

а) Д.А.Қонаев ескерткіші 2002 жылы Ақкөл ауылының орталық алаңында орналасқан.

  1. Қызыләуіт ауылы:

а) Тәңірқазған, Бөріқазған үнгірі ежелгі адамдардың алғашқы тұрағы.

б) «Қыш көпір» ауылдан 3 шақырым жерде орналасқан.

в) Алтынбек Оразбековтің мемориал тақтасы өз үйіне орналастырылған.

  1. Тамды ауылы:

а) Тамды әулие бұлағы.

б) Қойкелді батыр ексерткіші 1995 жылы соғылған.

  1. Қаратау ауылы:

а) «Есейхан-би» ескерткіші 1992 жылы соғылған.

б) «Жолбарыс қамал» қорғаны осыған аттас өзен бойында орналасқан.

Қаратау қаласында құнды материалдар жинақталған өлкетану мұражайы жұмыс істейді. Алғашқы адамдардың мекені осы өлке екенін тарихшылар да дәлелдейді.