Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың 2017 жылы Талас ауданында орындалуы туралы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың

2017 жылы Талас ауданында орындалуы туралы

 

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының негізінде Талас ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша Талас ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 26 қыркүйектегі № 261 қаулысымен аудандық комиссияның жаңа құрамы белгіленіп, аудандық Мәслихаттың сессиясында 2017 жылғы 23 қазандағы № 24-4 шешімімен бекітілді.

Есепті мерзім ішінде аталмыш комиссияның 3 отырысы (2016 жылы- 3 отырысы) өткізілді.

2017 жылы Талас ауданы бойынша барлығы 2660 өтініштер түскен. Заңды тұлғадан – 847, жеке тұлғадан – 1813, оның ішінде жеке қабылдау бойынша – 122 өтініш келіп түскен. Талас ауданы бойынша  келіп түскен өтініштер уақытылы қаралып, жазбаша жауаптары берілді. Сонымен қатар, аудан әкімі айына бір рет аудан тұрғындарын жеке сұрақтармен тұрақты қабылдау жүргізеді. Қабылдау күнінің уақыты және күні аудан тұрғындарын алдын ала хабардар ету үшін аудандық «Талас тынысы» газетінде тұрақты жариялануда.

Ауданда мемлекеттік мекемелерде қызметкерлерінің мінез-құлқында этикалық нормалардың орнығып сақталуына, тапсырылған жұмысты орындау барысында жеке жауапкершілікті арттыру мақсатында «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығы және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы бойынша стендтер ілінген. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан әзірленген «1424-бірыңғай байланыс орталығы» телефоны туралы халықты кеңінен ақпараттандыру мақсатында аудан көлеміндегі мекемелерде арнайы плакаттар ілінген. Сондай-ақ қала және ауылдық округтерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ілінген үгіт насихат құралдары (билборд) саны – 18 (2016 жылы – 15 билборд).

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 8-бабы 5 тармағына және  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы № 12 «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығын басшылыққа алып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің тәртібі мен кестесі аудан әкімінің 2017 жылғы 29 мамырдағы № 280 өкімімен бекітіліп, бекітілген кестеге сәйкес Талас ауданы әкімдігі бөлімдерінің қызметіне тексеру жүргізіліп, нәтижесінде ұсынымдық сипаттағы 5 анықтама рәсімделді.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің берілген ұсыныстарына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениет деңгейін қалыптастыру тақырыбында арнайы әлеуметтік тапсырысқа 1 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді (2018 жылға 1 млн.теңге қаражат қарастырылды).

Талас ауданындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениет деңгейін қалыптастыру тақырыбында арнайы әлеуметтік тапсырыс аясында 2017 жылға арналған кешенді жоспары бекітіліп,  жоспарға сәйкес дөңгелек үстел, кездесу, жиналыс сурет байқауы, ашық тәрбие сағаты, тренинг және т.б. сияқты іс-шаралар кешені қарастырылған. Есепті мерзімінде ауданда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы шараларды ұйымдастыру жөнінде мемлекеттік және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындар мен ұйымдарда 55 рет «дөңгелек үстел» отырысы, 23 жиналыс, 6 пікірсайыс, 6 сурет байқауы, 27 кездесу, 2 байқау, 2 сауалнама, 14 тәрбие сағаты, 5 дәріс сабағы, 4 тренинг насихат, 2 квн, 1 конкурс, 1 фильм көрсету өткізілді.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін арттыру мақсатында 2017 жылдың І, ІІ-жартыжылдығына арналған сыбайлас жемқорлықты алдын алу бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын мақалалардың медиа-жоспары бекітіліп, мақалалар аудандық «Талас тынысы» газетінде  жарияланды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алу бойынша ауданда атқарылып отырған жұмыстарға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында аудандық «Талас тынысы» газетіндегі тұрақты айдарда 50 мақала, республикалық газетте -7 мақала жарық көрді (2018 жылға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін арттыру мақсатында сыбайлас жемқорлықты алдын алу бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын мақалалардың медиа-жоспары әзірленді).

Ресми интернет-ресурстарда мемлекеттік және орыс тілдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша арнайы тарауларда ақпараттарды тұрақты түрде жаңартылып, тиісті мәліметтермен толықтырылды.

Талас ауданы әкімінің «Жалпыға бірдей құқықтық оқуды ұйымдастыру туралы» өкімдеріне сәйкес құқықтық оқуды өткізудің кестесі бекітіліп, мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері бойынша тұрақты оқу сабақтары ұйымдастырылып, нәтижесі хаттамалармен (І-тоқсан – 10 хаттама, ІІ-тоқсан – 3 хаттама, ІІІ-тоқсан – 4 хаттама ) рәсімделді.

Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге  қол жеткізуге бағытталған Талас ауданы әкімінің 2017 жылғы 25 мамырдағы              № 273-ө өкімімен бекітілген Жамбыл облысы Талас ауданы әкімі аппаратының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты әзірленіп, Талас ауданы әкімі аппаратының ресми сайтында жарияланды.

2017 жылғы 23 маусымдағы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топтың отырысының № 4 хаттамасына сәйкес құрылған Талас ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында мобильдік топ құрамы жасақталып, топтың жұмыс жоспары талқыланып, аудан әкімінің 2017 жылғы 20 маусымдағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында мобильдік топ құру және топтың жұмыс жоспарын бекіту туралы» өкімімен бекітілді. Есепті мерзім аралығында мобильдік топ 17 кездесу өткізді (қамтылған халық саны – 577).

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін жазалау мерзімі және сыбайлас жемқорлық фактілері жөнінде хабарлаған адамдарды көтермелеу шаралары туралы әзірленген ақпараттық хабарландырулар Талас ауданы бойынша мемлекеттік мекемелерде және көпшілік жиналатын орындарда орналастырылды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2016 жылы 4 мемлекеттік қызметшіге қатысты 2 қылмыстық іс қозғалды.

2016 жыл: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаментімен аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрыңғы басшысы Б.Байболатовтың үстінен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 361-бабы 2 бөлігі, 190-бабы 2 бөлігі 5 тармағы  бойынша 1 қылмыстық іс қозғалған. Б.Байболатов мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адам бола тұра ұйымдар үшін пайда мен артықшылық алу мақсатында өзінің қызметтік міндеттерін орындамауы арқылы мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзған. Тергеу жұмыстары толығымен жүргізіліп, Талас аудандық соттың 2016 жылғы 01 маусымдағы үкімімен «Прогресс Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Г.Г.Алмазов кінәлі деп танылды.

Талас аудандық соттың 2016 жылдың 8 қыркүйегіндегі үкімімен Қаратау қаласының әкімі Қ.О.Махашев және Қаратау қаласы әкімі аппаратының сектор меңгерушісі Б.Мадалиев пен бас маман Ж.Салкынбеков кінәлі деп танылды.

2016 жыл: Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің 2016 жылғы 28 сәуірдегі шешімдерімен Ойық ауылдық округінің әкімі М.Уристенов пен Қызыләуіт ауылдық округінің әкімі Б.Бекетаев Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бап 1 тармақ 4) тармақшаға сәйкес қызметтерінен босатылды.

Талас аудандық соттың 2016 жылғы 24 маусымдағы (№3162-16-00-2/540) шешімімен М.Уристенов жұмысқа қайта орналасып, лажсыздан бос жүрген уақытында жалақысы өндірілді және заңсыз жұмыстан босату туралы аудан әкімінің өкімі заңсыз деп танылды. Қазіргі таңда, аудан әкімінің 27.06.2016 жылғы №304-ө өкімімен М.Уристенов Ойық ауылдық округі әкімінің қызметіне қайта орналасты.

Талас аудандық соттың 2016 жылғы 19 шілдедегі (№3162-16-00-2/544) шешімімен Б.Бекетаев жұмысқа қайта орналасып, лажсыздан бос жүрген уақытында жалақысы өндірілді және заңсыз жұмыстан босату туралы аудан әкімінің өкімі заңсыз деп танылды. Қазіргі таңда, аудан әкімінің 22.07.2016 жылғы №362-ө өкімімен Б.Бекетаев Қызыләуіт ауылдық округі әкімінің қызметіне қайта орналасты.

2017 жылы: сыбайлас жемқорлыққа байланысты аудан әкімдігі білім бөліміне қарасты мекеменің 2 қызметшісіне және 1 қызметкер –есепшіге және аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысына қатысты 4 қылмыстық іс қозғалды.

Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры Нұрбеков Әділжан Мұқашұлының үстінен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 366-бабының 1 бөлігі  бойынша 1 қылмыстық іс қозғалған. 27.12.2016 ж ҚР ҚК 366-бабының   1-бөлігімен 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды. (Сот үкімімен 10.02.2017 ж ҚР ҚК 41-бабының 3-бөлігіне сәйкес тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, ҚК-тің 46-бабының ережелері ескеріле отырып, ҚК-нің 366 бабының 1 бөлігінде көзделген санкциясы шегінде бас бостандығынан ауыстырылғандығы түсіндіріліп, қамаудан босатылды.)

Сонымен қатар Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің «Қарлығаш» балабақшасы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының меңгерушісі Мұстафаева Сандуғаш Қалаубековна ҚР ҚК-ң 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. (13.04.2017 жылғы Жамбыл облыстық сотының қаулысымен қамаудан босатылып,  5 жыл ішінде 6 703 361 теңге  мемлекет кірісіне өндіріледі.)

Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің «Қарлығаш» балабақшасы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының есепшісі Керімбай Шапағат Әбдірахманқызы ҚР ҚК-ң 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. (13.04.2017 жылғы Жамбыл облыстық сотының қаулысымен 5 жыл ішінде 6 703 361 теңге  мемлекет кірісіне өндіріледі.)

29.09.2017 жылы Талас ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қалаубеков Бауыржан Темирхановичке қатысты ҚР ҚК-ң 366 бабы 3-бөлігіне сәйкес (пара алу) қылмыстық іс қозғалып, Тараз қалалық №2 сотының 06.12.2017 жылғы үкімімен ҚР ҚК 366 бабы 1 тармағы 3 бөлігіне сәйкес Б.Қалаубеков 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бүгінгі күнге үкім заңды күшіне енді.