Айтайын дегенім …

  Айтайын дегенім …

(Тамды Әулие ауылының толғауы)

 

2 НҰСҚА(2015жыл)

                                                                                                                                                                 

 

Тілегени Сламбек Меркібайұлы.

Қазақстанның құрметті құрылысшысы,

Талас ауданының құрметті азаматы.

 

Арғысын айтпағанда, бергісінің өзінде 1500 жылдай тарихы бар Мұхаммед пайғамбарымыздың сахабасы болған Әбу Мұса аш- Қаридың, яғни Тамды әулиенің атындағы Жамбыл облысы  Талас ауданындағы Тамды ауылы тарихының тым тереңнен басталатынын көпшілік жұрт біле бермейді. Сондықтан Тамды ауылының байырғы тарихын, бай   шежіресін, тілін, дінін, ділін, мәдениет пен әдебиетін, өнегесін, шаруашылығын, есепсіз байлығын айтқымыз келеді. Қазыналы қарт Қаратау бөктерін бойлай, оның солтүстік- шығыс беткейіне, қазіргі Жамбыл, Сарысу, Жуалы аудандарымен, Шымкент облысымен шекаралас орналасқан Тамды ауылы – өзінің бай тарихы, шежіресі, дәстүрі  бар, ежелден қазақ халқы, оның ішінде Үйсін, Дулат, Уақ, Қыпшақ рулары мекендеген ауыл. Көне тарихта тереңірек үңілсек, бұл аймақта бір ауыл емес, мәуелі жеміс-жидек, бау-бақшасы, гүлденген шаруашылығы, өркендеген мәдениеті, еңбекқор да ержүрек халқы бар аймақ. Бұл өңірде бірнеше қалалар мен бекіністер салынған. Олар жаугершілік заманда немесе басқа да себептермен тып-типыл болып, жер бетінен жоқ болып кеткен. Деректер бойынша біз тек жермен жексен болған бірнеше қорымдары (I-II ғасыр), Тамды қаласын (XI-XIII ғасыр),Көктөбе бекінісін (YII-YIIIғасыр)ғана білеміз.

Сондай-ақ, ауыл төңірегіне тұнып тұрған тарихи жер аттары бұл өңірде өшпес аңыздардың, ел бастаған көсемдердің, сөз бастаған шешендердің, қол бастаған жаужүрек батырлар мен хас сұлулардың ғашықтық сезімдері ғасырлар бойы жырланып келгені сыр шертеді. Олардың қатарына үңгірінде алғашқы адамдар мекендеген,бұл күнде Ақкөл аймағына қарауына берілген Бөріқазан, Тәңірқазған бөктерлері, жайылымы шұрайлы Шахантай, Кемер қыраттары, Қызыләуіт аймағына берілген, ғасырларға созылған жоңғар мен қаақтардың соғысында стратегиялық маңызға ие болған Қызыл дегерез, Қара дегерез, Қыземшек, Түиеөркеш, Наркескен, Қос дегерез, Қарашоқы шоқылары, минералды суының сапасы  «Сарыағаш » суынан кем емес, батпағы дертке шипа Ұзынбұлақ бұлағы, Күйгенкөл көлі, Ұйқыдағы ару, Жетімшоқы және Кебек- қашқан кіші таулары жатады.

Ауыл көлемінде төрт түлік малдың жайылымдығы болған Арбатас, Медеу бай сайы (қазіргі комбинат орналасқан сай, ол кісінің бір қолы шолақ болғандықтан Шолақтың сайы, Шолақтың тауы, сөйтіп жердің Шолақтау аты пайда болған), Сүлеймен бай сайы (өткен ғасырдың 20-30 жылдары республикамыздағы бірден-бір қорғасын кеніші болған, қазіргі теледидар антеннасы орналасқан биік), Байтоқты сайы, Сатыбалды тұмасы, Марын сазы, Сыбан сазы, Қызыл дегерез, Дарбаза, Шилібастау, Алтаяқ бұлақтары, Шахантай,Көктөбе, Ақшұқыр, Жайылма сияқты суы мол шырайлы жерлер, Төле би, Қойгелдіден кейін Ташкенді билеген Жалмырза ханның жаз жайлауы, қыс-қыстауы болған. Көнекез сұңғыла қариялардың айтуына қарағанда XIX-ғасырдың басында өмір сүрген Өтеулі байдың мың-сан жылқысы, келе-келе түйесі болған деседі. Байдың Қара дегерездегі жусап жатқан түйесінің басы Ақкөл көлінен су ішкен кезде, аяғы бастапқы орнынан енді тұрып жатады екен. Жылқысы бір мезгілде қатар тұрып су ішкенде, Тамды өзенінің суының ағысы тоқтап қалады екен дейді аңызда.

XIX ғасырдың аяғы мен XX  ғасырдың басында бұл өңірде мал шаруашылығы мен қатар жер өңдеу, егін салу кәсіпшілігі ерекше дамып, мол өнім алынып отырылған. Бұған осы  кезенде,тіпті кеңес дәуіріне дейін жұмыс істеп келген бір Тамды өзенінің бойында кәсіпшілер Құлсерек, Нұрмағанбет, Өстемір, Оспанбай, Аймыш, Қоныс, Мырзағұл, Қисықтың, яғни барлығы 8 су диірменінің болуы ата-бабаларымыздың кәсіпкерліктен кенде болмағанын білдіреді.

Егін салу кәсіпшілігінің дамуына XIX ғасырдың 70 жылдары бабаларымыздың табиғи аңғарларды пайдалана отырып қолмен , кетпенмен, қайламен соғылған сыйымдылығы 2.0-3.0 млн. текше метр Тамды су қоймасы көп септігін тигізген. Тамды әуітіне тек Арбатас өзенінің суы емес, қазіргі Қаратау қаласының демалу аймағынан ешқандай техникалық құралдың көмегінсіз Тамды өзенін бұрып канал қазу арқылы 1935 жылдары су жеткізген сол кездегі селсовет  председателі Меркібай Тілегеновтың зор еңбегін атап өткен жөн.

Біз, бұл кісінің бастаған жұмысын тек алпыс жыл өткеннен кейін, яғни 1995 жылы әуіттен ауылға төрт шақырым каналды әрі қыс мезгілінде, әрі қысқа мерзімде соғып пайдалануға бердек. Бұл да болса ұрпақтар сабастығының жарқын бір көрінісі.

Әйгілі Жібек жолының бойында орналасқан бұл өлке мәдениеттен де, өнерден де, той думан өткізуден де, құсбегілік, атбегілік, аңшылық, саятшылық құрудан да құралақан болған емес. Нарық жолын терең түсінген бабалар көптеп мал өсіріп және мал өнімдерін еркін айналымға жіберіп, Қытайдан  мата, орыстан қару-жарақ пен бағалы аң терілерін, парсы елдерінен қалы кілем, бағалы тастар мен оқалы бұйымдар, сарт пен Қоқаннан, Самарқаннан құрма, мейіз, жаңғақ, мақта сияқты зәру тауарларды айырбасқа алып отырған. Сондықтан ата-бабаларымыз тұрмыста бағалы  кәмшат және құндыз бөріктерді, түлкі тұмақтарды, түлкі, қасқыр, бұлғын ішіктерді, алтын-күміспен, бағалы гауһар, жақұт, лағыл тастармен әдіптелген сәукелелер мен камзолдарды, сырғаларды, жүзіктерді, білезіктерді, алқа мен таналарды, сондай-ақ 6,8,10,12,16 қанатқа дейінгі киіз үйлерді, көркем үй жиһаздарын,кілемдерді,піл сүйегінен жасалған төсектерді, алтындаған, күмістелген ер- тұрмандарын, ат әбзелдерін, бес қару мен сауыт- саймандарды кеңінен пайдаланған.

Талас ауданының құрметті азаматы, жоғарғы мектеп үздігі, зейнеткер Кеңесбек Түменбайұлының айтуынша 1923 жылдары бұл ауылда, Жайылма жазығында Сыбан байдың құрметіне Оңтүстікке, бейнеленіп айтқанда Сағынайдың асынан кейін үлкен ас болған. Аста өткен Ащы көл мен Домалақ көлдің арасындағы Күреңбелден жіберілген бәйгенің сөресі Қотырбұлаққа бірінші жеткен Күнгейдегі Шеріштің атына, яғни бас бәйгеге Иран кілемін жапқан түйе бастаған 9 қараға бір дәсері алтын-күміс теңге қоса берілген. Бір дәсері 40кг деп есептесек қандай байлық болған десеңізші! Бұл фактілер бұл өңірде осал адамдардың тұрмағанын көрсетеді.

Дәл осындай ас өткен ғасырдың аяғында, 1992 жылы Талас, Жуалы, Жамбыл, Шу аудандары менен Қаратау қаласы бірлесіп, Қолбасшы Қойгелді батырға арнап беріледі. Асқа 298 үй тігілді. Мұнда да 63 шакырымдық бәйгеге Талас ауданында тұңғыш рет жеңіл автокөлік тігілді. Аламан бәйгеге 115 ат қосылган.

Бұл өлкеде аққу ұшып, қаз қонған,суында балығы тайдай тулаған,жағасында жолбарысы жортқан Күйгенкөл, Нарын,Қайназар, Ақкөл, Мыңшұңқыр, Жалаңашкөл, Билікөл, Тамды сияқты көлдері болған, тауларын арқар мен тауешкі, қоңыр аю, даласын қасқыр,қоян,түлкі,киік, ақбөкен, құлан, қарақұйрық,құндыз, қабан жайлаған,кекілік, бұлдырық, бүркіт,тұрымтай,күйкентай, үкі, жапалақ, ителгі, дуадақ, қырғауыл, қасқалдақ сияқты киелі аң-құстар мекендеген.

Бұл өлкенің асты да ,үсті де пайдалы қазбаларға бай. Бұл өңірде әлемдік маңызы бар фосфор, гранит, мәрмәр, қорғасын, уран, алтын, халцедон, карбид, әк, минералды су сияқты пайдалы қазбалардың мол есепсіз қоры бар.

Осынша байлығы бар жерді найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен, білектің күшімен, өткір сөздің құдіретімен Төле би, Қолбасшы Қойгелді, Хангелді батыр, Қожық батыр, Ақша батыр, Өтеген батыр, Қырғызбай батыр, Қара батыр, Өмір батырлардың, Байзақ және Батырбек датқалардың, Шахан, Жанпоз, Бұралқы, Қоқанбай, Жұрынбай, Қаражігіт, Көсеген билердің, Керімбай болыс, Мамыр, Құлсерік старшындар, Жиенқұл, Егемберді, Үсіп, Баймұрат қажылар сияқты осы елдің тұрғындарының ата-бабалары жанкештілікпен тастап кетті.

Қарт Қаратаудың баурайында орналасқан бұл ел “Ақтабанды шұбырынды, алқакөл сұламаның”барлық зұлматын өз басынан кешкен. Бесіктегі баласын әлдилеген аналарымыздың:

“Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен,

Екі көзге мөлтілдеп жас келеді”-деп

Қожаберген жыраудың “Елім-ай” дастанын айтып отырғанын естіп өскенбіз.

Осы өлкенің Ұзынбұлақ өңіріндегі шайқаста мүйізді Өтеген батырдың Қалмақтың зеңгесін жекпе-екте өлтіргенін, осы соғыста Қойгелдінің қол бастағанын, Қожық батырдың

Қазақың Көк Байрағын қисайтпай, зор ерлік көрсеткенін және Ақша батырдың ерлікпен қаза болғанын, “атасы бөлек аттан түс,атасы бір атқа мін”-деп Қойгелді батырдың өз баласы Қарабатырды аттан түсіріп, інісі Ақша батырды алып кеткенін шежіре ақсақалдарымыздан талай-талай естігенбіз.

Бұл өлкеде Қотырбұлақ, Тамды, Біләл, Арбатас, Жарғантас, Шоғайдар сияқты және басқа да 7 әулие қонған жерлер мен зиярат қылатын орындар, көптеген мешіттер болған. Соңғы 3-4 жылдың өзінен Тамды әулие бұлағы қасынан кәсіпкер, Тамды ауылының азаматы Ш.Кемелбековтың бастамасымен Тамды мешіті соғылды, суын Тамды ауылы тұрғындары пайдалануына байланысты мемлекеттік қаржыдан және кәсіпкерлердің қаржысынан әулие басына келіп кетушілердің демалуы және зиярат етуі үшін Қотырбұлақ бұлағы қоршалды, көгеріштендірілді, 5 шақырым жерден желі тартылып  жарыктандырылды, әулиелердің басына көркем мазар соғылды. Бір сөзбен айтқанда, Тамды әулие мен Қотырбұлақ әулие бұлақтары мәдени ескерткіштерге айналды.

Бірнеше кісілер Самарқанд және Бұқара медреселерінде білім алып, Меккеге қажылыққа барып қайтқан. Бұл елдің ата-бабаларының кейбірі екі дүниенің есігі болған, Түркістан қаласындағы Ходжа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген. Бабаларымыз Бұралқы би мен Баймұрат қажы қасиетті Мекке жерінде жатыр. Осылардың ішінен Бұхара медрессесінде білім алып, ғұлама дамолла атанған, қарадан шығып, Тамды ауылында өткен ғасырда өмір сүрген Қыпшақ Қалықұл молланы айтсақ та жеткілікті. Бұқара медресесін бітіріп, Меккеге екі рет қажылыққа барған хазірет Қойгелдінің, әрі қолбасшы батыр ретінде ауылдағы мектепке аты беріліп, 1992 жылы осы мектептің ауласына, оның мүсіні орнатылады. Қазір бұл мүсін-ескерткіш еліміздің ұлттық қорына еніп, оқушылардың, жастардың тағзым ететін орнына айналды.

Енді ауылдың жаңа тарихына тоқталсақ, өткен ғасырдың 20- жылдарының аяғында,кеңес дәуірінің басында осы өлкеде алғаш рет Тамды артелі, кейінен Тамды, Ақшұқыр, Жаңаөткел, Жалтөбе, Молотов ұжымшарлары құрылған, кейінен олар Тамды кеңшарына бірігіп, Шолақтау кеңшарына,одан кейін Қойгелді агробірлестігі мен өндірістік кооперативіне өзгерген, бүгінгі күнде бұл өңірде 100-ге тарта шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер табысты жұмыс істеуде. Бұл шаруашылықтар дәуірдің әр мезгіліне мал шаруашылығы, мал бордақылау, көкөніс-сүт өндіру шаруашылықтарымен айналысып келген. Нақ осы кездерде ауыл тұрғындарының жанкештілік еңбегінің арқасында бұл шаруашылық дүркін-дүркін жоғарғы корсеткіштерге қол жеткізіп, одаққа танымал іргелі шаруашылыққа айналған. Облыстағы 800 басқа арналған 5 сүт комплексінің біреуі осында салынған. Талас, Сарысу аудандарына арналған көкөніс тұздау цехы, жемшөп өңдеу цехы,гараж, шеберхана, екі жылыжай, диірмен осы ауылда пайдалануға берілген.

Өткен ғасырдың  80- жылдары Шолақтау кеңшары іргелі, көп салалы егіншілік және мал шаруашылығы ғылыми өнеркәсіптік негізде өркендеген шаруашылыққа айналды.

Мал басы еселей өсіп, қой-ешкі 50000, ірі қара 3600 дейін жетті. Көпсалалы шаруашылықта 800 ден аса адам жұмыспен қамтылды. Суармалы жерлер өңделіп, суландыру нысандары салынып, жердің құнарлылығы арттырылды,оның көлемі 1123гектарға дейін жетті. Су мәселесі, техника, тыңайтқыштар, кадр мәселесі түбірімен шешілді. Ауданға берілген көкөніс өндіру жоспары тек осы шаруашылықтың есебінен асыра орындалып отырылды. Көкөніс өндіру 2800 тоннаға, оның мемлекетке өткізетіні 2300 тоннаға, бақша 120 тоннаға жеткен. Шаруашылық аудан бойынша сүттің 80пайызын өндіріп, мемлекетке жылына 1100т.сүт, 420т.ет өткізіп отырған. Мал тұқымдарын асылдандыру осы  шаруашылықта қолға алынып, ауданның, облыстың басқа шаруашылығына үлгі болған. Сүт кешенінде облыстық, республикалық семинар, кеңестер өткізіліп тұрған.

Шолақтау совхозының этикеткасы жапсырылған тұздалған көкөніс, томат шырындары, Одақ көлеміндегі сауда орындарының сөрелерінде тұрақты орын алды. Жылыжайдағы көкөніс өнімдері аудан, облыс, республика көлемінде жылдың барлық мезгілінде тұтынушыларға ұсынылып отырылды.

Кеңес дәуірінде 1000-нан аса ауыл  тұрғындарының ерен ерлік еңбегімен көзге түскен азаматтары мемлекеттік еңбек және әскери наградаларға ие болды. Республикаға әр сала бойынша еңбегі сіңген шеберлер атанды. Бір академик, екі ғылым докторы, бірнеше профессорлар мен ғылым кандидаттары, бір халықаралық журналист өсіп шықты. Бір Тамды ауылынан 2 инженер Қазақстанның құрметті құрылысшысы атағын алған, Тамды аулының төл перзенті Д. Молдағалиев  қазақша күрестен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды.

Көптеген жоғарғы білімді мұғалімдер, дәрігерлер, мал мамандары, инженерлер, өнер , мәдениет мамандары , екі парламент,екі облыстық мәслихат, бір аудандық мәслихаттың депутаттары, үш мемлекет қайраткері, жеті облыс, аудан басшылары, ос ауылдан өсіп шықты. Жерлестеріміз Шәріп Омаров КПСС Орталық Комитетінің инспекторы, бірнеше шақырылымдағы ҚР Парламентінің депутаты, Әмзебек Жолшыбеков бұл кісі де бірнеше шақырылымдағы ҚР парламентінің депутаты бірінші рет ауданның өз түлектері ішінен Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды, кейіннен Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысына көтерілді, Меркі ауданының әкімі болды. Нәмілбек Кемелбеков облыстық ауылшаруашылығы басқармасының  бастығы, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ауыл шаруашылық қызметкері лауазымдары мен атағына ие болған. Мейманханұлы Әбдірахманов (марқұм) Жуалы аудандық, Мұрат Құлташев (марқұм) Жамбыл аудандық партия комитеттерінің хатшылары болды. Байділда Нұрбаев (марқұм), Айгул Құлахметова, Сламбек Тілегени Талас аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейіннен аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Ауыл азаматтары 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан Соғысының алғы шебінде де, тылда да, жанқиярлық ерлік көрсетті. Бірнеше жыл ауданды басқарған Әбілхайыр Сатыбалдиннің айтуынша майданға сол кезде аудан бойынша ең көп аттанған Тамды ауылының жігіттері екен. Бұлардың ұрпақтары кейінгі ауған соғысында да , міндетті әскери қызметте де жақсы жағынан көрініп отырды. Мәселен, Қойгелді орта мектебінің түлегі Бишаев Еркебұлан әскери борышын өтеу кезінде ерекше ерлік көрсеткені үшін ауданда тұңғыш рет «Айбын» орденімен наградталды.

Ғасырдың аяғында аймақтың өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы түбірімен өзгерді. Осы кезеңде жаңа үлгі жобадағы 824 оқушыға арналған орта мектеп, аудандағы алғашқы типтік дәрігерлік амбулатория, 90 орындық бала-бақшасы, ішкі және сыртқы су жүйесі іске қосылды. Қаратау – Тамды, Ақкөл – Тамды тас жолдары толығыменен асфальтталды.

Ауыл аймағы көлемінде мал шаруашылығын дамытуда, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде, әлеуметтік салада қол жеткен табыстарға іскер басшылар  мен еңбек адамдарының, сондай-ақ кәсіпкерлердің қосқан үлестері мол. Олардың аттарын түгел айтып немесе жазып шығу мүмкін емес. Сонда да соңғы жарты ғасырдағы жекелеген азаматтардың атын атасақ артық болмас еді. Олар: Социалистік Еңбек Ері Ә.Бекболатов, СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қ. Жатқанбаев, шаруашылық, мекеме басшылары, ауылсовет төрағалары, партком хатшылары мен қарапайым еңбек адамдары Ж. Кәріпбаев, Ү.Көбесов, Қ.Көбеев, Ә.Әлімбеков, Ә.Бозымбаев, Қ. Нұрлыбеков, Ә.Қазанғапов, Б.Жолдасов, О. Кеншімов, Д.Ерінбетов, И.Әбділдаев, Б.Тәукебаев, Р.Мойнақбаев, С.Омаров, Б. Әбдірахманов, Ә. Әбдіқұлов, С. Тоқбергенов, К. Құралбаев, Р. Жолшыбеков, Б. Жұмағұлов, С. Төрешов, Е. Тілесов, Ж. Қартабаев, Б. Тұтқышбаев, А. Базарбаев, А. Пірәлиев, С. Дауылбаев, Пак П, Л., С. Шалғынбаев, М. Тілепбергенов, Б. Жұбаев, Меркібай Тілегенов, Ш. Әбділдаев, Ә. Байзатов, Шәйкүл Құралбаева, М. Қылышбеков, М. Төреқұлов, Р.Аетов, Ұ. Тоқбергенова, З. Бекұзақова, К. Батырқұлова, Ә.Әлімқұлов, үй шебері  Ақылбек, ер-тұрман мен ат әбзелін жасау шебері Имаш, дүкенші-зергер Баймаш, Дәуітқұл, Әбдіқұл жыраулар,атбегі, құсбегі, саятшылар Байқоңыр, Жүзбай, Әлімбай, Бимен, Төлебай, Келгенбай … сынды азаматтар. Ауылдағы 4 көшенің аттары мәңгі есте қалдыру үшін, осы елдің абзал азаматтары Ә.Бекболатов, Ш. Әбілдаев, М. Тілепбергенов және Б. Жұбаевтарға берілді.

Бұл Тамды ауыл аймағынан кезінде Қасқабұлақ елді мекені, тың игеру жылдарында Марын саз егістік алқабы, Қаратау кеңшарының иелігіне, алдында Шолақтау кенті, кейінен Қаратау атанған қала, Көктал кенті бөлініп шыққан, Ақкөл, Ильич атындағы кеңшарларына жер бөлініп, енші берілді. Өткен ғасырдағы коллективтендіру кезінде ашылған аудандағы жалғыз Ақшұқыр орта мектебі 1944 жылы осы ауылдан Шолақтау кентіне Карл Маркс атындағы орта мектеп болып көшірілді. Кезінде республикаға, облысқа, ауданға белгілі болған аптал азаматтар Сейілбек Әбдиев, Әнуарбек Тәжімбетов, Шона Смаханұлы, Әбілхайыр Сатыбалдин, Сәпи Қыдыралиевтер және т.б осы Тамды ауылындағы орта мектепті бітіріп, дәріс алғандар.

Қаратау қаласының көркеюіне қатысты Тамды ауылының бірқатар азаматтарының аты, бабаларымыздың аты: яғни Тамды әулиенің, Бәйдібек атаның, Домалақ ананың, Төле бидің, Қойгелді батырдың, Рысбек батырдың, Ерген Өміровтың, Құттыбай Жатқанбаевтың, Әбілсейіт Байзатовтың, Медербек Есжановтың, Құлсерік пен Нұрмағанбеттің аттары қаланың ең әсем көшелеріне беріліп, олардың аттары мәңгілікке қалдырылды. Енді «Молодежный» кенішінің атын сол кеніш орналасқан сайда ұзақ жылдар өмір сүріп, Тамды ауылының байырғы тұрғындарына сүйеу болған алғашқы барлаушыларға, фосфор кенін беріп, кеніштін ашылуына жол көрсеткен Медеу байдың  аты берілсе құба-құп болар еді.

Ал, Қаратау қаласы 30 жылдың ішінде гүлденіп, көркейіп, сәулеттеніп 50 мың халқы бар шаһарға айналып,одаққа белгілі болды.

Бірақ, бұл мәселенің Одақ кезіндегі және өтпелі кезендегі нақты жағдайымен салыстырғанда тек күнгей жағы. Яғни, шаруашылық қызыл империя кезінде болашаққа мән бермей тек бір жақты өндіріспен, жоспар қуумен айналысып келген. Әлеуметтік мәселелері, халықтың әл-ауқатын қөтеру мәселелері әсіресе экологиалық мәселелер назардан мүлдем тыс қалған десе де болады.

Кезінде ауылдың бет-бейнесінің, тұрмысының төмендеуін ауыл азаматтары, сыртта жүрген азаматтары орталық билік органдарына дүркін-дүркін хаттар жолдап, орынды ұсыныс-пікірлерін білдірген. Бірақ олардың жан айқайына сол кездегі тоталитарлық басқару механизмі, солақай саясат, жалаң әкімгершілік билік ешқандай мән бермеген.Нәтижесінде өткен  ғасырдың екінші жартысында Тамды ауылының көлемінде орналасқан шаруашылық ыдырай бастады десек артық айтқан болмас едік. Ең бірінші шаруашылықтың шұрайлы, қазыналы жерлері басқа шаруашылықтарға беріле бастады. Жері шұрайлы, сулы, емдік суы мен батпағы бар Күйгенкөл, Ұзынбұлақ, үңгірінде алғашқы адам мекендеген  Бөріқазған, Қарадегерез жайылымдықтары қазіргі Көктал акционерлік қоғамына, Кемер, Тәңірқазған, Шақантай жайылымдықтары Ақкөл кеншарына, тың игеруге  байланысты Қасқабұлақ, Марынсазы егістік жерлері Қаратау кеншарына, бағалы мәрмәр тасы мол орналасқан ПОДХОЗ учаскісі халқымен қоса  Қаратау қаласына ауыл тұрғындарының келісімінсіз, тек бір адамның шешімімен беріліп  кетті.Тіпті қазіргі Қаратау қаласы мен Көктал ауылы, жоғарыда айтқанымыздай осы ауылдан енші алып бөлініп шыққан. Сөйтіп Тамды ауылдық округінің жалпы көлемі 2 есеге дейін кеміп, 24230 гектарга түскен.

Шаруашылықтың жоспарын орындауға жылма-жыл 17 млн текше метр су пайдаланылып отырылса да, ешқандай су берілмеуінен ауыл тұрғындарының үй іргесіндегі жер телімдері мүлдем пайдаланылмай, сүренсіз күйге айналды,микроклиматы нашарлады. Қаратау қаласындағы өндірістік орындарының, әсіресе химия өнеркәсібінің зиянды қалдықтарын ауыл көлеміне ашық тастау әдетке айналдырылды, ауылдың экологиялық жағдайы күрт төмендеп кетті.

Шаруашылық жүргізудегі сауатсыздық, яғни шаруашылықтың табиғи-әлеуетін, халықтың  кәсіби деңгейін терең зерттемей, оның біресе егін және мал шаруашылығымен, біресе тек мал бордақылау, біресе көкөніс өндіру, біресе сүт өндіру мәселелермен айналысуы шаруашылықтың өзінің, ауылдың әлеуметтік экономикасының дамуына кері әсерін тигізді.Шаруашылықтың есебіндегі 1123 гектар суармалы жерге осы кезеңдерде   минералды тыңайтқыштар бей-берекет, жөн-жосықсыз пайдаланылып, қайта өнделмей, топырақтың химиялық құрамының сапасы мүлдем нашарлауына, егістік жерлердің сапасы мен құнарлығының төмендеуіне жол берілді. Тіпті, 253 гектар жер жарамсыз күйге ұшыраған. Ол кезде шаруашылық  басшылары тек жоғары өнім алу үшін жұмыс істеген, болашақ қамын ойламаған. Күрделі қаржы бөлуде де әділетсіздік орын алды. Аудандағы 12 шаруашылықтың бірде-бір көшесі асфальттанбаған шаруашылық осы Шолақтау кеңшары болды. Кадр іріктеу жұмыстарында төзгісіз жағдайларға жол берілді, жергілікті кадрлар жауапты қызметтерге қойылмады.Кеңшар басшысы түгіл, селсовет хатшысының өзі сырттан әкеленді. Айдын күні аманында ауыл елеусіз қалған,қиянат көрген ауыл болды.

Одақ кезінде шаруашылықтың жоспарлы-зиянды болғанын, одақ тарағаннан кейін мемлекет тарапынан берілетін түрлі дотациялар мен субвенциялардың күрт тоқтауы, оның үстіне жекешелендіру кезінде жіберілген олқылықтар, жылдар бойы жинақталып, қазіргі есеп бойынша милиардтарған теңгеге жеткен энергия көздеріне, суға, бюджеттік төлемдерге, айлыққа, зейнетақы қорына қарыздарды Шолақтау кеңшарының мұрагеріне айналған Қолбасшы Қойгелді батыр атындағы (1991 жылы ) өндірістік кооперативінің өзі өтеуі салдарынан шаруашылықтың қорларының таусылуына, жерден басқа байлықтың қалмауына әкеп соқты.

Ауыл қатты күйзеліске ұшырады. Кооператив өз күшімен тығырықтан шыға алмады. Жаңадан енші алған 49 шаруа қожалығы түгелдей аяғынан тік тұрып кеткен жоқ.  Жаңадан аяқ басып келе жатқан кәсіпкерлердің жұмысы басталмай жатып тоқтап қалды, бірнеше ғимараттар бұзылып кетті. Ауыз су жүйесін, мектепті, әсіресе бюджеттік мекемелерді жаңа үлгі жобада соғылған 3 қабатты мектепті ауылдың дәрігерлік амбулаторияны, клубты шұғыл түрде күрделі жөндеу мәселесі туындады. Электр энергиясы үзіліспен беріле бастады, тұрғындардың ауылдан жаппай көшуі белең алды. Сұңғыла қариялардың айтуына және жекеленген мұрағат құжаттарына қарағанда осы өңірде 1916 жылы қазақтан солдат алу науқаны кезінде 600 түтін 3000-дай халық болған екен, ал 1939 жылы 1754,1979 жылы 2610,1989 жылы 2190 халық, 410 үй болған, қазір ауылда небәрі 268 үй, 1574 тұрғын бар. 1997-2002 жылдары ауылдан 100-ден аса  жанұя көшіп кетті.

Ауылдағы су тапшылығының, апатты экологиялық жағдайының әсерінен ауыл тұрғындарының арасында жүйке, қан тамыр, жүрек,өкпе құрты, без аурулары өсіп кетті, келер ұрпаққа қауіп төнді, бала туу азайды.

Қойгелді өндірістік кооперативінің, шаруалардың, кәсіпкерлердің күйзеліске ұшырауына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының күрт төмендеуіне, ауа райының осы өлкеге тән күрт құбылмалылығы мен  бірнеше жыл қайталанған құрғақшылығы, сондай-ақ Қаратау қаласының өндіріс орындарынын  тоқтауы, қаланың күре тамыры болып, өнеркәсіпті, жылу жүйелері мен орталық қазандықты, жалпы тұрғындарды сумен қамтамасыз ететін Талас Аса  су көзі мен Майтөбе су жүйесінің тоқтап қалуыда қатты әсер етті. Бұл екі жүйенін шығындарын, әсіресе электр қуатының шығындарын өтеуге Қаратау қаласының, кейін аудан  бюджетінң шамасы келмеді. Бюджетті шешуге қала мен ауданды біріктіру саясаты да ешқандай әсер етпеді. Қаланың орталық қазандығының жылу жүйесіне суды өндірістік мақсатқа емес, тек ауыл шаруашылығы мақсатына жаратылуға тиісті суы аз, шілдеде кеуіп қалатын, су қоры жауын-шашынға тәуелді Тамды өзенінен алып, бұл өзеннен Тамды ауылының су қоймаларына су жетпей қалуы және оның жылма-жыл қайталанылуы әдетке айналды. Ауылдағы 1123 гектар суармалы жердің пайдалануы 350 гектарға дейін төмендеді. Судың тапшылығынан 1000 гектар суармалы шабындық (лиман ) жарамсыз күйге ұшырады. Қаржының жоқтығынан Билікөл көлінен тартылған типті темірбетон су жүйесі толығымен істен шықты. Ағын су тек Тамды өзені арқылы толтырылатын Жартас, Мыңшұғыр, Алтынбек және Тамды әуітінен алынатын жағдай туды, яғни бұл әуіттерді толтыру және суды алты айға, бүкіл суғару мерзіміне жеткізу күрделене түсті. Жерді табыс көзі деп есептейтін, сондай ақ негізінде көкөніспен айналысатын егіншілер, кәсіпкерлер суармалы жерге деген, суға деген  толыққанды өнім алуға деген сенімдерін жоғалтты. Қалыптасқан жағдай, су қоймалары мен су жүйелерінің, ондағы гидротехникалық ғимараттардың жарамсыз күйге ұшырауы, оларды жөндеуге жана ғана  тәй-тәй тұрып келе жатқан шаруа қожалықтардың шамасының келмеуі, елдің психикасына кері әсер етті.

Ал ауылдағы мал шаруашылығының жайы мүлде төзгісіз жағдайға душар болды. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан кейін қызыл  империаның ауылда жүргізген жосықсыз ауыл шаруашылығындағы реформалар, жоспарлы экономикадан, нарық экономикасына көшу кезіндегі қылмысқа бергісіз жөнсіздіктер, қазақ отбасының негізгі табысы болып табылатын мал шаруашылығының дамуына үлкен тосқауыл болды. Қазақ ықылым заманан бері малды күнкөріс көзі ретінде де, өндірі күші ретінде де, мәдениет, сауық–сайран, салт–дәстүр нысаны ретінде де жоғары бағалап, Ойсыл қараға, Қамбар атаға, Зеңгі бабаға, Шопан атаға сиынған. Тал бесікте бөбектерін әлдилегенде, «ботам», «құлыным», «қоңыр қозым» деп айналып толғып өздерінің ұрпаққа деген аналық махаббаттарын, сезімдерін білдірген. Бабаларымыз амандасқанда мал-жан аман ба деп ең бірінші малдың саулығын сұраған. Әрбір рудың қуаттылығы мен әлеуметшілігі малмен есептелген. Қазақ үшін қай заманда болса да ақша айналымы, қайсібір тауардың, қызметтің, жұмыстың құны малмен өлшенген. Мал тек шаруашылықтың емес, нарық экономикасының, кәсіпкерліктің негізі болған. «Сойып жейтін еті жоқ, сауып ішер сүті жоқ, қырқып алар жүні жоқ, ақша деген мал шығыпты, енді күніміз не болады» деп орыс ақшасы айналымға келгенде бабаларымыз күңіренген екен. Бұл пікір біздің бабаларымыздың рыноктағы сауатсыздығы емес, көрегендігі. «Есектің құйрығын жусаңда мал тап» деген хәкім Абайдың сөзі, оның мал емес қаржы жина дегені емес пе! «Малым жаным пидасы, жаным арым пидасы» деген қанатты сөзде қазақтың тектілігін білдіремей ме?

Өткен ғасырда «Асыра сілтеушілік болмасын, ашы тұяқ қылмасын» деп күштеп коллективтендіру кезінде малдан айырылған қазақтың қандай зұлматқа душар болғанын жақсы білеміз ғой…

Енді, Тамды ауылының, оның байырғы тұрғындарының ХХ ғасырдың екінші жартысында биліктің солақай саясатының арқасында төр түлік малының құрдымға кету тарихына тоқталайын.

Жоғарыда айтқанымдай өткен ғасырдың ортасында ауыл көлеміндегі 5 колхаз бірігіп, Тамды қой совхазы құрылғанда колхозшылардың тірнектеп жинаған малы еселей өсіп, әсіресе қой-ешкі саны 48,0 мыңға дейін жеткен. Дәл осы кезеңде қой шаруашылғының майталманы Ә.Бекболатов Одақтағы атақтың ең жоғарғысы Социалистік Еңбек Ері атағын алды, Ленин орденімен марапатталды. Ол кезден осы уақытқа дейін шаруашылық қанша ма рет «жаңашаландырылсада», «интенсивтендірілседе» бір де бір азамат ауылдан бұндай жоғары атаққа ие болған емес. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген қағиданы басшылыққ алып, сондай-ақ сол кездегі ауылдағы жер жағдайының, жайылымдығы мен  шабындығы көлемінің, суат пен су көздерінің, жалпы ауыл көлемінде мал ұстауға шұрайлы жерлердің молдығына байланысты ауыл тұрғындары Тамды совхозын қой шарушылығымен   айналысуды дұрыс деп тапты. Алғашқы жылдары шаруашылық табысты жұмыс істей бастады, совхоздың емес жеке сектордағы мал саны өз төлі есебінен өсе бастады. Халықтың тұрмысы жақсара түсті. Бірақ бұл оңды өзгерістер ұзаққа созылған жоқ.

Ауыл тұрғындарымен, мамандармен есептеспей, жоғарғы биліктің асыра сілтеуінің арқасында Тамды қой совхозы, бір мезетте Тамды мал бордақылау совхозына айналдырылды да жіберілді. Алдымен совхоздың егелігіндегі 48,0 мыңнан аса қой-ешкі ауданның басқа шаруашылықтарына өтеусіз, қайтарылымсыз беріліп жіберілді. Осы мақалада атап өткеніміздей елдің келісімінсіз жайылымдық жердің ең шұрайлы бөліктері Жуалы ауданына, ауданның басқа шаруашылықтарына беріліп кетті. Совхозда қажетті жем–шөп  базасының болмауынан, мал бордақылау, мемлекетке сапалы ет сату процесі күрделі жағдайда жүргізілді. Шаруашылықтың ауылшарушылығының тек мал бордақылау саласымен айналысуы табыс әкелмей, оның зиянға белшесінен батуына әкеп соқты. Мал негізінен басқа шарушылықтардан, жеке сектордан дайындалатындықтан мал өткізушулер дайындауға тек арық, көтерем, кәрі малды беруге және өткізуге барынша тырысып бақты. Себебі қай кезде болса да нарық заңы солай. Социалистік қоғамның барлық қағидаларын жоққа шығарып жүрген кейбір саясатшылар айтып жүргендей ол кезде де нарық экономикасы толық бұғақталған жоқ. Тауар өндірушілердің ғасырлар бойы қалыптасқан жолмен жүруіне мүмкіндік болып тұрды.

Сырттан әкелінген жарамды, жарамсыз малды семіртуге, бордақылауға кеткен шығын оның құнынан асып кетті. Жоспарлы экономика қанша іс-қимыл жасаса да, нарық өз қағидасын жүзеге асыруды. Мал бордақылау совхозы бірнеше жылдың ішінде тұрақты зиянды, залалды, шаруашылыққа айналды. Ауыл тұрғындарының тұрмысы күрт төмендеп кетті. Елде тәртіпсіздік, қылмыс көбейді, совхоздың басшылары, мамандары, ферма меңгерушілерінен бастап қатардағы малшыларға дейін қаралап сотталып кету фактілеріне жол берілді.

Халықтың жағдайының нашарлауына, ауылда келеңсіз жағдайдың орын алуына осы кезеңде жүргізілген еліміздің әрбір отбасыларының ауласында мал ұстаудың шектелуі (10 қой-ешкі төлімен, сиыр төлімен, ірі қара), әрі мал басына мемлекеттік салықтың енгізілуі, бұдан басқа әр жанұяға осы аз малдың өзінен міндетті мемлекетке ет өткізу, сүт өткізу жоспарларының енгізілуі  саясаты да кері әсерін тигізді. Сол кездегі билік өткен ғасырдың 30 жылдардағы коллективтендіру кезінде байлардың малы қалай конфискелінсе, ауыл тұрғындарының артық малдарын шындығын айтсақ солай тартып алды. «Маленков берген байталды, Хрушев келіп қайта алды» деген сөз осы кезден қалған. Бұл сөз халықтың үрейін, қорқынышын, өкінішін күйзелісін ең соңында, қазақтың болмысын білдіретін сөз еді.

ХХ ғасырдың 60-шы жылының  ортасында ауылымызға екінші эксперимент жүргізіліп ауыл тұрғындарының тағыда пікірімен есептеспей, менталитеті ескерілмей, аймақ көлемдегі су көздері мен егістікке жарамды жерлер өз дәрежесінде зерттелмей Тамды мал бордақылау совхозы Шолақтау көкөніс совхозына өзгертіліп, оның ведомствалық бағыныстылығы ҚР Ауылшаруашылығы Министірлігінен Одақтың, Жеміс-жидек – көкеніс министірлігіне берілді. Енді, Мәскеуден, министірліктен қандай да бір бағыт-бағдар алу, қандай да бір доатация, субвенця сияқты көмектер алу қиындап кетті. Облыстың, ауданның құзырлы органдары білгендерін істеді. Ауданның 11 шаруашылығының 10-ның негізгі саласы қой шаруашылығы, яғни табысты сала болды да, тек біздің совхоз көкөніс совхозы еді, оның өзі жоспарлы зиянды шаруашылық болды. Аудан бойынша барлық көкөніс өндіру жөніндегі жоспар біздің шаруашылыққа берілді. Бірақ жеке сектордан ет, сүт дайындау алынып тасталған жоқ.Мал тек совхоздың өзіндік қажеттерін өтеуге, таратып айтқанда жылқы мініс аты үшін, сиыр мен қой – ешкі совхоздың науқанды жұмысшылары үшін тамақ дайындауға өсірілді. Жерден тиісті өнім алынбағандықтан, жоспар қуу осыдан басталды.

Совхоздың азғантай жерінің шұрайлы жайылымдық пен шабындық жерлері жыртылып, егістік жерлерге айналып кетті. Мал шаруашылығын дамыту, әсіресе қой шаруашылығын дамыту тегеурінді қыспақтың арқасында совхозда да, Жеке секторда да елеусіз қалды. Тіпті, жеке меншіктегі қой – ешкі саны 90-шы жылдардың ортасына  дейін 4000 бастан асқан емес.

Бұл құрылған  жаңа құрылымда ауылға табыс әкелген жоқ. Құйылған қаржы өндіріс нысандарына, жерге өңдеуге беріліп, жер – ананың нәрі өнім ретінде сығылып алып сыртқа кетіп жатты. Жерге айналымдағы және негізгі қорларға, өндіріске, басшылық қызметтерге біз еге бола алмадық.  Жақсы жерде, бірінші кезектегі суда, сапалы тұқым мен өнім де, артық өнімнің пайдасы да совхозға, немесе әлеуметтік салаға емес тек соларға тиесілі болды. Ауылдың байырғы тұрғындары тек қосалқы шаруашылықтармен айналысты, олар өз жерінде тұрып өз жеріне еге бола аламады. Шаруашылық басшыларының ауылға, халыққа жасаған үлкен қиянаты жоспар орындау мақсатында ХІХ ғасырда бабалар соққан Тамды әуітінен, сол бабалар орналастырған Тамды ауылының тұрғындарының үй іргесіндегі учаскесіне ағын су беруге қатаң тиым салуы. Нәтижесінде 1965 жылдары көк желекке оралған ауыл не бәрі 4-5 жылда талдары қурап кеткен, есігінің алдындағы құдықтың суы тартылған іреңсіз, сүреңсіз мүсәпір ауылға айналды.

Сырттан келгендер біреудің жерін аясын ба, мол өнім алу үшін ойына келгендерін істеді, жер – анаға қиянат жасады, пайдаланған жердің топырағының құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру жөнінде ешқандай шаралар көрілмеді, жер рекултивациаланбады, ылғи ауыспалы егіспен айналысып келді, бер рет пияз егілген жер, екінші рет пайдаланылмады. Топырақтың құрамында радиацианың, нитраттың артып кетуге жол берілді. Бұл жағдай расын айтсақ 17 жыл бойы қайталанды. Біз сол жасалған озбырлықтың куәсі ретінде олар пайдалынылған жерден осы уақытқа дейін өнім ала алмаудамыз.

Әлеуметтік сала да назардан тыс калды. Шаруашылықтың табысты болмауынан денсаулық сақтау, білім беру, балалар, мәдениет мекемелерін соғуға, не қайта қалпына келтіруге, күрделі жөндеуден өткізуге мүмкіндік те болмады және совхоз басшысы да ынталы болмады. Жоғарыда айтқанымыздай ауылдың бір көшесі де асфальтанылмай калды.

1970 жылдың басында Қаратау қаласында химия өнеркәсібінің өркендеуіне және қала тұрғындарының қүрт өсуіне байланысты қаланы көкөніс, бақша өнімдерімен, сүтпен қамтамасыз ету мақсатында совхоз көкөніс пен сүт өндіруге маманданған шаруашылық ретінде қайта құрылды. Бұл экспериментте ауылға да, шаруашылыққа да, тұрғындарға да ешқандай пайда әкелген жоқ десе де болады. Бірақ, Қаратау қаласына Одақ ыдырағанға дейін өздері шығынға белшесінен батсада сапалы көкөніспен, ет, сүт өнімдерімен тұрақты қаматамасыз етіп тұрды. Себебі тоталитарлық талап осылай еді.

Экономикалық негіздемей құрылған шарушылықтың 3000-нан аса мүйізді ірі қараны асырап, жоспарлы сүт өндіріп мемлекетке сапалы өнімді өткізуді қамтамасыз ету қиынның-қиыны еді. Себебі, бұл ірі қараға қажетті шаруашылық иелігінде 30000 гектардан аса жайылымдық жерде, қажетті жем-шөп базасы да жоқ еді. Ауданның басқа шаруашылықтарына Қарағанды облысындағы Сарыарқа мал жайылымынан, Мойынқұм мал жайылымынан, Қаратау жонынан жайылымдық жерлер бөлініп берілсе, бұл мәселе біздің ауыл үшін шешімі табылмаған проблемаға айналды. Ғылыми өнеркәсіптік негізде жем – шөптің берік қорын жасаймыз деген тек утопия болып қалды. Аймақтың табиғатының ерекшелігі, ауа райының құбылмалылығы, құрғақшылық , әдетінде бірнеше жылға созылатын қуаңшылық, шілдеде кеуіп кететін жалғыз Тамды өзені суынан толтырылатын су қоймаларына бекітілген суармалы жерлерден, сондай-ақ басқа да шабындықтардан әзірленетін көп жылдық шөп, пішен, пішіндеме, жемдік дәнді дақылдардан тиісті өнім алынбай қажетті мал азығы дайындалмай қалатын. Бұндай кезеңде сүт өндіру емес қоғамдық малдың өз басын аман алып қалу мұңға айналатын. Болмаса қажетті жем шөп басқа шаруашылық пен аудандардан, тіпті басқа облыстардан дайындалып, бір литр сүттің құны бейнелеп айтсақ алтынға тең болатын.

Осы кезеңде мал азығын өнеркәсіптік негізде дайындау мақсатында едәуір жайылымдық жер тағы да егістік жерге айналдырылды. Сондай-ақ сүрлем мен сенаж дайындалынатын алқаптарға судың жетіспеуі Тамды өзенінен Қаратау қаласының тұрғындары мен өнеркәсіп орындарының көптеп су алуы да өз әсерін тигізбей қойған жоқ.

Қысқартып айтқанда, 1995 жылы Одақ ыдырап, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, кеңестік шаруашылықтар жаппай жекешелендірілген кезде Шолақтау совхозының мұрагері болған Қойгелді  өндірістік кооперативінің, жылдар бойы шоғырланған кредиторлық қарызы осы күнгі курспен есептесек 2,0 млрд теңгеден асып кеткен. Мұраға қалған техникалар тозған, негізгі қор нысандарының пайдалану мерзімі өтіп жарамсыз күйге ұшыраған. Кооперативтің меншігіндей айналмалы және негізгі қорларын түгел сатсақта жоғарыдағы қарыздан құтыла алмас едік. Мемлекетсіздендіру мен жекешелендіру кезінде кооператив мүшелері мен ауыл тұрғындардың жеке үлесіне тек жер тиді.

Мен, Тамды ауылымен осы аулдың тумасы ретінде, бұрынғы аудан  басшысының бірі ретінде, осы ауылдан сайланған аудандық советке депутат ретінде жанама байланыста болдым, 1995 жылдан осы уақытқа дейін Қойгелді өндірістік кооперативінің кейінен шаруа қожалығының төрағасы Тамды ауылдық округінің әкімі, 2013 жылы Президенттің Жарлығына сәйкес құрылған Тамды ауылдық округі қоғамдық қауымдастығының мүшесі ретінде Тамды ауылының тыныс-тіршілігі тікелей байланысты болып келемін.

Сонымен, Қойгелді өндірістік  кооперативі мүшелерінің, шаруа қожалығының, кәсіпкерлер мен бизнесмендердің, зиялы қауым мен ауылдан шыққан қалталы азаматтардың, қоғамдық ұйымдардың, әсіресе қоғамдық қауымдастықтың, ардагерлер мен жастардың, жалпы ауыл тұрғындарының алдында кооперативтің қарыздарынан құтылуға, құрылымды сақтай отырып,  қолда бар мүмкіндік мен резервтерді сарқа пайдаланып ауылдың әлеуметтік мәселелердің шешуге, кооперативтен бөлініп шыққан шару қожалықтарының  аяғынан тік тұрып кетуіне барынша  көмектесу, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға,жұмыс орындарын ашуға, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға жанды қолдау көрсету мәселелері тұрды. Бұл мәселелерді шешуде біз барынша байсалдылық, сергектік және ілкімділік таныттық. Ауыл көлеміндегі экономиканы оңалтуды, әлеуметтік мәселелерді шешудің кешенді іс-жоспары жасалып, ауыл тұрғындарның жалпы жиналысында мақұлданды. Барлық туындаған мәселелерді қоғамдаса отырып шешу келісілді.

Біз, іс-шараның әрбір тармағының орындалуына күш жігерімізді аямадық. «Тамды ауылым – алтын бесігім» атты акция өткіздік. Ауылдан шыққан ҚР Парламенті Мәжіліс депуттарына, облыстық, аудандық маслихаттың депутаттарына, лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге, ғалымдарға, ірі кәсіпкерлерге акцияға байланысты ауылды көтеруге ықпал ету жөнінде ауылдың бір топ жастары Үндеу жолдады. Республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық«Ақжол», «Знамя труда», «Арай» және аудандық «Талас тынысы» газеттерінің беттерінде ауқымды проблеманың мақалалар – жарияланды.

ҚР парламентінің бірнеше шақырылымындағы Мәжілісінің депутаттары Ш.Омаровқа, Ә.Жолшыбековке, Жамбыл облысының әкімдері Ө.Байгелді, А.Тшанов, С.Қалмырзаев, С.Үмбетов, Б.Жексенбин және Қ.Бозымбаевтарға ауылдың экономикалық, әлеуметтік инженерлік инфрақұрылымын дамыту және экологиалық мәселелер туралы ауыл тұрғындары атынан ұсыныс хаттар жолданды. Облыс әкімдерінің тапсырмасы бойынша ауылдың жағдайы зертелінді, ұсыныста қойылған мәселердің көпшілігі оң шешімін тапты.

Қойгелді өндірістік кооперативі кооператив  мүшелері мен қоғамдық ұйымдардың, ауыл тұрғындарының жалпы жиналыстарының шешімдеріне сай ауылдағы күрделі мәселелерді шешу мақсатында тікелей облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдармен, өнеркәсіп, энергетика және құрылыс алпауыттары «Қаратау», «Металконструкция», «Алаугаз», «ЖРЭК», «ПМК-109», «Қаратау ПТВСК» акционерлік қоғамдарымен жалпы 16 ірі кәсіпорындармен келісім шарттар жасасты. Келісім шарттарға сәйкес жалпы құны 110,0 млн теңге ге мәміле жасалды.Одақ кезінде жүзеге аспаған елдің арманы болған орасан жұмыстар жүзеге асырылды. Кооператив банкроттық жағдайдан шықты, бір гектарда жер сыртқа кетпей жер телімдері түгелдей ауыл тұрғындарына таратылып берілді. Ауыл округі көлеміндегі Тамды, Жартас, Мыңшұңқыр  және Алтынбек су қоймалары өздеріне қайтарылып берілді. Бұрын орын алған жаппай миграция тоқтады. Осындай өтпелі аласапыран кезде елге, жұртқа, жерге, суға еге болып қалу жеңіспен пара пар еді. Әулие Тамды ауылының тұрғындары қоғамдаса отырып солай істеді.

Дәл осы қиын-қыстау кезеңде мемлекеттен, не облыстық, не ауданнық бюджеттен қәзіргі кездегідей, бір теңгедей қаржы шығарылмай Қаратау  қаласынан 7,069  шақырым жоғары қысымдағы, 2,168 шақырым орта қысымдағы, барлық 7,627 шақырым төменгі қысымдағы барлығы қазіргі бағамен шыққанда құны 400,0 млн тенге есептелетін       16,864 шақырым газ жүйесі тартылды Қолбасшы  Қойгелді батыр атындағы орта мектепке 60,0 млн теңгеге  орта қысыдағы газ жүйесі жеткізіліп, шетелдік, яғни «Түркиядан алманиялық» «Волкан – 100» қазандық әкелініп орнатылды, сөйтіп мектеп толығымен газ отынымен жылытылды. 2 млн теңгеге ауылдың дәрігерлік амбулатория, 500,0 мың теңгеге  ауылдың округі әкімшілік үйі газ отынына көшірілді. Қазіргі бағамен есептегенде тұрғындардан 40,0 млн теңге шамасында қаржы жиналып 220 тұрғын үй газ отынына көшірілді, аз қамтамасыз етілген 10 жанұяға  кәсіпкерлердің демеушілігімен газ жүйесі тегін орнатылды. Қайталап айтамын осындай атқарылған қыруар жұмысқа мемлекеттік бюджеттен  қаржы сұралған да, жұмсалған да жоқ. Талас ауданында газ отынын сол экономикалық күйзеліс кезеңде ең бірінші  пайдаланған жалғыз ауыл – Тамды ауылы.    Бұл – аңызға бергісіз ақиқат.

Ауыл кәсіпкерлерінің қаржысы есебінен 11,0 млн теңгеге арнайы жоба сметалық құжаттар әзірленіп мамандандырылған құрылыс акционерлік қоғамның күшімен ұзындығы 3,5 шақырым Бертан каналы қыс мерзімінде небәрі 6 айда соғылып елдің игілігіне ұсынылды. Осы құрылыс кезінде 6000 м3 тау-тас талқандатылды, екі  шақырым жерге бетон  науа (лоток) монтаждалды. Сөйтіп 30 жыл бойы шешімін таппай келе жатқан тұрғындардың үй іргесіндегі жер телімдерін ағын сумен толығымен қамтамасыз ету мәселесі түпкілікті шешілді.

Республиканың су ресурстары комитеті төрағасының сол кездегі орынбасары, жерлесіміз Шамғон Кемелбековтің, облыс әкімі Б. Жексенбиннің  тікелей тапсырмаларымен, облыстың маслихаттың депутаттары жерлесіміз қазір медицина ғылымының докторы, профессоры, Республикалық ғылыми зерттеу институтының директоры Тілеухан Әбілдаев, ірі меценат, кәсіпкер Сембек Сейдазимовтардың колдауымен Тамды ауылын таза ауыз сумен қамтамсыз етудің 2007 жылғы терең зерттелген, ғылыми негізделген, экономикалық тиімді, пайдалануға қолайлы су жүйесі құрылысының жоба сметалық құжаттары дайындалды. Сол жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ә.Жолшыбековтың тікелей араласуымен республикалық бюджеттен 167,0 млн теңге қаржы бөлінді. Құрылыс небәрі бір жылдың ішінде соғылып пайдалануға берілді. Су көзі әулие Қотырбұлақ бұлағы ауылдан 32 метр биіктікте орналасқандықтан, су әрбір үйге ешқандай шығынсыз тәулік бойы үздіксіз берілуде. Ауданда тәулік бойы үздіксіз су беріліп отырылған бірден бір ауыл – тағыда осы Тамды ауылы. Сондай–ақ бұл су жүйесі мемлекеттік – жекеменшік серіктесті принципі бойынша кәсіпкер Г.Жолдасованың басшылығымен тұрғындарға қалтықсыз қызмет етуде.

Сондай–ақ, «Қазпошта» акционерлік қоғамының қаржысымен ауыл ортасынан сәнді пошта үйі, ауылдың тумасы Жұмахан Тәңкібаев бауырымыз өз қаржысы есебінен сәулетті мешіт үйін соғып  халық игілігіне ұсынылды.

Дегенмен, ауыл тұрғындары, қоғамдық ұйымдар ауылдық округ көлемінде орналасқан кәсіпкерлер округ көлемінде туындаған барлық мәселелерді шеше алмайтыны анық. Соңғы кездерде туындаған мәселелердің жайы төзгісіз, тіпті алаңдатарлық жағдайда десек артық айтқан болмас едік.

Мәселен, ҚР Президентінің 2012 жылғы 28 қарашада Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін өзі басқару дамыту тұжырымдамасына және осы тұжырымдамаға сәйкес қабылданған заңдар мен Үкімет Қаулыларына сәйкес Тамды ауылдық округінде 2013 жылы қоғамдық қауымдастығы қайта құрылып, оның жалпы жиналысының өкілдері жаңартылды. Қауымдастық жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Ауыл округі әкімшілігінде 2014 жылдың 1 қаңтарында әкім иелігіндегі мүлікті жалға беруден, айыппұлдардан, сыртқы жарнамалардан, тағы басқа түсімдерден құралатын арнайы есеп шот ашылды. Ауыл округінің экономикалық, әлеуметтік және экологиалық жағдайларына терең  талдаулар жасалынып, мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде шешілуі кезек күттірмейтін бірқатар өмірлік маңызы бар мәселелердің беті ашылды.

Бірінші, округ көлеміндегі кейінгі жылдары жеке азаматтардың ауласында ауыл үшін күнкөрісінің көзі мал басының күрт кемуі.

2005 жылғы ауылдық округінің есебі бойынша жеке меншікте мал басы, оның ішінде қой-ешкі еселей өсіп, 1995 жылғы 4000 бастан 12750 басқа, мүйізді ірі қара 257 бастан 980 басқа, жылқы 180 бастан387 басқа жеткен. Аудандық статистика басқармасының мәліметі бойынша жеке азаматтардың малы:2009 жылы қой ешкі – 8199, 2010 жылы – 7124, 2011 жылы 7361 басқа, 2012 жылы – 6596, 2013 жыл – 7361 басқа, мүйізді ірі қара  2009  жылы – 944, 2010 жыл 797, 2011 жылы – 275, 2012 жыл 376 басқа, 2013 жыл 481 басқа, жылқы 2009 жыл – 156 басқа, 2013 жыл – 101 басқа кеміген.

Ал, керісінше кезінде мал ұстауға тиіс емес, бір гектарда жайылымдық жері жоқ Қаратау қаласының жеке секторындағы тұрғындардың мал саны 2013 жылы қой ешкі 9427 басқа, мүйізді ірі қара 1476 басқа, жылқы – 200 басқа жеткен.

Тамды ауылы мен Қаратау қаласының мал өрісінің негізінде бір екенін ескерсек, екі округтің 2013 жылғы малының жалпы санына қажетті жайылымдық үшін 11376 гектар жайылымдық жер қажет. Қаратау қаласы үшін жайылымдық жер бөлінбеген. Ал, Тамды ауылдық округінің еншісіндегі жайылымдық жер небәрі 4152 гектар ғана. Округ көлеміндегі малдың жайылымы Қаратау қаласы тұрғындарының малын қосқанда жайылыммен қамтамасыз етілуі небәрі 36 – ақ пайыз. Округте шаруа үшін өз малдарын жем – щөппен қамтамасыз ету қиынның – қиыны. Сондай–ақ  ішінара зерттелген  23 отбасындағы 49 жұмыс жасындағылардың, былайша айтқанда жұмысқа жарамдылардың  27-і жұмыссыз. Яғни, бұл аудандағы азаматтардың 55 пайызы жұмыссыз, малмен күн көріп отыр. Мал басының округ бойынша күрт төмендеу тұрғындардың жекелеген топтарының табыстарының мүлдем төмен екендігін көрсетеді.

Түйіндеп айтқанда, ауылдықтардың бақытты да, бай-қуатты өмір сүруінде мал басының өсуі ерекше рөл атқаратыны даусыз. Сондықтан да бабаларымыз жақсы заманды «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген. Президентіміз Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған дана саясатының арқасында мына заман сол бозторғай жұмыртқалаған заман емес пе? Неге басты себеп қолдап жасалған жайылымдықтың жетіспеуінен, сондай-ақ қала округінде мал жайылымының, шабындықтың бар жағын ескермей мал басын еселей өсіріп отырған Қаратау қаласының қыспағынан Тамды ауылы тұрғындарының тұрмысы төмен болуы керек. Қоғамдық қауымдастық ауыл округінің әкімімен бірлесе отырып, ауыл мен қала арасындағы жер дауын шешу жөнінде әрекет жасау, дұрыс шешімін табу жөнінде  қарап қалмайды, және қажет болған жағдайда тиісті құзырлы органдардың көмек беруін сұранамыз.

Екінші, Тамды ауылдық округі аймағында инфрақұрылымдық триада – агломерация, көлік, энергетика құрылымдары қолайлы қалыптасқан аудан емес облыс көлеміндегі бірден-бір округ. Округ көлемінде есепсіз пайдалы қазба байлықтардың, шикізат өнімдерінің, жоғары кернеулі энергетика желілерінің, темір-автожол көлігі қатынастарының, жоғары қысымдағы табиғи газ жүйесінің болуы ірі кәсіпкерлердің, әсіресе химия өнеркәсібі инвестроларының зор қызығушылықтарын танытуда.

Мәселен, инвестициалық жоба бойынша «Еврохим Удобрение» ЖШС 2018 жылға қарай құны 356,6 млрд теңгеге жалпы 1400 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіретін зауыт соғады, «Talas Investment Company» ЖШС-і құны 9,0 млрд теңге тұратын жылына 15000 тонна натрий цианидін өндіретін зауытының құрылысын осы жылдың 1 шілдесінде пайдалануға беруді, «Қаратау Цемент» ЖШС құны 30299 млн теңге болатын 1000,0 мың, «Жамбыл Недр» ЖШС құны 1600,0 млн теңгелік жылына 300,0мың тонна цемент шығаратын зауыттар соғуды жоспарлауда. 2013 жылы Талас ауданы  инвесторлар тартуда облыс бойынша Тараз қаласынан кейін екінші орынды иеленсе, сол инвестицианың бәрі тек осы Тамды ауылдық округіне салынған. Округ көлемінде сондай–ақ бұрынғы «Қаратау» акцинерлік қоғамының мұрагері «Шолақтау» тау-кен өндірістік кооперативі  қалыпты жұмыс істеуде. Әрине мұндай алпауыт зауытардың салынуы және жұмыс істеу ауданның, біздің ауылдың экономикалық – әлеуметтік дамуына зор үлес қосатыны даусыз. Ауылдың болашағының жарқын болатынына сенімдіміз.

Дегенмен, натрий цианид зауытының басшысы облыстық маслихаттың депутаты Б.Алдашовтан басқасынан жанды көмек көре алмаудамыз. Кезіндебұл кәсіпорындар ауыл округінің ең шұрайлы жайылымдық жерлеріне құрылыс соғар кезде ауыл тұрғындарына барлық жақсылықты үйіп – төгеді. Соңынан өз уәделерінен айнып, тіпті орны толмас зиян келтіріп, зала шектіруде.

Қәзіргі «Еврохим Удобрения» ЖШС негізін қалаған, кейіннен «Сарытас» акционерлік қоғамына айналған Қаратау химия зауыты ауылдың ең сулы, нулы, шұрайлы жерлерін алғаны үшін совхоздың Ақшұқыр үчаскесіндегі 601 гектар жерін өңдеп, суармалы жерге айналдырып, гидротехникалық құрылғыларды жүргізуді мойнына алған. Кейін бұл алып кәсіпорын  және оның мұрагерлері өз міндеттерін орындаған жоқ. Гидротехникалық ғимараттардың 90%  ұзақ жылдар жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен жарамсыз күйге ұшырады, жоғарыда айтқанымыздай 253 гектар суармалы жердің сортаңдануына жол берілді. Тіпті ауыл химия алпауыттары тарапынан берілген демеушілік көмектерден де сырт қалып келеді. Ауыл тұрғындарынан жұмысшы күш аз тартылады.

Мәселен, 2013-2014 жылдардың өзінде «Еврохим Удобрения» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудан орталығы Қаратау қаласы мен 4 елді мекендерден құрылыс жұмыстарын жүргізуге 948688,0 мың теңге бөліп демеушілік көрсетті, жаңадан 2 нысан соғылды, күрделі жөндеуден 13 нысан өткізілді, биылғы жылы Қаратау қаласынан спорт сауықтыру кешені соғылып, Үшарал ауылындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде. Бірақ қоғамдық қауымдастық тиісті құзырлы органдарға қанша рет мәселе қойса да, негізгі ауыртпашылықты көтеріп отырған Тамды ауылына осыншама қаржыдан бір теңге де қаржы бөлінген жоқ. Ашығын айтсақ бұны қалай түсінуге болады.

Біз, Тамды ауылдық округі қоғамдық қауымдастық  мүшелері  жуық арада демеушілік көмегімен немесе басқа да қаражатының есебінен төмендегі, экономикалық, экологиалық және әлеуметтік жергілікті маңызы бар мәселелердің оңды шешілуін күн тәртібінен түсірмейміз.

Олар:

-Тамды  ауылдық  округ аймағында жұмыс істеп жатқан және жаңадан іске қосылатын химия өнеркәсіптері мен  құрылыс материалдарын өндіретін өндіріс орындарына(Еврохим,Шолақтау ТКӨК, натрий цианидін, сондай_ақ,цемент мәрмәр түйіршектерін өндіретін зауыттар ) салық салу (жер салығы мен мүлік салығы) саясаты біздің ауылдың пайдасына шешілсе.

– 1992 жылы пайдалануға берілсе де, осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген қолбасшы Қойгелді батыр атындағы орта мектептің шатырын, есік терезесін, еденін, қасбетін күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлу.

Ауыл көлеміндегі ұзындығы 8130 метр орталық көшелерді асфальттау.

– Суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында Ақшұқыр учаскесіндегі гидротехникалық ғимараттар мен құрылғыларды (науа – латоктар) қайта қалпына келтіру жөнінде ЖСҚ әзірленіп, оның кешенді іске қосылуына қол жеткізу.

– Бір кезде ауыл округінің иелігінде болған Тамды (V=2.5 млн м3), Жартас (V=7 млн м3), Мыңшұңқыр (V=9.26 млн м3) су қоймалары округінің иелігінен ауыл тұрғындарының келісімінсіз 2013 жылы облыс деңгейдегі құрылымдарға беріліп кеткен. Бұл мекеме аталған су қоймаларын күтіп ұстау оларды суға толтыру мәселелерімен тіпті де айналыспауда. Сондай-ақ  нағыз иесі болмағандықтан су қоймалары мен құрылғылардың, Қаратау қаласы мен Тамды ауылын қысқы көктемгі су тасқынынан қауіпсіздік пен алдын алу шаралары өз дәрежесінде емес. Қоймаларды күтіп ұстауды, оларға қажетті су толтыруды ауыл әкімі мен қоғамдық қауымдастық шаруа қожалықтарымен,  ауыл тұрғындарымен бірлесе отырып өздері жүзеге асыруда. Жерге біреу, су мен мүлікке басқа біреу иелік еткеннен кейін шаруа қожалықтары, ауыл тұрғындары сенімсіздік танытып, жерден ойдағыдай өнім ала алмауда.

– Тоталитарлық биліктің кезінде 227 гектар суармалы жер бекітілген Алтынбек (V=6,3 млн м3) су қоймасы Қаратау қаласының кәріз суларын жинақтау пруд-накопитель нысаны ретінде заңдастырылмаған, оған кәріз сулары тазартылмай жіберілуде. Сөйтіп, суармалы жерлердің экологиялық жағдайы төмендеп оның айналымнан шығуына қауіп туғызуда.

– Міне осы жағдайларға байланысты Тамды, Жартас, Мыңшұңқыр су қоймалары магистральды каналдармен қоса ауыл әкімінің иелігіне берілсе, Қаратау қаласы мен Тамды ауылын су тасқынынан қорғау мақсатында Тамды өзенінің «Дачная» учаскесінен гидротехникалық ғимарат пен Тамды каналындағы Су құрылғыларын қайта қалпына келтіруге қаржы бөлінсе, Алтынбек су қоймасы заңдастырылып, оған кәріз сулары тек тазартылып жіберілсе құба-құп болар еді.

– Тамды ауылдық округі аймағында «Казфосфат» ЖШС –іне қарасты «Шолақтау» тау-кен өндірістік кооператив иелігіндегі 74 гектар учаскеде орналасқан химиялық қалдық қоймасында қоршаған ортаны қорғау және экологиалық талаптардың өз дәрежесінде орындалмауы, өндірістік кооперативке қойма аумағын көгалдандыру және қоймадағы шахта суын қоймадан бөлінетін шаң-тозаңды толық басып тұратындай деңгейге жеткізу жөніндегі экологиалық реттеу және бақылау коммитетінің 19.03.2010 жылғы № 02-1-503/144 хатымен хабарланған. Қоғамдық қауымдастық бұл нұсқама әлі де өз дәрежесінде орындалмауда деп есептейді. Сондықтан химиялық қалдық қоймасының өз дәрежесінде пайдаланылуына, жалпы ауылдың экологиалық жағдайының түбірімен жақсаруына құзырлы органдардың назары аударылса екен дейміз.

– Жақында облыстың электр жүйесін тарату мекемесі 45,0 млн теңге бөліп, ауылдағы талан – таражға түсіп кеткен 35/6 кВт подстанциясын қалпына келтіріп ауыл тұрғындарын бір қуантып тастады. Бұл жұмысқа алғысымызды білдіргеміз. Енді сол мекеме ауыл көлемінде Кеңес Одағынан бері пайдаланылып келе жатқан, тозығы жеткен электр желілерін қайта қалпына келтірсе дұрыс болар еді.

Түйіндеп айтқанда Тамды аууылын әлеуметтік, экономикалық және экологиялық оңалту жөнінде арнайы салалық бағдарламалар жасалынып, тиісті құзырлы органдар тарапынан қолдау көрсетіліп, жүзеге асырылса екен дейміз.

Мен жазушы емеспін, құрылысшымын. Зейнеткермін, бірақ әлі де құрылыс саласында жұмыс істеймін, ауылдың қоғамдық жұмыстарын белсене қатысамын. Мына жазғандарым Тамдының төл перзенті ретінде жадымда ұзақ жылдар қалыптасқан жайлар, ауылдың мұң мұқтажы, жанайқайы. Толғауды тарихи шежіре ретінде жазып отырмын. Бұны әркім, әсіресе жастар оқып ғибрат алса екен деймін.Қойылған мәселелерді оңды шешілсе екен деймін. Білгенді жазу бізге қарияларға аманат қой.

Тамды ауылы болашақта көне тарихтан білетініміздей тағы да гүлденген, ауылшарушылығы, экономикасы, мәдениеті дамыған, тұрмысқа жайлы құт мекенге айналады деп сенемін.

 

 

Сәуір 2014 жыл

Жамбыл облысы

Талас ауданы

Тамды ауылы