ОТ ЖАЛЫНДЫ ЖАУЫНГЕР

ОТ ЖАЛЫНДЫ ЖАУЫНГЕР.

(Естелік-эссе)

…Жалғыз түп жусан түбінде

Қазаққа ортақ намыс бар…

Ақын Сабыр Адай.

Президент сыйлығының иегері.

Өнегесін көрген, тәлімін алған ағаларымды , ұлағатты ұстаздарымды көп сағынамын. Өзімді керуені қара үзіп, елі көшкен жұртта қалғандай сезінемін.

Баз бірде жан әлемімді айтып болмас мұң кеулейді Ойласам-ақ, ішім өрт шалған ормандай боламын.

Ағыл-тегіл сағыныш сазынан сарғаямын, жүрегім талады.  «Қайдасыңдар, асыл ағаларым!» деп шарқ ұрып іздеу салғым келеді.

                                                                 Автор күнделігінен.

 

 

Қазақстан Республикасының бір әкімшілік құрамдас бөлігі ретінде  Талас ауданы да  ХХ ғасырда тарихи тағылымды оқиғаларды бастан кешірді. Ғасырдың басындағы қазақ  жеріндегі жосықсыз мемлекеттік-әкімшілік басқару реформалары, біз бодан болған Ресейдегі төңкерістер, ашаршылық  пен жұт, қазақтан солдат алу, коллективтендіру, 1931-33 жылдардағы апат және 1937 жылғы қазақ арыстары мен зиялы қауым өкілдерінің қуғын сүргінге ұшырауы, 2 млн қазақты жалмаған Ұлы Отан соғысы, 1954 жылдары басталған орыстандыру саясаты, ең ақыры 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі, соңында 1991 жылғы Ұлы қызыл империясының құлауы, Одақ тарағаннан кейінгі экономикалық дағдарыс киелі Таласты да айналып өткен жоқ. Аудан бұл кезеңдерде үлкен саяси, әкімшілік, экономикалық және әлеуметтік нәубеттерді басынан кешірді. Ата-бабаларымыз бізге найзаның ұшымен, білектің күшімен, өткір тілдің құдыретімен үлкен байлық жерді тастап кетті. Сол зор табиғи байлықтың, жердің, судың, осы өңірдің асты үстіндегі есепсіз байлықтың игілігін аудан халқы толық көре алмады.

Сондай-ақ, аудан еліміздің шөл және шөлейтті өңірінде орналасқан мал өсіруге қолайлы аудан болды. Мал басы, әсіресе қой-ешкі өсіру жөнінен аудан облыста, республикада алдыңғы орындардың бірінде болды. Алайда мал өнімдері мен көкөніс ылғи ауданнан тыс, тіпті республикадан тыс одақтың түпкір түпкіріне жіберіліп жатты.

Ауданның шаруашылығы мен әлеуметтік жағдайының қалыптасуына ауданның әкімшілік-территориялық бағыныстылығының үнемі, негізсіз ауыстырылып отырылуы кері  әсерін тигізбей қойған жоқ.

Мәселен, өткен ғасырда аудан орталығы Ақкөл ауылына 3 рет көшірілді, бұрынғы Шолақтау поселкісі болған қазіргі Қаратау қаласына аудан орталығы 2 рет ауысты. Ауданның  кейбір іргелі шаруашылықтары біресе Жамбыл, біресе Сарысу мен Жуалы аудандарына беріліп, алынып отырылды.

Жер, су және пайдалы қазбалар жөн-жосықсыз пайдаланылды, қоршаған ортаны қорғау мәселелері мүлдем назардан тыс қалды. Минаралдық тыңайтқыштарды есепсіз пайдалануға ешкім мән бермеді. Негізгі мәселе жоспар орындау болды, жоғарғы билік басындағылар болашақ ұрпақтың қамын ойламады. Шаруашылықтардың серпінді дамуына ауданға тән құрғақшылық, құбылмалы ауа райы да өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Нәтижесінде сиымдылығы 250 млн м3 Ақкөл көлі 3 рет кеуіп, орны тоғайға айналып кеткен, (1916-1920 жылдары, 1940-1944 жылдары, 1977-1991 жылдары), жер тозды, топырақтың құнарлылығы мүлдем төмендеді, жер қыртысындағы радиация қалыпты жағдайдан жоғары болды, кейбір елді мекендер экологиялық апатты аймақтарға айнала бастады. Өткен ғасырдың 60 жылының аяғы мен 70 жылдардың басында ауылшаруашылығын өркендету, әсіресе құрылыс салу мүлдем кенжелеп қалды. Қысқартып айтқанда қызыл империяның ауданнан алары көп болды, берері жоқ болды…

Ескі Талас үшін, Таластың болашағы үшін жан берісіп, жан алысқан  азаматтар бұл Таласта аз болған жоқ. Халқының қамын ойлаған би-болыстар, байлар, датқалар мен шешендер, батырлар мен ерлер, мемлекет, қоғам, ғылым және мәдениет қызметкерлері аз емес. Төрт ұрпаққа созылған ғасыр,  өмірге дәуірдін елім деп еңіреген өз перзенттерін алып келді.

Яғни, ел басына күн туса, ауыл деген ауыр жүкті ер азамат сүйрейді. Елі үшін жасалған ерліктің үлкен кішісі жоқ. Сол ерлікті де азамат жасайды. Ел ерлікті білуі мүмкін, бірақ шын азаматты танымайды. Жеке азаматтың атқарған ісі  емес, кейде үлкен ұлттың да тарихы бұрмаланып жатады. Заманның белгілі бір кезеңінде туып елі, ауылы, халқы үшін бүкіл саналы өмірін сарп еткен тұлғалар туралы шындықты жазу, «алтын ғасырдың» ұлы жазушыларының бірі жуалылық тау тұлға Шерағаң айтқандай «білгенін жазу» бізге аманат.

Солдан оңға қарай бірінші қатардағы үшінші тұрған Тұрғын Қойшығараев.

 

Екі мың жылдық тарихы бар киелі де,қасиетті Талас ауданында өзіндік орны бар,Таластың әр жусанының түбінде маңлайының тері,басқан ізі бар,өнегесі мен өсиеті бар,қазығым деп,елім деп,ауданым деп етігімен су кешкен,ауыздықпен су ішкен,мұз жастанып қар кешкен,денсаулығын сарп еткен,малым жаным садағасы,жаным арым садағасы,деп ғұмыр кешкен,өткен ғасырдың замана перзенті Тұрғын Қойшығараев туралы естелік- толғау жазу маған аманат және зор жауапкершілік пен міндет жүктейді.

Тұрғын Қойшығараев кім?! Мен неге өзімнің қырық жылдан астам мемлекеттік басқару органдарында басшы қызметтер атқарған кезімде Тұрекенді ауданның  тау тұлғалары мен марқасқа жігіттерінің қатарына қосып отырмын. Себебі, Тұрғын ағаны (ол менен сегіз жастай үлкен еді) 1973 жылдан, оның өмірінің соңына дейін қызмет бабында да, ауданның қоғамдық өмірінде де, жеке отбасылық өмірімізде де ол кісімен қоян қолтық араласып тұрдық. Бір кісідей білемін.

Белсенді, іскерлік, жолдастық, ағайындық қарым-қатынаста болдық. Сыйлас аға-іні болдық. Ұстаз-шәкірт болдық. Пікірлес болдық. Бір майданның палуаны болдық.  Ол аудандық партия комитетінің  ұйымдастыру – партиялық бөлімінің басшысы ретінде ұзақ жылдар ауданның ең жоғарғы саяси органының аппаратын басқарса, мен онымен бір мезгілде тағы да ауданның жоғары  атқарушы және өкілетті органы  аудандық Советі (мақалада Советі және басқа да терминдерді  қазақшаламай сол кездегі атауымен жіберіп отырмыз. С.Т) атқару комитетінің  аппаратын басқардым.

Екеумізде аудандық Советке жеті-сегіз жылдан депутат болып сайландық. Тұрекен аудандық партия комитетінің, оның бюросының мүшесі, аудандық халықтық бақылау комитетінің председателі болса, мен аудандық партия комитетінің, аудандық Совет атқару комитетінің, аудандық бақылау комитетінің мүшесі болдым. СССР Жоғарғы Советі Президиумының  Указымен мемлекеттік наградаларға бір мезгілде ие болған кездеріміз де болды.

Иықтас шың сияқты ауданның көптеген күрделі мәселелерін шешуге белсене араластық. Аудандағы саяси науқандардың көпшілігіне екеуміз тікелей жауап бердік. Әсіресе, бес жылда бір рет өтететін СССР және Қазақ ССР Жоғарғы Советтеріне депутаттар сайлауын, екі-үш жылда бір рет өтетін жеті облыстық Советтің, жетпіс бес аудандық Советтің және үш жүз қырық жеті селолық Советтің сайлауын, екі жылда бір рет өтетін аудандық судьяның және жетпіс бес халық заседательдерінің сайлауын өткізуде күш тек екеумізге  ғана түсетін. Аппараттың  және жергілікті жерлердегі партия, совет, кәсіподақ және комсомол ұйымдарының жұмыстарын шебер үйлестіре отырып, біз бұл міндеттерді облыс деңгейінде алдыңғы қатарғылардың бірі болып жоғарғы саяси деңгейде абыроймен орындап отырдық. Ауданды ұятқа қалдырған жоқпыз ғой деп мақтанышпен айта аламын.

Енді, Тұрғын Қойшығараұлының шыққан тегіне келсек; ол: Үйсін-Бақтияр-Бәйдібек-Жалманбет, Сүйінбай, Жамбыл сияқты ақ иық ақындар, Қазыбек бек Тауасарұлы сияқты жазушылар, Нұрғиса Тілендиев сияқты ұлы,халық қахарманы сазгер шыққан ұраны Қарасай, Шапырашты руынан тараған Шыбылдың бір бұтағы.

Тектілік, бекзадалық-тазалық, білімділік пен біліктілік, өжеттілік, өз ұстанымдарына беріктілік, ақиқатқа адалдық, сирек қателесетін ішкі түйсік, еш жалтақтамай ойын кесіп айту шешендігі, небір қиын кездерден дұрыс жол тауып кетудегі бірбеттілігі, елі, жұрты үшін еркін, тың идеялар тастаудағы бастамашылдығы, ұжым, ел  басқарудағы өткірлігі жоғардағы аталарының қанынан келген болу керек.

Ол жай адам емес, ол жоғарғы интелектуаль мен эрудиция, Алладан келген табиғи талант пен дарын иесі еді. Тұрекеннің жүрген жүрісі, киім киісі, сөзі, бүкіл болмысы легенда еді ғой шіркін! Біз төменгі буын інілер оған аса қызығатынбыз.

Тұрғын Қойшығараұлы әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан ұлы империяның мемлекеттік құрылысын тас талқан еткен, Россияда бір ғасырға жуық көшбасшы, кейіннен билеуші партия (РСДРП) болған, алдында социаль-демократиялық, кейіннен большевиктік (ВКП (б)), коммунистік (КПСС) партия деген атқа ие болған ұлы партияның белді мүшесі болған. Талас ауданының қайта өрлеу, рухани және халық шаруашылығының барлық саласы бойынша әлеуметтік даму кезеніңде, яғни, ХХ ғасырдың «алтын кезеңінде» Талас аудандық партия коимитетінің жоғарыда айтқанымыздай аппаратын басқарды, яғни ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Алдында аудандық комсомол ұйымының басшысы, кейіннен аудандық халықтық бақылау комитетінің преседателі, тәуелсіздік алғанымыздан кейін Аккөл ауылдық округінің әкім қызметтерін де абыроймен атқарды.

Қай қызметте жүрсе де партияның, оның көмекшісі комсомолдың Уставтық антына  берік, адал жауынгер болды. Өткен ғасырдың жетпісінші және тоқсаныншы  жылдар арлығында ауданның саяси және қоғамдық өмірінде  ылғи да биіктен көріне білді.

КПСС-тің бір құрамдас бөлігі, Қазақстан Компартиясы Талас аудандық комитеті, оның басшылығы мен аппараты ауданның барлық өміріне саяси басшылық жасайтын. Ол-1936 жылы қабылданған СССР Конституциясының 6-шы бабымен бекітілген заң.

Партия Конституцияға сәйкес ауданның саяси, шаруашылық, әлеуметтік-экономикалық дамуына аудандағы партия, совет, кәсіподақ және комсомол ұйымдары арқылы, сондай-ақ шаруашылық тетігін ұстап отырған партия мүшелері арқылы ықпал ететін.

Ауданның саяси және шаруашылық өміріне терең талдаулар жасап, баға беретін, қажет жағдайда басшы коммунистерге шаралар көрілетін. Ауданның халық шаруашылығын,әлеуметтік саласындағы аса жауапты лауазымдарды тек коммунистер басқаратын.

Коммунистер негізін қалаған социализм-жоспарлы қоғам еді. Бұл қоғамда партияның жұмысы жоспарлы (директивалық, бес жылдық, жылдық, тоқсандық), экономика жоспарлы (директивалық, бес жылдық, жылдық, тоқсандық, айлық), мемлекеттік  басқару органдары жоспарлы еді.

Сондықтан  партия жоспары-халық жоспары,оны орындау бүкіл халықтық міндет. Бұл жоспарлар партия сьездерінде мақұлданып, Жоғарғы Советтердің, облыстық, аудандық және қалалық, селолық советтердің сессияларында қабылданып отырылатын.

Осыған орай аудандық партия комитетінің перспективалық, жылдық, тоқсандық жоспарларын жасап бекіту, оның орындалуына бақылау жасау тікелей Қойшығараевқа жүктелетін. Бекітілген жоспарларға, сондай-ақ партия сьездерінде, Орталық комитеттерінің пленумдарының шешімдерінен туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында үш айда бір рет пленум, айына екі рет бюро мәжілістерін өткізу партия-шаруашылық актив жиналыстарын, тақырыптық семинарлар, малшылар, мұғалімдер, халық жасақшыларының слеттерін және одан басқа да қоғамдық рухани, мәдени шараларды өткізу жұмыстары да осы бөлімге жүктелетін.

Бұл бөлімге сондай-ақ партия ұйымдарының ұйымдық және сапалық жағынан нығаюы, еңбекшілерді партия мүшелігіне қабылдау, кадрмен жұмыс, кадр іріктеу, орналастыру, оқыту, тәрбиелеу, барлық буындағы Совет, кәсіподақ, комсомол ұйымдарының  қызметін үйлестіру жұмыстары да жататын.

Әрине, осындай ауқымды шараларды жүзеге асыруда сол кездердегі аудандық партия комитетінің бірінше секретарьлары Ә.Жүргенов, Р.Ш.Асадулин, Р.Ерсейітов, Ә.Жолшыбеков, А.Омаров, Е.Дадабаев, аудандық Совет атқару комитетінің преседателі Ә.Сатыбалдин сияқты әз ағаларымыздың нұсқаулары мен тапсырмалары, тәжірбиелері мен көрегендіктері өнегелері мен тәлім тәрбиелері Тұрғын ағамыздың шын мәнінде үлгілі партия қызметкері, іскер басшы болып шыңдалуына өз әсерлерін тигізбей қойған жоқ. Бұл факт!

Өткен ғасырдың алпыс тоғызыншы жылындағы қатты жұт ауданның негізігі саласы мал шаруашылығын толығымен төзгізіс жағдайға әкеп соқты. Бұл жағдай ауданның партия, Совет ,шаруашылық  органдарына көп міндет жүктеді. Яғни, ауданда  мылтықсыз майдан басталды десе де болады. Себебі, аудандағы халық шаруашылығының басқа саласының  жайы, таратып айтқанда егін шаруашылығы, құрылыс, жол, транспорт, байланыс, энергетика, білім, денсаулық сақтау, мәдени –тұрмыстық, тұрғын-үй коммуналдық қызмет көрсету саласы да облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда мәз емес еді.

Тұрғын Қойшығараевтың аудандық партия бөлімінің негізгі бөліміне басшы болуы, осы кезеңмен тұспа-тұс келді. Тұрекең өзіне жүктелген міндеттерді зор жауапкершілікпен түсіне отырып ауданның алдында тұрған  бірінші кезектегі мәселелерді шешуде аз тер төккен жоқ. Жалаң әкімгершілік әдістен бас тартып, жергілікті жерлерде жүйе болды. Бойындағы табиғи дарынды, терең ой түйсігін байсалды пайдалана білді. Уақытпен санаспады. Өз ұсыныстарын тиянақты дәлелдеп аудан басшыларының  дұрыс шешімдер қабылдауына өз ықпалын тигізіп отырды. Өзінің тынымсыздығының, қадалаған жерден қан алатын табандылығының арқасында партияның ұйымдастыру-көпшілік жұмыстарының сапасы артты, партия конференциялары, пленумдар, актив жиналыстар, бюро мәжілістері, жоғарғы деңгейде өткізілетін болды. Коммунистер мен партияның барлық буындарында  партиялық тәртіп, атқарушылық тәртіп барынша нығайды. Аудандық партия комитетінің шешімдерінің мүлтіксіз орындалуына қол жеткізілді. Қойшығараевтің іскерлігін бағалаған пленум мүшелері оны ауданда тұңғыш рет аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайлады. Мемлекеттік наградаға ие болды.

Жергілікті партия Совет, кәсіподақ, комсомол ұйымдарының жұмыстарында күрт ілгерушілік пайда болды. Әсіресе, ылғи сыннан көз ашпайтын аудан Советтерінің жұмыстары жолға қойылып Шәкіров, Бостандық және Қызыләуіт селолық Советтері қазіргіше рейтинг бойынша облыс Советтері бойынша қатарынан үш жыл бойы І –ІІ – ІІІ орындарды иеленді. Ал, Ойық селолық Советі Республика бойынша социалистік  жарыстың женімпазы аттанды.

Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы өнеркәсіптік негізге көшіріліп облыс көлемінде  жоғарғы  көрсеткіштерге қол жеткізілді. Мал басы  өз төл есебінен  еселей өсіп 1985 жылы қой-ешкі саны 371500,оның ішінде саулық саны 207029 жетіп саулық саны бойынша облыста бірінші орынға шықтық. Жылқы, сиыр, түйе саны 1969 жылдан асып түсті. Мемлекетке ет, сүт, жүн, қаракөл елтірісін, сату, астық, овощь және бақша өнімдерін өндіру жоспарларын артығымен  орындау әдетке айналды.

Құрылыс салу қарыштап дамып аудан түгелімен құрылыс алаңына айналғандай болды. Тек бір мысал, Аудан орталығы Аккөлде басқа аудандарда жоқ 100 төсектік аурухана, 600 орындық Мәдениет Сарайы, 420 орындық кинотеатр, 1176 орындық мектеп, селолық кәсіптік техникалық училищесі комплексі салынып пайдалануға берілді. Құрылыс салудың бірден-бір мердігері ПМК-2011 мекемесі қол жеткізген табыстар үшін сол кездегі КПСС ОК,СССР Министерлер Советінің,ВЦСПС-тің және ВЛКСМ-ның Құрмет дипломымен наградталды. Білім беру,денсаулық сақтау мекемелерінің оқу ,емдеу- материалдық базалары нығайды. Оң көрсеткіштерге жол салу, транспорт,  энергетика,байланыс,мәдени тұрмыстық,тұрғын-үй коммуналдық  қызмет көрсету салалары да қол жеткізді.

Аудандық партия комитетінің жанды қомқорлығының арқасында ауданда кадрдың мықты резерві қалыптасты. Кадр резервін қалыптастырудағы, жауапты  кадрларды іріктеудегі Тұрғын Қойшығараевтің еңбегі зор.Бірде-бір жауапты лауазым иесі болашақтан үміт күтетін жас кадр,тапсырылған міндетті мінсіз орындайтын ысылған мамандар оның назарынан еш уақытта тыс қалған емес.Баз бір жағдайларда оның алтыншы сезімі барма деп қаласың!Оның тәрбиесінен өткен ,жоғарлатылған тіпті қатардағы шопаннан Қазақ СССР Жоғарғы Советінің депутаттығына дейін көтерілген коммунистер көптеп саналады.Олар туралы  кеңінен сөз қозғау басқа мәселе және бұл шағын мақалада түгел қамту мүмкін емес…

Ағамыздың 75 жылдығына орай ас беріліп,кітап шығарылып жатқанын білсе ол азаматтар оның еңбегін бағалап,құрмет тұтып естеліктер жазар.

Аудан елді мекендерінің көркейтілуіне,олардың архитектуралық келбетінің жақсартылуына аудан партия ұйымдарының,коммунистерінің үлесі аз болған жоқ.Коммунистер жылына  екі рет өтетін көркейту, көгеріштендіру және санитарлық тазалық айлықтарын өткізуге белсене ат салысатын.Коммунистік сенбіліктер тек В.И.Лениннің туған күні қарсаңында ғана емес,жыл бойы өткізіп тұру әдетке айналды.Нәтижесінде елді мекендердің архитектуралық бет бейнесі күрт өзгерді,инженерлік-инфрақұрылымы жақсарды.Әсіресе,аудан орталығы Аккөл  селосын ауыз сумен,жылумен,тұрақты байланыспен,электр энергиясымен қамтамасыз етілуі дұрысталып, ауыл аз ғана уақытта жасыл желекке оранған сәулетті ауылға айналды.Тіпті қазір айтса сенгісіз.Сол кезде  Аккөлдің кіреберісінен кәсіптік техникалық қалашығына дейін Аккөл-Ойық жолының екі жағындағы асфалть тротуармен жүргенде, өсіп тұрған талдың көлеңкесінен күн көрінбейтін.

Тұрғын аға ауданның рухани-мәдени өмір тарихында  өзіндік іздер қалдырған жан. Марксизим-ленизм  классиктерінің еңбектерімен терең сусындаған ол: «Коммунистік партия жалпы ұлт мәселесіне,әр ұлттың тіліне,діліне,дініне,салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына қысым жасамайтындығын, партия тек партиялық ұстанымдарға жат ескіліктің қайсыбір сарқын шақтарына қарсы батыл күрес жүргізетінің» үнемі айтып отыратын.

Ол ұлтымыздың тілін,ділін,дінің,салт-дәстүрлерін,әдеп-ғұрыптарын аса сүйіспеншілкпен құрметтеп,олардың сақталуына,зайырлы тұрғыда дамытылуына бар күш жігерін, білімін жұмсайтын,яғни жан беріп жан алысатын.

Әсіресе,коммунист Қойшығараев қазақ тіліне ерекше мән беретін.Ескі Таласта (Талас ауданның орталығы Қаратау қаласына көшкенге дейін.Май 1997жыл) ауданның басшы органдарынан кішігірім мекемелеріне дейін іс-жүргізу тек қазақ тілінде жүргізілетін облыс,тіпті республика көлемінде бірден-бір аудан болатын,конференциялар,пленумдар мен сессиялар, жиналыстар, бюро мен мәжілістер тек қазақ тілінде жүргізілетін.Бұл органдардағы  нормативтіқ-құқықтық актілер,шешімдер бір ғана қазақ тілінде әзірленіп,қабылданатын. Аудандық «Ленин жолы» (қазіргі Талас тынысы) газеті не бәрі 32 мың халқы бар ауданда бес мыңға жуық дана таратылыммен,аптасына үш рет тағы да тек қазақ тілінде таратылатын.

Қазір салыстырмалы түрде қарасақ 51000 аса халық тұратын ауданымызда  «Талас тынысы» газеті не бары 2985 дана таралыммен аптасына екі рет орыс –қазақ тілінде шығады.

1978 жылы сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рақыжан Ерсейітовтың басшылығымен  ауданнан шыққан 56 Социалистік Еңбек Ерлерінің құрметіне аудандық партия комитеті жанынан Батырлар Аллеясы ашылып, аудан орталығы Аккөл селосында ұмытылып кеткен ұзақ уақыттан кейін тұңғыш рет малшылар слеті өткізілді.Слет өткізетін аудандық комиссия құрылды.Слетке дайындық барысында комиссия мүшесі Т.Қойшығараев тек өзіне тән тағы да құнды  пікірлер айтты.Комиссия оның ұсыныстарын қабылдап төмендегідей шешім қабылдады.Олар: мал төлдету қорытындысы бойынша жыл сайын малшылардың слетін өткізу,слетке барлық шаруашылықтар   Аккөл селосында өз малшыларына құрмет көрсету үшін барлық жасаумен киіз үйлер тігу ұлттық тағамдар дайындау,ұмыт болған аламан,құнан бәйгелер көкпар тарту,теңге ілу,қыз қуу,палуандар күресін,алтыбақан құру,айтыстар ұйымдастыру сияқты ұлттық ойындар мен жарыстар өткізу, сондай-ақ бұл шараларды облыстық,республикалық деңгейге жеткізу.Нәтижесінде  малшылар слеті кейін жылына бір рет өткізілетін болды аудан тұрғындары бұл малшылар слетін мереке ретінде қабылдап, бір жасап қалатын.

Дәл осы кезеңде облыстық атқару комитетінің алдына мәселе қоя отиырып,оның шешімімен аудандағы орыс тілінде қойылған елді-мекендер мен көше,мектептер атаулары қазақшаланды.Мәселен, Т.Рысқұловтың, С.Шәкіровтың, Бөлтірік шешеннің, ауданнан шыққан Социалистік Еңбек Ерлерінің аттары ауданның елді-мекендердің көшелеріне жаппай қойыла бастады.Ақындар М.Қыстаубаевтің,Шона Смаханұлының Социалистік Еңбек Ері Ә.Сағынтаевтің Қолбасшы Қойгелді батырдың,гидротехник Б.Тоқтықожаевтің аттары аудан мектептеріне ,С.Шәкіровтың,Көшек батырдың,Бөлтірік шешеннің,Есейханның аттары елді-мекендерге қойылды.

Т.Қойшығараевтің қазақ тіліне осындай мән беруі, оның орыс тілін білмеуі деген сөз емес.Орыс тілінде баяндамалар жарыссөздер,мақалалар әзірлеуде,әр түрлі облыстық,республикалық жиындарға орыс тілінде материалдар дайындауда,облыс демей-ақ қояйын,ауданда Тұрғын Қойшығараевқа ,Амангелді Омаровқа,Асылхан Еркебаевқа  тең келетін ешкім болған жоқ қой деп ойлаймын.Тынымсыз еңбектен кейін менде солардың қатарына қосылғандай болдым.Ел Р.Ерсейітов басқарған Т.Қойшығараев қатысқан жиналыстарда,бюро мәжілістерінде шыбынның ызыны естілмейтін деп күлетін.

1978жылы облыс аудандарының алдыңғы қатары болып ауданда тұңғыш рет Аккөл селосында 1176 оқушыларға арналған мектеп құрылысы соғылып  пайдалануға берілді.Оған қазақтың белгілі педагог жазушысы Ыбырай Алтынсариннің аты үлкен айқай-шумен қойылды. Бұл жаңа мектептің ашылуына байланысты көптеген ғимараттар босап, оларды тұрғын үйге  ыңғайластыру жөнінде ұсыныстар түсе бастады.Мәселе аудандық партия комитеті мен  аудандық Совет атқару комитетінің біріккен мәжілісінде қаралды.Мәжіліс үстінде Тұрекең тағы да тың ой тастап өз пікірін ортаға салды.Ол… «ауданда ауыл шаруашылығында,әлеуметтік-мәдени құрылыста зор ілгерлеушілік болғанмен,кадр мәселесі,әсіресе өзімізде кәсіптік кадр дайындау мәселесі  шешілмеуде.Қай сала болса да істің тетігін кадр шешеді.Мал басының еселей өсуіне байланысты малшы-механизаторлар вет санитарлар жетіспейді,құрылыс мамандары жоқтын қасы,тәрбиеші,тігінші (ұлттық қолөнер), аспаз,элетрик,сварщик мамандарына аса зәруміз.Ауданымыз байырғы шежірелі аудан болғанымен кәсіби техникалық маман әзірлейтін оқу орны жоқ.Осы босаған ғимараттарды тілге тиек ете отырып облыстық партия комитеті мен облыстық  Совет атқару комитетіне аудан орталығы Аккөл селосынан кәсіптік техникалық училище ашу туралы мәселе қойсақ» деп өзіндік жүрек жарды пікірін айтты.Ұсынысты біріккен мәжіліс қолдап,сол мәжіліс үстінде шұғыл түрде хат әзірленіп облыстық құзырлы органдарға жіберілді.Нәтижесінде Аккөл селосында №60 селолық кәсіптік техникалық училищесі ашылып  (СПТУ-60), училище осы жылдың 1 сентябрінде білімгерлер қабылдап, өз жұмысын бастап кетті.

Кейіннен Аккөл селосының шығысынан жаңа үлгі жобадағы училище комплексі соғылып пайдалануға берілді.Бұл училище қалашағы өтпелі кезеңдегі аласапыран заманға қарамай әлі де аудан игілігіне пайдалануда.От жүректі Тұрғын ағамыз жалынды жас кезінде де ауданның мәдени өміріне де белсене араласқан.Арыстандай айбатты,жолбарыстай қайратты,мен жастарға сенемін деп ақын Мағжан жырлағандай аудан жастарына арқа сүйей отырып, ол аудан халқының руханиятында көптеген игі жұмыстар атқарды.Өзі мұрындық бола отырып аудандық Мәдениет үйінің жанынан көркемөнерпаздар драма театрын ұйымдастырды.Тіпті жастарға өнеге болсын деп «Талтаңбайдың тәртібі» атты пьесада басты кейіпкерді өзі сомдап,спектакльдің көрермендердің көзайымына айналуына қол жеткізді.Бұл спектакль аудан емес облыс көрермендері арасында жоғары бағаланып, республикалық Мәдениет министрлігінің шешімімен Талас аудандық театры «Халық театры» атағына ие болды.

Тұрғын ағамыз бір қарағанда сұсты, қатал көрінгендігімен, жүрегі жұмсақ,бауырмал,көпшіл жан еді. Қай уақытта болса да адамға көмектесуге,жақсылық жасауға құлшынып тұратын. Мен 1973 жылы Жамбыл гидро мелиорация құрылыс институтынан Москва қаласындағы жоғарғы оқу орындарының аспирантурасына қабылданып тұрған кезде денсаулығым сыр беріп, №2011 құрылыс колоннасына инженер болып орналастым.Бұл кезде құрылыс колоннасының өгізі өліп,арбасы сынып,төрт аяқтап құлап жатқан кезі еді.Колоннаны аяғынан тік тұрғызу үшін бізге көп тер төгу керек болды.Ең бірінші мекеме аудандық партия комитеті мен  аудандық Совет атқару комитетінің жанды көмектеріне арқа сүйеу керек еді.Мекемеден партияға қызметкерлер қабылдау,Советтерге депутат сайлау  қажеттілігі туындады.Сол кезде құрылыс колоннасының бастығы Тұрғынбек Бекежанов, бастауыш партия ұйымының секретары  Тайыр Төлеков маған партияға өту жөнінде ұсыныс жасады, өздері рекомендация берді.

Бірақ , жұмысы нашар коллективтерден әсіресе, өндіріс орындарындағы  жоғары білімді кадрлардан партияға адам қабылдауға шек қойылатын.Егер коммунист болмасан сен ешкімге керек емессің, екінші сорттағы адам сияқтысың,мансабың өспейтін,жауапты қызметтерге тек коммунистер алынатын.Бұл мәселелер де менің алдымнан шықты. Дәл осы кезде Тұрғын Қойшығараевқа оның партиялық жолдасы Асылбек Меркібаев ағатайым жолығып, менің мектепті алтын медальмен, институтты үздік қызыл дипломмен бітіргенімді, аспирантураға денсаулығыма байланысты  түспей өндіріске келгенімді, сондай-ақ,  партия қатарында болуға құштар екенімді жасырмай түсіндірген.Бір сөзбен айтқанда Тұрекеннің менің партия қатарына қабылдануыма еңбегі зор. Келесі жылы Ойық совхозынан сол кісінің сөз жәрдемі арқылы аудандық Советке депутат болып сайландым. Тұрекең осы іс-әрекетімен менің жоғарғы лауазымды қызметтерге сайлануыма негіз жасады, бейнелеп айтсақ бүкіл өміріме азық жасап берді деп айтсам артық айтқандық емес. Тұрекеннің бұл жақсылығын біз отбасымызбен ұмытпаймыз, оны үнемі еске алып қыздарым мен немерелеріме  айтып отырамын.Тұрекең мұндай жақсылықты тек маған жасаған жоқ . Оның шапағатын көргендер ауданда жүздеп саналады. Дегенмен, мен  «Жаның жәннәті болсын Тұрекем!» дегім келеді.

… Кеудесі жақсылардың алтын сандық,

Сандықты кілт болмаса кім ашады.

деп, халық әнінде жырланғандай,  мен кілт болып Тұрғын Қойшығараев секілді жақсы адамның образын аша алдым ба жоқ аша алмадым ба оны оқырман өзі шешер.Егер артық -кем кеткен жерім болса әз ағамның әруағынан кешірім сұраймын. Сонда да осы жазғандарым жастарға ғибрат болса екен деймін.

 

 

 

«Таластан да шыққан небір тау тұлға» кітабынан үзінді

Сламбек  Тілегени.

 

Қазақстанның Құрметті құрылысшысы.

Талас ауданының Құрметті азаматы

Тамды  ауылы. 28 наурыз  2016жыл