Құрыш құрылысшы

Құрыш құрылысшы.

(Бекежанов Тұрғынбек туралы естелік –  эссе )
Сламбек Тілегенидің «Таластан да шыққан не бір тау тұлға» кітабынан үзінді.
 
Өмірден ерте озған
  Асылбек Меркібайұлы мен
 Аманғали Рәтұлының
рухтарына арналады.
 
Біз кешегі ұлы ағаларымыздың алдын көрген бақытты ұрпақпыз. М.Әуезов – бізге үш жыл қатарынан «Қазақ ауыз әдебиетінен», «Абайтану» және «Манас» жырынан, «КСРО халықтары әдебиетінен»; З.Қабдолов – «Әдебиеттану», «Әдебиет теориясы» пәндерінен, Е.Смаилов – «Қазақ ақындарынан», Б.Кенжебаев –«ХХ ғасырдың басындағы қазақ  Әдебиетінен», М.Қаратаев – «Әдебиет сынынан»,  Т.Нұртазин «Қазақ Советі әдебиетінен» дәріс оқыды.Н.Сауранбаев, С.Кеңесбаев қазақ тілінен сабақ берді. Ұстаздарымыздың жүріс тұрысының өзі легенда болатын. Қызыға қарап бейне бір сахараның шөлінен шөліркеп келгендей ынтығып тыңдаушы едік.       Ғалым, мемлекет және қоғам       қайраткері М.Жолдасбековтың күнделігінен.  Өмір деп аталатын ұлы сапардың өн бойында өзіңе бұйырған мезгіл  мөлшерінлде талай-талай жақсыларымен жолығысып, 
ұлағатты ұстаздардың алдынан өтесің. Олар тиағдырыңа ықпал етеді екен. Ол біз ойлап тапқан жаңалық емес. Ықылым заманан солай болған, бола береді де. Әрине, бойыма ұлтымның адами қасиетін, табиғи талантын берген әке-шешеммен, қиын кезеңде дух берген жайындай жал етіп өмірден ерте озған Асылбек ағамның орны бөлек қой.Математикаға, техникалық ғылымдарға сүйіспеншілік ұстазым Айдархан Сүйенішбаевтың, әлеуметтік көзқарас, мамандыққа сүйіспеншілік ғалым-философ Тәуекелбек Жаңақұловтың, іскерлік, тәртіптілік пен жинақылық құрылыс ұйымдастырудың шебері Тұрғынбек Бекежановтың арқасында пайда болды. Еліңе қызмет етудің, атқару мен билік етудің шексіз қыры мен сырының қалыптасуы, жалпы азамат болып қалыптасуыма Ә.Жүргенов, Ә.Сатыбалдин, Р.Ерсейтов, Т.Қартабаев, А.Омаров, Б.Оразбекова, Сейілбек Әбдиев, Ә.Сағынтаев, Ә.Момбеков, Д.Дүйсенбин сияқты ағаларымның еңбегі зор.                             Автордың күнделігінен.
 
Өнегесін көрген, тәлім алған ағаларымды , ұлағатты ұстаздарымды көп сағынамын. Өзімді керуені қара үзіп, елі көшкен жұртта қалғандай сезінемін. Баз бірде жан әлемімді айтып болмас мұң кеулейді. Ойласам-ақ, ішім өрт шалған ормандай боламын. Ағыл-тегіл сағыныш сазынан сарғаямын, жүрегім талады. «Қайдасыңдар, асыл ағаларым!» деп шарқ ұрып іздеу салғым келеді.
Мектепте, институтта, сондай-ақ киелі өр Таласта қызмет істеген кезімде алдын көрген, содан кейінгі жылдары араласқан А.Сүйенішбаев, Т.Жанақұлов, Қ.Ермуханов, Ә.Жүргенов, Н.Кемелбеков, Р.Асадуллин, Ә.Сатыбалдин, Р.Ерсеитов, Т.Қартабаев, Б.Оразбекова, Қ.Шилібеков, А.Омаров, Т.Сейдуанов, Тұрғынбек Бекежанов, А.Райымбеков, Ә.Сағынтаев, Сейілбек Әбдиев, Ә.Момбеков, Д.Дүйсенбин, Ш.Шоңов, Б.Исабеков, Қ.Төлбасиев секілді асыл ағаларымды жиі еске аламын.
Мен, 1966 жылы аудан орталығы Ақкөл селосындағы Ақкөл орта мектебін алтын медальмен бітіріп, сол жылы Жамбыл қаласындағы гидромелиорация-құрылыс институтының «Өнеркәсіптік-азаматтық құрылысы» факультетіне конкурссыз қабылдандым. Орыс тіліне шорқақтығыма қарамастан сабақты үздік оқыдым, белсенді стипендиат, ғылыми конференциялардың дипломанты болдым. 1971 жылы институтты үздік бітіріп (ерекше дипломмен) еңбек жолымды Алматы қаласындағы «Казгипрозгем» жобалау институтында инженер болып бастадым. Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтында оқытушылардың жетіспеуіне байланысты институт ректораты мені СССР ауылшаруашылығы Министрлігі арқылы институтқа мұғалімдік қызметке жас маман ретінде шақырып алды. Институтта оқытушылық қызметімен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыстым. Москва қаласындағы Күйбышев атындағы инженер-құрылыс институтының аспирантурасына қабылдау кезінде өкпе ауруына шалдыққаным анықталды. Дәрігерлер маған шұғыл, әрі ұзақ емделуім қажет екенін айтты.
Бұл жай  небәрі 23 жастағы маған, арман  қуған жас жігітке ашық күнде төбеме жай түскендей әсер етті. Тез емделуге кірістім. Жамбыл қаласындағы  ауруханада, Алматы қаласындағы туберкулезге қарсы  республикалық ғылыми-зерттеу институтында, Теріс ащыбұлақ санаториясында үзіліссіз 18 ай емделіп жазылып шықтым. Бірақ бұл ұзақ емделу мені зор күйзеліске ұшыратты, оқытушылық-ғылыми жұмыспен мәңгілікке қоштастырды, бұл ауру мені ІІ-топтағы мүгедектікке әкеп соқтырды.
Ауыр дерттен жазылуыма әуелі бір Алла, одан кейін әке-шешемнің көз-жасы, бауырларымның шын тілеуі болған шығар.
Дегенмен, «Тас түскен жеріне ауыр» деген. Мен қазір психолог пен психотерапевттер айтып жүргендей стресске тап болдым, сары уайымға, қайғы мұңға беріліп, жалғыздыққа душар болып жапа шектім. Сырқатымның жұқпалы болуына байланысты достар, жолдас-жоралар, қызметтестер тез арада сырт айналып кетті. Тек бір адам ғана шын достық адал-пейілмен, үлкен адамгершілік қасиетімен, бір жарым жыл бойы менің қасымнан табылды. Ол сен жазыласың, сен әлі жұмысқа шығасың, арман-мақсатыңа жетесің, бақытты боласың деп үнемі құлағыма құйып отыратын. Он екіде бір гүлі ашылмаған, жоғары білімді, ата-анасының көзінің ағы мен қарасы, сұлу ерке бойжеткеннің болашағы бұлыңғыр жігітке осыншама қамқорлық жасауына біреу түсінді, біреу түсінбеді. Бірақ, Күлзи өзінің қанына біткен өжеттігімен, қайсарлығымен, соншалық мөлдірлігімен біздің достық сезімімізге ешқандай сызат түсірмеді. Бұл екінің бірінің қолынан келетін іс емес қой. (Отбасымыз туралы келесі тарауда толық айтылады – С.Т.)
ХІХ ғасырдың ұлы философы К.Маркс «Бақыт деген не?» деген сұраққа, «Бақыт күрес» деп жауап берген екен. Мен бір Аллаға сыиынып бақытты өмір үшін күрестім, әліде күресудемін. Жарық дүниеде өмір сүріп жүргеніме тәубе етіп, ұлы ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың төмендегі өлеңін бүкіл өміріме бағдаршам етіп алдым.
Қаға гөр қамсыз жүрген шақтарымнан,
Орынсыз, оқыс кеткен мақтанудан.
Сақтай гөр ақпай жатып суалғаннан,
Уайымсыз, қайғысыз шаттанудан.
Басыма берме бақыт үйіп-төгіп,
Жүрермін емін-еркін сүйіп көріп.
Біреулерден тұрғаным биік болып,
Жармасады жаныма күйік болып.
Жарты бақыт, жартылай уайыммен,
Жарты ғасыр ғұмырға шыдайын мен.
Осынау там-тұм ғана шыраиыммен,
Шыға алатын тауыма шығайын мен,
Бір сәнтім де артық зат берме маған,
Арланбаймын, жоғымды елден алам.
Бұл өмірге жалаңаш келген Адам,
Көрген адам, көбісін жеңген Адам.
Үйіп-төгіп бақытты берме маған…
Ақын жырлағандай тауым шағылып, жігерім құм болып, жарым-жартылай денсаулығыммен гидромелиорация құрылыс институтындағы оқытушылық-ғылыми қызметімді тастап, екінші туған ауылым болған, өзіме сондай ыстық, жол таппай тұрған қараңғылықта жарық сәуле шашып жүрегіме үкілі үміт ұялатқан Ақкөл селосына жұмыс іздеп қайта оралдым. Туған ауданыма келіп, жаутаңдап-қорғаныш, аяныш іздеп жүрген шағымда олар (жоғарыда аты аталған кісілер С.Т.) жылы жүзбен, түсіністікпен қамқорлығына алған ағаларым еді.
Бейне шөлдеп келген кісідей ол кісілердің сөздерін, ақыл-кеңестерін                аузымызды ашып, қайран қалып тыңдаушы едік. Тыңдаудан жалықпадық. Айтқан өнегелі сөздерін жүрегімізге сіңіріп өстік. Соларға ұқсауға тырыстық. Көп сында, реніште, ауыр сөздерде естідік. Бәріне шыдадық, соңында көңілге тоқыдық, қортынды шығардық. Шаршамадық, шегінбедік, ізденуден, оқудан, жазудан жалықпадық, сұраудан, білуден, ақыл-кеңес алудан ұялмадық. Бар деген жерге бардық, кел деген жерге келдік, ал дегенін алдық, бер дегенін бердік.
Өмір жәрмеңкесі ызғуыт, шым-шытырық дүние ғой, оған әркім әрқалай жолмен жетеді. Оқу, іздену, отбасын құру, шығармашылықпен, өндіріспен, халыққа қызмет көрсетумен айналыстық. Оң-солыңды тану секілді үлкен өмір жолында әлгі ағаларымнан көп үйрендім, басымнан сипап, ақылын айтып, мені мемлекеттік қызметтің даңғыл, әрі бұралаң жолына салды. Үлкен үмітпен қарады. Ұзақ жылдарда бойымда қалыптасқан қандайда бір қасиетім, мінім болса сол ағаларымнан келді ғой деп есіме аламын.Бүгінде ел танып, өзімді туған өлкеме таныта алсам – тағы да сол ағаларымның арқасы деймін. Менде ағаларымның үмітін ақтадым ғой деп ойлаймын.
Мен бүгінде өнегесі бәйтерекке айналған Әбілхайыр Сатыбалдин, Таластың наркескені Тамабек Қартабаев, ауданның нарқасқа жігіттерінің бірі Сәтбек Құрманбеков ағаларымыз туралы толғаулар жазғанмын, олар кезінде ресми баспасөз беттерінде жарияланған.
Бүгінгі әңгіме етіп отырған кейіпкеріміз – Таластың Бостандық аулының тумасы, тау-кен құрылысының инженері, бейнелеп айтқанда әмбебап «жөргегінен құрылысшы», құрылыс өндірісінің шебері, кезінде ауданды құрылыс алаңына айналдырған, мәдениетті, жоғарғы интектуаль мен тәртіптің иесі, басшыға да, қосшыға да, үлкенге де, кішіге де ізгілікті, бар ғұмырын жақсылыққа, қайырымдылыққа, тәрбиеге жұмсаған, алды кең басшы, ұлы жүз Дулаттың Бестерегінен тараған дала перзенті, қазір тамыры тереңге кеткен, жапырағын кең жайған үлкен әулеттің отағасы, айнымас табандылықты, өмірде ұстаған нәрсесін берік ұстаған, оңай жан емес, тағдыры қабат-қабат шың сияқты тұлға – Бекежанов Тұрғынбек.
Ұлы Отан соғысының ардагері, тау-кен өндірісінің инженері, Бостандық совхозының аға прорабы, №2011 жылжымалы құрылыс колоннасының бастығы, кәсіпкер, зейнеткер, КПСС мүшесі, Талас аудандық партия комитетінің он жылдан аса мүшесі және бірнеше шақырылымындағы аудандық Советінің депутаты болған, «Еңбек қызыл ту», «Халықтар достығы» ордерінің, көптеген медалдардың иегері марқұм Тұрғынбек Бекежанов біз сияқты жас маман, жас өскелең, ұрпақ үшін шын мәнісінде зор тұлға еді.
Осы кезде Сталин туралы Черчилль айтқан мына сөз есіме түседі. «Сталин Россияны соқамен қабылдап алып, артына космос спутнигімен жарақталған ұлы мемлекет ретінде тастап кетті» деген екен.
Тұрғынбек ағамыз, 1973 жылы аудан орталығы Ақкөл аулында орналасқан не базасы жоқ, не техникасы жоқ, не транспорты жоқ, не маман жұмысшы күші мен инженер-технигі жоқ, материалдық-финанстық ресурстары жоқ, қауқарсыз банкроттік жағдайдағы, зиян мен қарызға белшесінен батқан, жылына 600 мың сом көлемінде де құрылыс жұмыстарын жүргізуге шамасы келмейтін, құрылыс мекемесін қабылдап алып, небәрі 13 жылдың ішінде артына қуатты материалдық-техникалық базасы бар, әлеуетті материалдық, финанс, еңбек ресурстары бар, өзінің автоколоннасы бар, кәсіби инженерлік- техникалық қызметкерлері мен жұмысшы күші бар, ең бастысы заман талабына сай мердігерлік әдіспен құрылыс жүргізетін техникалық сауатты икемді, бастамашыл белгілі бір инжирингтік қызмет көрсету жүйесі бар, сондай ақ, жергілікті құрылыс материалдарын өндіретін өнеркәсібі бар, өз коллективін азық түлікпен қамтамасыз ететін қосалқы шаруашылығы бар, мықты құрылыс ұйымын қалыптастырып, абыроймен зейнет демалысына шықты.
Бұл – ақиқат, бұл – шындық. Ол аудан тарихы үшін – тарихи тұлға, құрылыс өндірісінің – шын майталманы. Өткен ғасырдың 70-90 жылдары ауданның құрылыс мамандарының ұстазы болған, отта шыңдалған құрыш құрылысшы мәртебелі ұстазым Тұрғынбек Бекежанов туралы білгенді жазу менің перзенттік борышым. Бұл жазғандарымды қазіргі өскелең жас ұрпақ оқыса ғибрат алса, мен мақсатыма жеттім деп есептеген болар едім.
Өткенге қайта оралайық. Мен Тұрғынбек ағаммен қалай танысқаным, қалай ол кісі мені жұмысқа қабылдағаны, қандай қызметкері болғаным, кейіннен ауданның бір басшысы болған кезімде онымен қандай әріптес болдық, шәкірті, идеялас пікірлесі, өмір деген аласапыран аққұйын майданның қандай жауынгері болдық соған тоқталайын.
Жоғарыда айтқанымдай денсаулығыма байланысты институтта оқытушылық қызмет атқаруға дәрігерлер рұқсат етпегендіктен мамандығым бойынша Ақкөл ауылына бардым. Аудан орталығы болғандықтан Ақкөл ауылындағы үлкенді-кішілі 20 шақты мекемелерінде болдым. Сол кездегі Ильич адындағы савхоздың ірі қара фермасының веттехнигі, ауданға белгілі мал маманы Меркібаев Мәдібек ағайымда мені жұмысқа орналастыру жөнінде бірқатар мекеме басшыларымен жеке-жеке кездесіп, барынша іс-әрекет етті. Кейбір мекеме басшылары менің мектепті де, институтты да  үздік бітіргеніме, ауданның тумасы және жас маман екеніме қызығушалық танытқанымен, «ойланайық, көрейік, хабар бізден болсын» деген құрғақ уәдеден аса алмады.
Алайда, мен жастығыма салып ауданға саяси басшылық жасайтын бірден бір орган аудандық партия комитетінің ауданда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, транспорт, энергетика, жол, ұйымдастыру – партиялық жұмыс, кадр мәселерімен айналысатын екінші хатшысы Ерсейтов Рахыжанның қабылдауында болдым.
Хатшыға барлық жағдайымды асықпай баяндадым. Денсаулығыма байланысты институттың оқытушылық қызметтен кеткенімді, тәжірибемнің жоқ екендігіне қарамастан нақ осы туған ауданымда мамандығым бойынша жұмыс істеуге құштар екенімді, бірақ жұмысқа орналаса алмай жүргенімді хабардар еттім. Жұмысқа орналасуыма ықпал етуін сұрандым. Рахаң менің өтінішімді мұқият тыңдап: «Аудандағы бірден-бір мердігер ұйым – №2011 жылжымалы мехникаландырылған колоннасының (бұдан былай – ПМК 2011 – С.Т.) бастығы коммунист Тұрғынбек Бекежановтың қабылдауында болдың ба?» деп сұрады. Мен «Жоқ» деп жауап бердім. «Неге?»  деп тағы сұрады. «Мердігерлік әдіспен құрылыс жүргізу күрделі процесс. ПМК-да жұмыс істеуге менің денсаулығым жарамайды. Қорықтым.» дедім. «Жоқ» деп ол кесіп айтты. Сен түсін, ауданда таратып айтқанда; ауыл шаруашылық басқармасында штат бойынша 1 құрылыс инженері, Ақкөл су жүйелері басқармасында 1, аудандық коммуналдық шаруашылық комбинатында, аудандық тұрмыстық қажетін өтеу комбинатында, аудандық «КазСелхозтехника» бірлестігінде, сондай-ақ 10 совхозда бір-бірден прораб барлығы 15 штат қаралған. Бұл қызметтерді тиісті жолдастар атқаруда. Сен бұларды қоя тұр. Ауданда жаңадан құрылған құрылыс колоннасының болашағы зор. Келешекте бұл мекеме құрылыстың қара шаңырағы болар. Партия мен үкімет ауыл шаруашылығымен қатар, әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық-коммуналдық құрылыстар соғуға кейінгі кезде ерекше көңіл бөлуде. Менің ақылым сен осы құрылыс колоннасына жұмысқа тұр. Бекежановқа жолық, мен де бір ауыз айтам. Құрылыс колоннасына тап қазір сен сияқты жоғары білімді, техникалық сауатты жергілікті құрылыс инженерлері қажет. Бекежанов шаруасы төрт тағандап құлап жатқан мекемені төрт аяғынан тік тұрғызу үшін құрылысты маман кадрлармен жасақтауда мақсатты жұмыстар жүргізуде. «Ал, денсаулығыңа келсек Бекежанов тек тәржірибелі ысылған іскер, білгір маман емес, адамгершілігі мол, қамқор талантты басшы. Саған қамқорлық жасайтын шығар. Сөздің тоқ етері осы қара шаңырақта өс, өн, көгер, көкте, мен саған соны тілеймін деп» сөзін аяқтады. Тауым шағылып жігерім құм болып жүрген маған хатшының бұл сөзі, ақыл кеңесі қанша партиялық тілде айтылса да, менің маңдайымнан сипағандай әсер етті.
Сонымен, мен көп кешікпей колонна бастығы Тұрғынбек Бекежановтың қабылдауында болдым. Мені Тұрғынбек ағамыз іскер басшыға және өндіріс ұйымдастырушыға  тән жақсы көңіл күймен қабылдады. Өзім туралы айтқан өмір дерегімді аса ыждахаттықпен тыңдап, кей сәттерде сұрақтар да қойып, менің жағдайыма бейтарап қарамай отырғандығын, сондай-ақ сынай зертеп отырғанын танытты. Ертең маған мамандығың туралы, оның қосымшасы туралы, еңбек кітапшаңды алып кел, шешімімді содан кейін айтамын деді. Мен ол кісінің қабылдауынан жақсы әсермен, көтеріңкі көңілмен шықтым. Тура бір өзімнің қамқор адамымды тапқандай болдым. Шын мәнісінде ол кісінің алды кең еді. Бастықтың креслосында қапсағай бойлы, иықты, кең маңдайлы, өткір көзді, құс мұрынды, мүскіні шыңдалған құрыштай, жаратылған бәйге атындай, бабынан таймаған  қыран бүркіттей қомданып отырған, бойында күш қутты мол, түйсігі кемелденген қырықтың ортасындағы жігіт ағасын көргендей болдым. Кәзір ойлап қарасам, оны  Республикамызға  белгілі сатирик-жазушы марқұм Оспанәлі Иманалиевтің (Мақала естелік болғандықтан марқұм болған кісілердің аттары көптеп кездеседі, сондықтан олардың бәрін марқұм деп атап жазбай-ақ қоюды мақұл көрдік. С.Т.) Бекежановтың бойындағы қажы-қайратын, ақыл ойын, қиын жерден жол тауып кететін іс-әрекетін жоғары бағалап оны  құс патшасы сұңқарға теңеуі тапқырлығы екен ғой..
Жә, менің жұмысыма байланысты мәселеге көшейік. Уәделескеніміздей ертесіне сегізде Бекежановтың қабылдауында болдым. Барлық учаске басшыларының, инженер-техникалық қызметкерлердің, басқа да жауапты мамандардың қатысуымен бастықта таңертеңгілік планерка (лездеме) болатыны құрылыс ұйымдарындағы қалыптасқан жай ғой. Өндіріс мәселелерін шешудегі қызу айтыс-тартыс, ұсыныс, пікір-талас, әр сала жетекшілерінің, мамандардың есептері, ақыры бір байламға келу осы лездемеде талқыланып шешіліп жататын. Тұрекен мені осы лездеме үстінде шақырып дипломыммен және еңбек кітапшаммен танысты. Дипломым – үздік диплом ғой одан қорықпаймын, Тұрекең еңбек кітапшаммен танысқан кезді жүрегім қобалжып, бойымды қорқыныш сезім биледі. Себебі кітапшадағы соңғы жазу екінші топтағы мүгедек болуыма байланыста оқытушылық қызметтен босатылсын деген еді. Мүгедекті қай басшы қызметке алсын.
Мына жігіт осы Талас ауданының тумасы екен.  Ақкөл орта мектебін алтын медальмен біртірген, институтты үздік бітіріп, Москва қаласындағы мақсатты аспирантураға қабылданған, жуырда ғана денсаулыныа байланысты мұғалімдік жұмыстан босатылған. Тамырымда емес, танысымда емес, туысымда емес, туғаным да емес. Денсаулығы да жоқ, тіпті өндірістік тәржірибесі де жоқ. Бір-ақ бойында жұмысқа деген құштарлық, бүкіл болмысында тәртіптілік пен біліктілік, институт қабырғасында қалыптасқан терең техникалық сауаттылық бар ғой деп ойлаймын. Мына өздерің жұмыс істеп жүрген өгізі өліп, арбасы сынып, төрт тағандап құлап жатқан мекемені аяғынан тік тұрғыз деп мені аудандық партия комитетінің бюросы Бостандық савхозының аға прорабы қызметінен осы қазметіне қойғанын жақсы білесіңдер. Біз құрылысты қарқынды жүргізіп мекемені аяғынан тік тұрғызуымыз керек.
Қай кезде болсада істің тетігін кадр шешеді, сондықтан колоннаны білікті маманмен жасақтау жөнінде нақты жұмыстар жүргізіп жатқанымды өздерің көріп отырсындар. Қысқасы, Мейраш қалқам, сен Ақкөл учаскесіне мастер болып барасың, сенің орныңа өндірістік-техникалық бөлімнің техника қауіпсіздігі инженері кызметіне мына жігітті қабылдаймын деп сөзін аяқтады. Ия, мен  ұзаққа созылған сергелдеңнен кейін алғаш рет өз инициативам бойынша жұмысқа қабылдандым. Шығыстың бір данышпаны «Адам өмір бақи бақытты бола алмайды, оның тек ұмытылмас бақытты сәттері болады» деген екен. Менің  өз мамандығым бойынша жұмысқа орналасуым бақытты сәттерімнің кезекті бір мезеті болды десем артық айтқан болмас едім. Осындай бақытта кенелткен, оқуда мол сусындаған инженерлік біліміді практикалық іс жүзінде асыруға, сондай-ақ өндіріске еңгізуге негізін қалаған Бекежанов сияқты әз-ағаларымызды ұлықтау мен сияқты інілеріне жалпы шәкірттеріне аманат қой. Ауданға емес, облысқа, республикаға, Одаққа белгілі болған бірден-бір құрыш құрылысшы Тұрғынбек ұстазымыздың еңбегі кезінде елеп ескерілмеді. Тіпті оған тірі кезінде екінің бірі алып жатқан «Талас ауданының құрметті азаматы» атағы да берілмеді. Бір кем дүние деген осы!
ХХ ғасырдың 70 жылдарының басында республикмызда  шөл және жартылай шөлейтті аймағына орналасқан Талас ауданында халық шаруашылығы дамуының жайы, әсіресе құрылыстың жайы облыстың басқа аудандарына қарағанда төзгісіз жағдайда  еді. Осы бір қиын, қилы кезең туралы Ә.Сатыбалдин туралы «Таластан да шыққан небір тау тұлға» (2009 жыл), Т.Қартабаев туралы «Таластың наркескені» (2011жыл), С.Құрманбеков туралы «Шабыт тек поэзияда ғана емес, есепке де қажет» (2012 жыл), туған жерім Тамды ауылы туралы «Тарихи тағылым» (2012 жыл), осы кезеңдегі құрылыс туралы «Все что построил, для людям» (Знамя труда 2009 год) естеліктерімде толық талданып, әрі таратылып жазылған. Сондықтан ауданның жағдайына көп тоқталмай, тек бүгінгі тақырыпқа байланысты негізгі мәселелерге ой тоқтатқым келеді.
Ауданның өнеркәсібі, шаруашылығы, тұрмысы, мәдениеті, дамымай кейіннен республикамыздың арта қалған 30 ауданының біріне жатқызылғаны осыған айғақ. Ауданда тек мал шаруашылығы, онда да өнеркәсіптік негізде емес ата-баба тәржірибесіне, жер, ауа райы, климат ерекшеліктеріне сәйкес өркендеп, аудан малшыларының қажырлы, жанқиярлық еңбектерінің арқасында жоғарғы көрсеткіштерге  қол жеткізіліп отырылған. Аймақтың әлеуметтік, мәдени – тұрмыстық ахуалы ешқандай сын көтермейтін. Өнеркәсіп, егін шаруашылығы, траспорт, коммуналдық қызмет, байланыс, энергетика саласын дамыту жоғарғы билік тарапынан  ұмыт қалғандай десе де болатын. Ал, экономиканың басты саласы құрылыс туралы пәлендей әңгіме қозғаудың өзі артық еді. Себебі: бұл кезде ауданда мамандандырылған құрылыс ұйымы болмаған. Азды көпті құрылысты біздің ауданнан бөлініп шыққан Сарысу ауданының Байқадам селосында орналасқан ПМК-2009 құрылыс колоннасы жүргізетін. Елді мекендердің архитектуралық келбеті, өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс салудың жайы, әсіресе бірнеше рет аудан орталығы ауыстырылып орналастырылған. Ақкөл селосында төзгісіз жағдайда болатын.
 Мамандандырылған құрылыс ұйымы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарыдың басында № 20 «Джамбулсельстрой» трестіне қарасты №2011 жылыжымалы механикаландырылған колонна болып құрылып аудан орталығы Ақкөл ауылына орналастырылды. Колоннаның тұңғыш бастығы болып аудандығы бірден-бір жоғары білімді құрылыс маманы, аудандық ауылшарушылығы басқармасының бас құрылыс инженері Кеңесбай Басқанбаев ағамыз тағайындалды. Кеңесбай ағамыз колонна бастығы болып ұзақ  істеген жоқ, аз уақыт ішінде трестке смета-келісім шарт бөлімінің бастығы болып Жамбыл қаласына ауысып кетті. Дегенмен, ағамыз жоқ жерден құрылыс колоннасының  негізін қалады, кейіннен де жоғарғы орындарда басшы қызметтерде жүріп аудандағы құрылыс объектілерінің жоба-сметалық құжатарының сапалы әзірленуіне, құрылыс объектілерін жоспарға енгізуге, соғылуына, сондай-ақ уақытында пайдалануға берілуіне зор үлес қосқан азамат.
Кеңесбай ағамыз ауысып кеткенен кейін колоннаға бастық тұрақтамады. Дұрыс басшы болмағаннан кейін жанадан құрылған құрылыс мекемесінің жұмысы барлық жағынан құрдымға кетті десекте болады. Бекежанов Тұрғынбек ағамыздың құрылыс колоннасына бастық болуы осы кезеңмен тұспа тұс келді. Тұрекең мекемені қабылдаған кезде материалдық-техникалық өндірістік базасы жоқ, құрылысшы мамандары тапшы, аты механикаландырылған дегенмен еншісінде бірде-бір техникасы жоқ мекеме еді. Ал, қаржы-финанстық, экономикалық-есеп жұмыстары мүлдем бетімен жіберілген. Құрылыс колоннасы ауданға бөлінетін күрделі қаржыны тек 28-33% ғана көлемінде игерілуін қамтамасыз етті. Пәрменді бақылау мен қадағаның жоқтығынан объектілер уақытында пайдалануға берілмеді, бірте-бірте «сақалды» объектілердің көбеюіне жол берілді, құрылыс материалдары мен жалға алған техника жөн-жосықсыз пайдаланылды, мемілекеттік мүліктін ысырапқа, талан-таражға түсуіне жол берілді. Нәтижесінде орынсыз шығынға және қарызға белшесінен батып, өзін-өзі қаржыландыруға құрылыс нормалары және ережелеріне (СНиП) сай жылма жыл 6% таза пайда табудың орнына, тұрақты зиянды ұйымға айналды. Қарымды инженерлік-техникалық жүйе қалыптастыру мен құрылыс сапасын арттыру туралы сөз айтудың өзі артық еді. Қосалқы мердігерлер мен қосымша жалдамалы ұйымдар білгендерін істеп бақты. Жұмысшыларға еңбек ақы айлап берілмеген, тіпті жекелеген объектілерде құрылыс жұмыстары тоқтап қалған.Осы кездегі «шулы», «сақалды» объектілердің қатарына тек аудан орталығы Ақкөл селосындағы әлеуметтік маңызы зор 100 төсектік аурухана комплексін, баспахана мен мемлекеттік банк Үйлері ғана емес, Ойық совхозындағы 640 оқушыға арналған жаңа үлгі жобадағы мектеп құрылысы да енді. Бір сөзбен айтқанда бұл мекеме аудан басшыларының басын ауыртып, аудан тұрғындарының теріс қоғамдық пікірін туғызды.
Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының  алға баспауына аудандағы басқа да объективті және субьективті факторларда өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Әрине құрылыс жүргізу күрделі процесс. Құрылыс елді мекендерде соғылады. Ал, елді мекендер ортасы адамның өмір сүру жағдайлары мен психикалық-физикалық жай-күйін айқындайды. Адам мекендейтін ортада құрылыс жүргізу өз кезегінде коршаған ортаға, сәулеттік-ландшафтық ортаға және ішкі ортаға тәуелді. Яғни, бұл күрделі процесс аймақтың табиғатына, климатына, атмосфералық ауасына, жердің озон қабатына, жердің қыртысына, жер беті және жер асты суларына тікелей байланысты, әрі тәуелді.
Талас ауданы орналасқан аймақты құрылыс тілімен айтқанда аса қолайлы адам мекендейтін орта деп айта алмаймыз. Ауданның бірқатар елді мекендері шөл-шөлейтті, құм-құмайтты, сор-сортаң аймақтарда орналасса, бірқатары таулы, қыратты, тастақты аймақтарда орналасқан. Климаты өте құбылмалы, шаңды боранды, қарлы боранды, ылғалсыз жыл мезгілдері ұзақ. Жазы өте ыстық созылмалы, қысы суық қысқа. Жазды күні ауданның кейбір аймақтарында ауаның температурасы   +46°С  дейін  көтеріледі,  қысты   күні -46°С дейін төмендейді. Жердің тоң қабаты 96 см – ден 156 см жетеді. Жер қыртысының құрамы алуан түрлі. Жер қыртысының құрылысқа қажетті тереңдігінде құм,  супесь, суглинок, глина, керіш (V-VII топ), галечник, шағал, тас (VI-VIII топ) кездеседі. Ауданнның басым аймақтарындағы елді мекендердің жер асты сулары тұзды, минералды болғандықтан фундаментке және басқа да конструкцияларға цементтің ерекше маркаларын, гидроизоляцианың ерекше түрлерін қолдануды қажет етеді. Ауданның басым көпшілік аймағының сор және сортаңды жерге орналасқандықтан табиғи құм, топырақ, шағал сияқты инертті материалдар құрылысқа пайдалануға мүлдем жарамсыз болып шықты. Қарапайым жер асты суының өзі құрылыс материалы ретінде пайдалануға мүмкіндік бермеді. Қорыта айтқанда, осы факторлар құрылыс сапасын артыруға, құрылыстың құнын төмендетуге, объектілердің соғу мерзімін қысқартуға теріс әсерін тигізбей қойған жоқ.
Жаңадан болған  басшы Т.Бекежановтың алдында бұл мәселелерді түбегейлі шешу міндеті тұрды. Және бұл міндетті абыроймен жүзеге асырды да. Небәрі екі жылдың ішінде құрдымға кеткен құрылыс колоннасын аяғына тік тұрғызды. Аудандық партия комитетінің және аудандық Советі атқару комитетенің жанды көмегінің арқасында кадр мәселесін шешті. Жұмысқа жер-жерден жоғарғы құрылыс мамандығы бар жергілікті кадрлар көптеп тартылды. Бірнеше жыл кадр тұрақтамаған колоннаның бас инженеріне Ушарал селосының тумасы, трестің еңбек ақы төлеу бөлімінің бастығы,   тәжірибесі мол, жоғарғы білімді құрылыс инженері Омаров Аманкелді тағайындалды, Ақкөл учаскесінің бастығы әрі аға прорабы болып Жданов атындағы ауылдың тумасы, облыстағы ең үлкен Фурмановка селолсындағы № 2006 құрылыс колонна бастығы Э.Г.Эгхардтың өнегесі мен тәрбиесін алған, білгір маман Бегалы Ахатаев, бас экономист қызметіне Москва қаласындағы ауылшаруашылығының экономикасы институтын үздік бітірген, Жамбыл техналогиалық  институтында оқытушылық қызмет атқарып жүрген, Кеңес аулының тумасы Аманкелді Сонарбеков, бас бухгалтерлікке  және бастауыш партия ұйымының секретарлығына Бостандық совхозының бас бухгалтерінің орынбасары Тайыр Төлеков шақырылып, жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ Павлодар индустриалдық-құрылыс институты мен Қазақ политехникалық институтының түлектері жас мамандар Мейраш Ерікбаева, Биболат Адиловтар сол қиын кездері еңбек жолын осы мекемеде бастағандар. Мекемені маман жұмысшылылармен қамтамасыз етуде Тұрекең барлық айла-тәсілді қолданды. Облыстық еңбекке орналастыру бюросы арқылы Одақтың түкпір-түкпіріне сұраныстар жіберілді, ресми баспасөз беттерінде хабарландырулар үнемі жарияланып тұрылды. Колоннаны кәсіби жұмысшы күшімен қамтамасыз ету аудандық партия комитетінің, аудандық  Советінің сесиясы мен атқару комитетінің мәжілісінің,тресттің коллегия отырысының күн тәртібінен түскен емес. Аудандық комсомол комитеті арқылы арнайы жолдамамаен кәсіптік-техникалық училищелерге жергілікті жастар көптеп жіберілді.
Азғана уақыт ішінде мекемеде техникалық сауатты, мықты инженерлік-техникалық корпус қалыптасты, коллективке жан-жақтан маман тас қалаушылар, бетон құюшылар, монтажниктер, ағаш ұсталары, әрлендірушілер, токарь, слесарь т.б. құрылысшылар көптеп келе бастады. Колоннада икемді инженер-техникалық корпус, арнайы бригадалар қалыптасты. Инжирингтік қызмет бір жүйеге келтірілді, қосалқы мердігерлер мен жалдамалы ұйымдарға талап күшейтілді. Ұйымның өнеркәсіптік базасын нығайту мен материалдық – техникалық жабдықтауды жақсарту мақсатында ықпалды шаралар жүзеге асырылды. Өнеркәсіптік негізде құрылыс бетоны мен ерітінділер өндіру, ағаштан шатыр мен еден материалдарын өңдеу,есік, терезе жасау құрылыс бетоннан әрлеу материалдарын құю, токарь  станогы арқылы өнім шығару қолға алынды, әрі дамытылды. Мекемеден өзіндік автоколонна құрылды. Аудан совхоздарынан көмекке автокран, бульдозер, эксковатор, электрмен дәкерлеу аппараттары алынып  пайдаланылды. Трест құрылымдарынан жалға алынатын машина-мехнизмдердің жұмысына қадаға күшейтілді. Сондай-ақ, Рысқұлбек Сейітбеков басқаратын бас механик бөлімінің жұмысы барынша жандандырылды.
Бұл кезде қайсібір құрылыс ұйымдарын құрылыс материалдарымен, конструкциялармен, детальдармен және қондырғылармен қамтамасыз ету қазіргі жағдаймен салыстарғанда өте-мөте күрделі еді. Қазір базарға, құрылыс материалдарын сататын дүкенге барсаң, немесе құрылыс конструкиаларын шағаратаын фирмаға барсаң қаржың болса кез-келген затты аласың. Ол кезде бұл мәселе бұлай  оңай шешіле салмайтын. Құрылысқа қажетті материалдар, конструкциялар және жабдықтар алдын ала трестке, республикалық, одан кейін Одақтық министірлікте тапсырыс берілетін. Одақтық министірлік өз кезегінде тапсырысты қабыл алып, жабдықтаушы кәсіпорындарды белгілеп, кесте бойынша трестерге бөліп беретін. Жекелеген құрылыс конструкциалары мен детальдар Жамбыл қаласында әзірленгенімен, күрделі конструкциалар (9м,18м,24м балкалар мен фермалар, колонналар, стахандар, ригельдер) басқа облыстардан, тіпті басқа одақтас республикалардан әкелінетін. Жоғарғы маркалы цемент, шифер, маркасы 75 тен жоғары кірпіш, силикат және отқа төзімді кірпіштер Қырғызстаннан тасылатын. Ал, құрылысты металл прокаттарымен, фарфор-сантехникалық, керамикалық және басқа да әрлеу плиткаларымен, электр жүйелерімен, жабдықтарымен, тіпті қарапайым лампочкалармен жабдықтау қиынның қиыны еді. Себебі, олар Россиядан, Закавказье мен Прибалтика, Орта Азия республикаларынан алынатын.
Тек, Бекежанов ағамыздың табандылығының, тынымсыздылығының, қадалған жерден қан алатын принципшілігінің, қайтсем колоннаның жұмысын аяғынан тік тұрғызамын деген мақсаткерлігінің арқасында мекемені кадрлармен және жұмысшы күшімен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық жабдықтау, машина-механизмдері ұтымды пайдалану, объектілерді уақытысында іске қосу, аккордтық еңбек  ақы төлеу, құрылыстың сапасын арттыру жұмыстары  бір жүйеге келтіріле бастады. Осы мақсатта Тұрғынбек аға мұз жастанып, қар кешті, ауыздықпен су ішті, демалысты ұмытып, баратын жерге барды, көрмеген жерді көрді, басын бәске тігіп, қазірше кәсіпкерліктің бас қағидасымен айтсақ ұдайы тәуекелмен жұмыс істеді. Ұйықтамады, трестің облыс бойынша барлық құрылыс ұйымдарын материалмен, техникамен, машина – механизммен қамтамасыз етуді ұйымдастырып бас диспетчері «по звонку Бекежанова мы сверяем часы. Потому что он звонит ровно в 700 часов утра и решает свой вопросы раньше всех» деген сөз ел аузында бекерден бекер дуалы сөзге айналған жоқ.
Нәтижесінде, 1973-1974 жылдары құрылыс сау мерзімі шектен тыс ұзап кеткен Ақкөл ауылынлағы 100 төсектік аурухана комплексі, баспахана және банк Үйі, 90 орындық бала бақшасы, Ойық ауылындағы 640 орындық орта мектебі, Бостандық  совхозындағы машина-трактор жөндеу шеберханасы, Шолақтау совхозындағы 500 тонналық жаңа жобадағы көкөніс сақтау қоймасы құрылыстарының жұмысы аяқталып пайдалануға берілді. 1974 жылдың қортындысы бойынша ПМК  құрылғалы  5 жылдың ішінде алғаш рет бас мердігер бойынша да, өз күшімен игерілетін қаржы бойынша да жоспар артығымен  орындалды. Еңбек ақы қоры сақталып, жұмысшыларға айлық ай сайын уақытылы беріле бастады. Қосалқы мердігелерге талап күшейтіліп, артық қосымша шығын қысқартылды. Экономикалық-финанс, бухгалтерлік-есеп жұмыстары жақсартылып, кредиторлық қарыздар жойылды, мекеме зиянды шаруашылықтан табысты шаруашылыққа айналды.
Құрылыс колоннасының жұмысындағы осындай күрт ілгерілеушілік  трест, аудан басшыларының, тіпті облыстық партия комитеті мен облыстық Советі атқару  комитеті басшыларының мекемеге деген көзқарасын күрт өзгертті. Бұрын біздің атымызды естісе қаржысыз, берекесіз мекеме деп кашатын қосалқы мердігерлер, облыстық деңгейдегі құрылысқа қызмет етуші мекемелер, тапсырыс берушілер, сондай-ақ аудан жұртшылығы мен қоғамдық ұйымдар мекемеге сеніммен қарайтын болды. 1975 жылға колоннаның өндірістік жоспары екі есеге астам өсті. Оған дәлел облыстық кинофикация басқармасы өзі тапсырысшы болып кредит қаржы есебінен Ақкөл селосынан 420 орындық кинотеатр соғуға біздің ПМК-ға сенім білдіріп, құрылыстың 1975 жылы басталуына қол жеткізуі.
Бұрыңғы естеліктерімде жазылғандай ауданның халық шаруашылығының деңгейі осы кезде барлық сала бойынша кенжелеп қалған еді. Осы тұста қабылданған КПСС Орталық Комитетінің ауыл шарушылығын одан әрі дамыту туралы қаулысы ауданымызғы ерекше жан бітірді. Сол кездегі ауданның партия комитетінің бірінші секретары Р.Ш.Асадулин, аудандық советі атқару комитетнің председателі Ә.Сатыбалдин жолдастардың тізе қосып әрекет етулерінің арқасында ауданда мал шаруашылығы мен егін шарушылығын өнеркәсіптік негізге көшіру, ауыл және су шаруашылығы объектілері мен ғимараттарын, әсіресе совхоздарда мал бордақылау алаңдарын, товарлы сүт, қымыз фермаларын, кормоцехтар, машина-трактор жөндеу шеберханаларын соғу, сондай–ақ әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық-коммуналдық объектілер тұрғызу жөнінде Одақтық министірліктерден, мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлдіруге жанқиярлықпен еңбек етті десек артық емес. Жылға, бесжылдыққа қыруар қаржы бөлінді. Тұрғынбек  ағамыздың алдында бөлінген қаржыны жылма-жыл игеру, зиянды мекемені табысты мекемеге айналдыру, өндірістік, материалдық-техникалық базаны нығайту, финанс және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану, жұмысшы-қызметкерлерге жағдай жасау, қуаттар мен объектілердідерді дер  кезінде іске қосып аудан шаруашылықтары  мен тұрғындардың игілігіне сапалы, заман талабына сай соғылған объектілерді ұсыну сияқты жауапкершілігі зор міндет тұрды. Тұрғынбек ағамыз бұл міндеттерді абыроймен орындап, колоннаны тапжылмай 13 жыл істеп құрметті зейнет демалысына шықты деп шын сеніммен айта аламын.
Қосымшада берілген №1 суретте 1973 – 1992 жылдары аудан бойынша құрылыс колоннасының күшімен соғылған объектілердің схемасы берілген. Бұл схемадағы  соғылған барлық объектілер туралы айтып жатудың жөні жоқ. Әрбір объектіні соғудың өзінше ерекшелілігі, күрделілігі, қиындылығы бар. Әрбір объект-тарих.  Әрбір соғылған объектіде Тұрғынбек ағамыздың маңдайының тері бар, басқан аяғының ізі бар, намысы мен ар ожданы бар, бағы мен бақыты бар, ризашылығы мен реніші бар,  таланты мен дарыны бар, қасиеті мен міні бар, кейінгі ұрпақ ғибрат алатын өнеге мен тәлім тәрбиесі бар….
Осындай объектілердің қатарына Ақкөл совхозындағы 200 биеге арналған қымыз фермасы комплексін, 30 тракторға арналған техникалық қызмет көрсету пунктін, Ойық совхозындағы 5000 бастық қой бордақылау алаңы комплексін, Ойық, Бостандық және Кеңес совхоздарының машина трактор  жөндеу шеберханаларын, Ақкөл ауылынан 100 төсектік аурухана комплексін, 600 орындық Мәдениет Сарайын, 420 орындық кинотеатрын, кәсіптік техникалық училишесі комплексін, аудандық байланыс торабыҮйін, тұрмыстық қызмет көрсету комбинатын, 1176 оқушыға арналған орта мектебін, аудандық Совет Үйін, Талас асыл тұқымды заводындағы 1176 оқушыға орта мектепті, 600  көрерменге арналған Мәдениет Сарайын, Ойық савхозындағы 640 орындық мектепті, 600 орындық Мәдениет Сарайын, Ильич атындағы және Майтөбе  совхоздарындағы жаңа үлгі жобадағы мектептерді жатқызуға болады. Колонна басқа мердігерлердің (Облмежколхозстрой) кінәсынан  құрылысы тоқтап қалған Бостандық совхозындағы  400 орындық мәдениет Сарайы мен сауда Үйінің, Кеңес совхозындағы машина-трактор жөндеу шеберханасының  құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға берді. Біреудің қоқысын жинау әрине қиын, бірақ Тұрекең аудан үшін жаны ашып солай істеді.
Құрылыс колоннасымен бірге оның колективінің де беделі артты. Мекеменің жұмысшы-қызметкерлерінің  ішінен облыстық және аудандық Советтерге және Ақкөл селолық Советіне бірнеше депутаттар сайланды. Колоннаның жұмысшысы Ташенов Қаратау аудандық Советке депутат, атқару комитетіне мүше болып сайланды. Ал Тұрғынбек ағамыз аудандық Советтке үзіліссіз 10 жылдан аса депутат болды. Бұл депутаттар  ПМК-да туындаған ең өзекті мәселелерді аудандық Советтің сессиясының, атқару комитетенің мәжілісінің алдында қоя отырып, олардың дұрыс шешілуіне ат салысты.
Өндірісте ерекше қол жеткен табыстары үшін колонна коллективі ауданда, облыста, республикада бірнеше дүркін социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Коллектив ауданның Құрмет тақтасынан, жекелеген жұмысшы-қызметкерлері  облыстың Құрмет тақтасынан орын алды. Құрылыс колоннасының коллективі Одақ көлеміндегі құрылыс ұйымдарының арасындағы ерен қаһармандық еңбегі үшін КПСС Орталық Комитетінің СССР Министірлер Советнің, ВЦСПС-тің, ВЛКСМ Орталық Комитетінің естелік Дипломымен мадақталды. Бұл марапат сол кездегі Одақтың ең жоғарғы марпатының бірі еді. Жоғарғы биліктің құрылыс колоннасына  деген бұл марапаты тек біздің мекемеге емес, ауданға, облысқа берілген марапат деп түсіну керек.
Бірақ, марапат міндет те жүктейді ғой . Осыны түсінген  Бекежанов аға қол жеткен табыстарға тоқмейілсімей, құрылысты қарқынды жүргізу мақсатында дәйекті шараларды жүзеге асыруды алдына мақсат етіп қойды. Аудан, облыс басшыларына арқа сүйей отырып, аудан совхоздары және мекемелерімен, облыстық ауылшарушылық басқармасымен (бас  құрылыс инженері Ш.Измайлбаев), облыстық Совет атқару комитетінің күрделі құрылыс бөлімімен (бастықтары Ж.Каюпов, Б.Алдашов, А.Балғынбаев, Р.Тойшыманов), тресттің басшылығымен, бөлімдері және барлық сатыдағы тапсырыс берушілермен, қосалқы мердігерлермен, әріптестермен, жобалаушылармен, банктермен және құрылыс инспекцияларымен іскерлік байланысты күшейтті. Тіпті республикалық селолық құрылыс министрімен тікелей байланысқа шықты. Колоннаның базасы одан әрі нығайды, негізгі және айналмалы қоры өсті. Министірліктен тікелей қуатты эксковаторлар, 10, 16 тонналық автокрандар, мұнаралы кран, бульдозер, кіші механизмдер, автобус, жеңіл және ауыр автомашиналар алынды. Дәл осы тұста, аудана құрылыс салудың «алтын кезеңінде» колонна шын мәнінде «механикаландырылған» колоннаға айналды. Қуатты, әлеуетті мекеме алдына қойған міндетін жылма жыл орындауды әдетке айналдырды. Аудан бейнелеп айтсақ, шын мәнінде үлкен құрылыс алаңына айналды.
Сондай-ақ, Тұрекең мекеменің жұмысшы-қызметкерлерін өзі өндірген азық –түлікпен қамтамасыз ету бағытында да орасан зор жұмыстар атқарды. Осыған орай құрылыс колоннасы жанынан ауданда бірінші рет қосалқы шаруашылық  ұйымдастырылды. Жайылымдық және егістік жер бөлінді, мал қоралары соғылды, скважина қазылды, су мұнарасы басқа да ғимараттар тұрғызылды, көп жылдық шөп егілді. Аз уақыт ішінде мал басы (қой-ешкі) 2000 басқа жетті, өз жұмысшыларын мал өнімдерімен қамтамасыз ету түпкілікті шешілді, коллективті бақша және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету де қолға алына бастады. Жұмысшылар мен қызметкерлерге тұрмыстық жағдай жасау, олардың демалысын ұйымдастыру да назардан тыс қалған жоқ.  ПМК-ның өз асханасы, өз моншасы, Ақкөл көлінің жағасында өз демалыс үйі оларға қалтқысыз етті. Бір қызығы сол Тұрекең бір жылдары өзі ұйымдастырған қосалқы шаруашылыққа пенсияға шықаннан кейін жеке кәсіпкерлікке дейін өзі басшылық жасады.
Ауданда күрделі құрылыстың кең қанат жаюына аудан басшылары Р.Асадулин, Р.Ерсейтов, А.Сатыбалдин, А.Омаров, Т.Картабаев, Қ.Шилібеков жолдастардың жанды басшылығы мен ықпалы, ауданға шын жаны ашығандығы, совхоз директорлары мен мекеме басшыларының, әсіресе Ақкөл (директоры Б.Исабеков, аға прорабы А.Райымбеков), Бостандық (директоры С.Әбдиев, аға прорабы Б.Қарабалаев), Ойық (директоры Ә.Тәжімбетов, аға прорабы Е.Абілдашов), Талас (директоры Социалистік Еңбек Ері Ә.Сағынтаев , аға прорабы С.Өтепов), Шолақтау (директоры Пак.П.Л. аға прорабы Ж.Устемиров) совхоздарының, мемлекеттік банктің Ақкөл бөлімшесінің (басқарушысы С.Қалмұратов) бас мердігермен тек тапсырысшы емес іскер, пәрменді серіктестік болулары  әрі мұрыңдық болды, әрі серпінді, әрі үдемелі  қозғау туғызды. Объектілердің жоба-сметалық құжаттарын сапалы әзірленуіне облыстық ауыл шаруашылық басқармасы (бас құрылыс инженері Ш.Измайлбаев), облыстық Совет атқару комитетінің күрделі құрылыс бөлімі (Н.Каюпов, Б.Алдашов, І.Балғынбаев, Р.Тойшыманов), «Южгорселпроект» мемлекеттік жобалау институты (директоры А.Ковылин) аз тер төккен жоқ. Бір сөзбен айтқанда осындай атқарылған ауқымды іс әрекет ауданда құрылыс жоспарлау мен құрылыс жүргізуден белгілі бір жүйесінің қалыптасқандығын және оның шыңырау шегіне жеткендігін көрсетеді.
Біз кейіпкеріміз Бекежанов Тұрғынбек ағамыздың өндіріс ұйымдастырудың қас шебері екені туралы біраз айттық. Енді оның қарапайым адами қасиетеріне тоқталайық. Бекежанов Тұрғынбек кім?! Менің ұзақ жылдар қалыптасқан жеке пайымдауым бойынша ол білгір маман-инженер, өзіне де өзгеге де қатаң талап қоятыл, әрі қатал, әрі қамқор басшы, ұстаз, сауаттылық пен жауапкершілік, қарапайымдылық, мейірімділік пен ізгілік,  білім мен практиканы ұштастыра білетін талант иесі, шежіре-кітапқұмар, жұртына шын жаны ашитын Талас ауданының төл перзенті. Сирек кездесетін – тұлға.
«Шын құрыш отта шыңдалады» деген. Тұрекең Ұлы Отан соғысында мұз жамылып от кешкен, кейін тағдырдың  тауқіметін көп көрген, құрыштай шыңдалған азамат. Мен Тұрғынбек ағамыздың қамқорлығы мен шапағатын көп көрдім, ол кісіден өнеге мен тәрбиені де аз алғаным жоқ. Бекежановтың тәрбиесімен шыңдалдым. Оның қарамағында істеген небәрі  төр жылдың ішінде ортан қолдай құрылыс инженері болып қалыптасқаным айқын. ХІХ ғасырда өмір сүрген орыстың ұлы публицист-жазушысы Достаевский «Бәріміз Гогольдің «шинелінен  шықтық»» дегенін (З.Қабдолов – С.Т.) аздап өзгертіп, «Бәріміз Бекежановтың шекпенінен шықтық» деуге  әбден болады. Жоғарыда айтқанымдай Тұрғынбек ағамыз менің сауығып кетуіме әбден жағдай жасады. Қыстың қақаған үскірік аязды, жаздың аптап ыстық күндерінде объектілерге, ұзақ іс сапарларға жібермеді. Өндірістің ауыр, қымқуыт жұмысын қоя тұрып, құрылыс колоннасының жұмысын түбірімен жақсарту, құрылыс сапасын арттыру, мекеменің экономикалық-финанс жағдайын оңалту,  инженерлік-техникалық қызметті  жетілдіру мәселелерімен табанды түрде айналысуымды тапсырды. Әрине бұл маған білдірілген үлкен сенім және артылған зор жауапкершілік еді.
Бұл іс тегеурінді табандылықты, үлкен творчестволық ізденісті қажет етті. Жамбыл қаласындағы құрылыс институтының мамандандырылған кафедрасымен, жобалау, ғылыми зерттеу институтымен, тресттің жетекші бөлімдерімен тығыз байланыс жасай отыра небәрі бір айдың ішінде ауқымды комплексті іс-шара жасап Бекежановтың бекітуіне ұсыныс жасадым. Тұрекең іс-шарамен мұқият танысып, біраз үнсіз қалды. Ол да үнсіз, мен де үнсіз. Менің бұл ұсынысым өндірістегі алғашқы ұсынысым еді, ұнамай қалады ма деп толқыдым. Тұрекең ұзақ үнсіздіктен кейін мақұлдағандай басын изеп, «Жасалған іс-шара бойынша біз басқаны былай қойғанда тресттің бас инженері  Михленко жолдаспен шайқасуға тура келеді. Осыған сенімдісің бе? Көп нормативті құжаттар керек екен оны қайдан аласың» деп сұрады. Мен «Құрылыс нормалары мен Ережелері, нормативтік құжаттар, анықтамалық құжаттар (СНиП, СН, ЕРЕР, ЕНиР, ГОСТ) туралы қам жемеңіз оның біразы менде бар. Біразын Москва қаласындағы библиотека аралық абонент (МБА) арқылы, біразы Киев қаласындағы құрылыс кітаптары басылымынан кейін төленетін «Кітап поштасы» (Книга-Почта) арқылы  аламыз. Мен біраз кітаптарға тапсырыс беріп қойғам. Сіз бекітіп, қолдау көрсетсеңіз, ары кетсе 2 жылдын ішінде іс-шара толық жүзеге асатынына сенімдімін» дедім. Жауабымды естігеннен кейін ағамыз қуанып, жүзі ажарланып «бәрі осылай болса тамаша болар еді. Сен,кіріс. Жалтақтама, барлық мәселені мен арқылы шеш. Ал, білікті кадрлармен қамтамасыз етуді маған қалдыр» деп, іс-шараны бекітіп берді.
Біз бірінші жұмысымызды өзімізден қолымыздан келетін іс-шараларды жүзеге асырудан бастадық. Барлық құрылыс объектілерін аралап, олардың жай күйімен танысып шықтық. Дерлік барлық объектілерде берекесіздік, ретсіздік, немкеттілік, жауапсыздық жайлаған екен. Прораб пен мастерлер тарапынан бақылау мен қадағалау жоқтығынан жалдамалы техникалар мен құрылыс материалдары тимсіз пайдаланылуда, тіпті мемлекеттік мүліктің талан-таражға түсуіне жол берілуде. Қосалқы мердігерлер білгенін істеуде. Еңбек тәртібі жұмысшылар емес, прораб, мастер, бригадирлер тарапынан да өрескел бұзылуда. Яғни ешкім ешнәрсеге жауап бермейді. Ал, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасыз жұмыс жүргізу графигін сақтау, объектіні уақытында  іске қосу, техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістің  шығынын азайту туралы әңгіме қозғаудың өзі артық еді. Ең сорақысы жекелеген объектілерде жоба-сметалық құжаттар мен СНиП талаптарын бұзу әдетке айналған десе де болады. Шолақтау совхозындағы 90 орындық балалар бақшасы фундаменттінің табаны, Ақкөл ауылындағы 100 төсектік ауруханада бүкіл вентиляция жүйесі жоқ болып шықты. Мемлекеттік тәртіп пен еңбек тәртібін нығайтуда ең бірінші кадр мәселесін шұғыл шешу қажет болды. Бекежанов өз сөзінде тұрды. Небәрі 6 ай ішінде ПМК – да бұрынан істеп жүрген бас инженер Қарабалаев, прорабтар мен мастерлер Сосовский, Потапов, Сорокин, Ткачев, Чирва сияқты мамандар ауыстырылып, бас инженерлікке А.Омаров, прораб мастерлер болып Б.Ахатаев, М.Ерікбаева, Т.Ізтілеуов, П.Бекқошқаров, Т.Әбдіров сияқты жергілікті мамандар тағайындалды. Әрине, Бекежанов үшін жоғарыдағы аты аталған Одақтың түкпір-түкпірінде үлкен құрылыстарға қатысқан трестің ұсынысымен жұмысқа қабылданған тәжірбиелі, ысырылған мамандарды лауазымдарынан босату әрине оңайға соққан жоқ. Бірақ Бекежанов жолдас солай істеді. Істемеуге амалы да жоқ еді, себебі олардың мекемеге зияны, моральдық-психологиялық жағынан да, техникалық жағынан да, экономикалық-финанс жағынан да пайдасынан көп еді. Дегенмен шындығын айту керек біз сияқты жас мамандар, олардан көп өндірістік тәжірибе жинадық. Кадрлармен тиянақты жұмыстың арқасында мекеменің инженер–техник қызметкерлерінің корпусы  кейіннен Б.Алдашов, Т.Төлендиев К.Оязбеков, Б.Раимов, М.Құралбаев, Б.Пазылбеков, Қ.Құлекеев, Д.Қылышбеков, Д.Қарғашов сияқты жоғары білімді кәсіби мамандарымен толықтырылды.
Тұрғынбек ағамыздың өзі бастап, аудандық партия комитеті мен аудандық Совет атқару комитеті, тресттің басшылығы мен құрылымдары жаңадан тағайындалған жергілікті мамандарға жан-жақты қолдау көрсетілгендіктің арқасында ПМК жоғары да айтқандай небәрі екі жылдың ішінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. ПМК барлық көрсеткіштер бойынша облыс бойынша ең соңғы орыннан алдыңғы орындарға бірақ көтерілді. Ресми баспасөз беттеріндегі орынды-орынсыз сындар тоқтатылды. Түйіндеп айқанда, ПМК жергілікті құрылыс мамандарының күшімен ауданда құрылыс салуға болатынын дәлелдеп берді.
Енді, колоннаның финанс жағдайы туралы. Колоннаның финанс жағдайының төзгісіз халде екенін айттық. Жағдайды оңалту үшін трестен ревизорлар шақыртып, комплексті ревизия жүргіздік. ПМК-ның ішкі және сыртқы жайын терең зертеп, жантүршігерлік фактілерге тап болдық. Былайша айтқанда жаңды бақылаудың жоқтығынан мекеменің ішкі жоспарсыз шығындарынан басқа, сыртқа мекемелер: яғни  қосалқы мердігерлер электр жүйесін монтаждаумен айналысатын СПМК-3, ішкі жылу, су және канализация жүйелерін жүргізумен айналысатын ТСПМК, сыртқы жылу, су, канализация жүйелерімен айналысатын СПМК-5, құрылыс конструкциаларымен, детальдармен және материалдармен жабдықтаушы мекемелер КСДК, УПТК, техника бөлетін мекеме УМС, УМР, автобаза сияқты мекемелер құрылыс колоннасынан атқарылмаған, немесе сапасыз атқарылған жұмыстарға мемлекеттік банк арқылы инкасса қойып ақша алған. Қазақша айтқанда жауша  талаған. Аталған мекемелермен жұмысты жолға қою үшін, олардың бізді қанамауы үшін, оларға артық төленген қаржыны қайтару үшін Тұрғынбек аға екеуміз аз тер төккеніміз жоқ. Ең бірінші мемлекеттік банктің Ақкөл бөлімшесімен әріптестік байланысты барынша нығайттық. Банк біздің келісімінсіз клиенттерге, әсіресе қосалқы мердігерлерге қаржы аударылуына тиым салдық. Қосалқы мердігерлермен және құрылысқа қызмет ететін мекеме басшыларымен бас бухалтерлермен, өндірістік-техникалық, жоспарлау-экономикалық бөлімдерінің басшыларымен Ақкөлде, облыс орталығыда бірнеше рет кездесулер ұйымдастырдық. Айтыстық-тартыстық, өзара жасасқан бірқатар келісім-шарттарды бұздық, кейбіреуін қаржыландыруды тоқтаттық. Олардың шағымдары бойынша тресттің бас инженері Михленконың және басқа да лауазымды адамдардың қабылдауында болдық. Бірақ Тұрекең де мен де  өз пікірімізден қайтпадық, солқылдақтық танытпадық, тыным таппадық, кешірім жасамадық. Нәтижесінде, бұл мекемелермен біздің қарым-қатынастарымыз түбірімен жақсарды, облыс құрылыс ұйымдарының біздің мекемеге деген оң көзқарасы қалыптаса бастады. Құрылыс колоннасы бұрыңғыдай сұраншақ, қауқарсыз мекеме емес, қайта өз мүддесін, қорғайтын, ұсыныс-пікірін өткізетін, талап ететін, мықты құрылымдық органдар есептесетін әлеуетті ұйымға айналды.
Тұрекең мені тек маман емес, жақсы азамат болып қалыптасуыма да ықпал еткен жан. Құнанбай жас бала Абайды рубасылары Сүйіндік, Бөжей, Байдалыларға тапсырмалармен жіберіп, ел басқаруға қалай баулыса, мені де Тұрекең билікке солай баулыды ғой деп ойлаймын. Сенен жақсы технар емес, жақсы басшы да шығады, болашағыңнан көп үміттенемін. Бойыңда жақсы қасиеттер, талант пен дарын да бар сияқты. Сондықтан көп оқы, ізден, ұқ, білмегеніңді сұраудан ұялма, тек кәсіби оқулықтар емес, саяси, басқару оқулықтарын, ресми баспасөз материалдарын көп оқудан, талдау мен  тұжырым жасаудан жалықпа, ерінбе. Қайсыбір сала бойынша жоғары орындарға өткір проблемаларды шешу жөніндегі орыс тілінде де, қазақ тілінде де хаттар әзірлеуге машықтансаң, кейін кез келген сала бойынша тиісті орындарға мәселе қойған кезде қиналмайсың. Қысқасы, мен проблемалық құжат дайындауды, іс жүргізу мәдениетін Тұрекеңнен үйрендім. Кейін мемлекеттік, шаруашылық қызметтерде басшылық  лауазымды атқарған кезімде бұған менің толық көзім жетті.
Аудандық партия комитеті мен аудандық Советі атқару комитеттері ұйымдастырған жиындарға, іс-шараларға мекеменің өкілі ретінде мені жіберетін. «Бар, қатыс, біздің мекемелерге берілген тапсырмаларды тез орында, шамаң келмесе маған айт. Бұл екі орган аудандағы бірден-бір басшылық жасайтын саяси қоғамдық орган, атқарушы және жарлық беруші мемлекеттік орган. Сен сияқты, мен сияқты интеллигенция өкілдеріне олардың айтқандарын істемеу, тапсырмаларын орындамау үлкен сын. Қызметімізге байланысты болмағаннан кейін олардың тапсырмаларын орындамауға біз еріктіміз, бірақ орындауға тиісітіміз. Біз, мүше болғандықтан коммунистік партия үшін күніне бір сағат, депутат болғандықтан атқарушы және өкілетті орган Совет үшін бір сағат артық жұмыс істесек жаман болмаймыз. Оны сен КПСС мүшелігіне қабылдағаннан кейін, аудандық советке депутат болып сайланғанан кейін түсінесің. Сен бұл органдарда жақын арада мүше болатыныңа мен сенімдімін. Осыны есіңе сақта» деп сөзін аяқтады. Мен аупартком мен ауаткомның тарапынан берілген қоғамдық, өндірістік, әсіресе Ақкөл селосын көгеріштендіру, көркейтуге байланысты тапсырмаларды орындауға  барымды салдым. Ақкөл селосының жасыл желекті ауылға айналғанына  құрылыс колоннасы қандай да бір үлес қосса, әрине ол қомақты үлес қосты, оған меніңде қатысым бар ғой деп мақтанышпен айта аламын.
Қоғамдық жұмыс ретінде мекеменің бастауыш комсомол ұйымының секретарының орынбасары ретінде аудандық партия комитетінің лекторы, насихатшысы болдым. Аудандық партия комитетінің парткабинетінің меңгерушісі Мейрамбек Аманбековтің жетекшілік етуімен аудан емес облыс көлемінде. «Қәзіргі жастардың әлуметтік портреті» деген тақырыпта лекция оқыдым, ғылыми-практикалық конференцияларға катыстым. Бұл саладағы жетістігім үшін кейін 1980 жылы аудандық партия комитетнің құрмет кітабына енгізілдім. 1975 жылы колонна батауыш партия ұйымынан КПСС мүшелелігіне кондидаттыққа, 1976 жылы мүшелікке қабылдандым, 1977 жылы колоннаның Ойық учаскесіндегі жұмысшы және қызметкерлері колективінен аудандық Советке депутаттыққа қандидат болып  ұсынылып, сол жылдың июнь айында өткен жергілікті Советтердің сайлауында аудандық Советке депутат болып сайландым.
Құрылыс болғасын ақаусыз болмайды.  Кейде қылмысқа бергісіз сорақы кемшіліктерге жол беріледі. Мәселен,  құрылысы 1972 жылы басталған 100 төсектік аурахананың қабырғасын соққан кезде бүкіл вентиляция жүйесі калдырылмай, қабырға қаланып кеткен. Бұл өрескел кемшілікті облыстық санэпидстанцияның бас дәрігері Бахарев жолдас біліп қойып, республикалық құрылыс комитетіне (Госстрой)  шағын телеграмма жіберген. Нәтижесінде, мен Бекежановтың нұсқауымен екі айда аурухана комплексіндегі  бүкіл вентиляциялық жүйесін асбест құбырлардан қайта жасап шықтым. Бұл жұмыстын қиындығы мен қүрделілігі сондай, мен институттың вентилияция курсын қайта оқып шыққандай болдым. Жұмыс нәтижесіне Бахаревтің риза болғаныны сондай, әдетте мемлекеттік  комиссияның актісіне ең соңыңда қол қоятын ол, бұл объектінің актісіне ең бірінші болып қол қойып берді.
Құрылыс колоннасы мен қосалқы мердігерлердің, құрылысқа қызмет көрсететін облыс деңгейіңдегі мекемелердің арасында қандайда бір даулы мәселелер туындаса, оны шешуге Тұрекең мені жіберетін. Тапсырыс берушілер болып табылатын аудан совхоздарымен, әсіресе, Аққөл совхозының директоры Б.Исабеков, аға прорабы А.Райымбеков, бас бугхалтер С.Құрманбеков, Бостандық совхозының директоры Сейілбек Әбдиев, Ойық  совхозының директоры Ә.Тәжімбетов бас инженер механигі Балтабай Бекежанов, Талас асыл тұқымды мал заводының директоры Ә.Сағынтаев, құрылыс саласын басқарған аудандық атқару комитеті председателінің орынбасары Д.Дүйсенбин, Т.Қартабаев жолдастармен тіл табысып, кәсіби қарым-қатынаста бола отырып құрылыс салуға байланысты барлық мәселелерді шешу жұмыстарын маған тапсыратын. Шешімі қиын мәселелерді мені жетектеп жүріп өзі шешетін. Былайша қарағанда барлық біткен объектілер жалпы жұртқа өзі біте салған сияқты көрінеді. Құрылыс тек бір адамның қолынан өтпейтінін, құрылысқа елуден аса мекеме, жүздеген жұмысшы-мамандар қатысып, құрылыс жүргізудің өз табиғи ерекшеліктері бар екенін жалпы жұрт білмейді. Біз бар күш-жігерімізді, қабілетімізді, сауаттылығымызды жұмсай отырып, алдымызға Үкімет пен партия қойған міндеттерді абыроймен орындадық  қой деп ойлаймын. Кезінде бәрі де оңай болмады. Бірақ мен жоғарыда аты аталған абзал ағалармен ене бауырындағы құлындай жанасып жүріп те, не шеттеп тайталасып жүріп сүйеніп есейдім. Олардан жақсылық та, келеңсіздік те, қасиет те алады екенсің. Мінім болсын, өзгем болсын, сол қызмет істеген ортамнан еді.
            Тұрғынбек аға творчестваға, жаңашылдыққа, бастамашылдыққа жаны құмар еді. Уақытын ұтымды пайдаланатын. Бос кездерде көркем әдеби, публистикалық, тарихи шығармаларды сүйіп оқитын. Демалыс уақытында, бильярд, шахмат ойнағанды жек көрмейтін. Ол кісі мені өзі білім алған  Ташкент қаласында өткен Америка Құрама Штаттарындағы құрылыс өндірісі туралы ұйымдастырылған  көрмеге алып барды. Әдемі демалдық, тәжрибе жинақтадық. Кейін көрмеден алған тәжрибеге сәйкес Ойық совхозында соғылып жатқан машина-трактор жөндеу шеберханасына рационизаторлық (жаңашылдық) ұсыныс енгізіп, сыйақы алғанымыз есімде.
          Тұрғынбек ағамыздың кітап құмарлығы, рухани байлығы жөнінде бөлек әңгіме жазуға болады. Мен тек ол кісінің кітапханасынан алып оқыған, ол кісі «оқы» деп ұсынған әлем классиктерінің шығармаларын айтқым келеді. Олар: І. Есенберлиннің «Көшпенділер» романы, Ұлы Отан соғысы кезінде блок болып құралған үш ұлы державаның басшылары Сталиннің, Рузвельттің, Черчильдің бір-бірімен жазысқан хаттарының екі томнан тұратын жинағы, халық жауы деп жазаланған троцкийшілдер, каменов, зиновьевшілдер, бухариншілдер, тағы да басқа жазықсыз жапа шеккендердің сотының, әскери трибуналдың  стенографиялық есептер жинағы, бір дәуірдің серкесі болған ұлы Шыңғыс хан туралы Валентин Янның, Исай Калашниковтың  «Жестокий век», Болат Жандарбековтың әлемді билеген ұлы Кир патшаның басын алған сақ патшайымы Тұмар (Томирис) туралы «Саки»,Россияның ұлы мәртебелі билеушісі бірінші Пётр туралы Алексей Толстойдың «Петр-1» романы, орыс патшайымы Екатерина – ІІ туралы Валентин Пикульдың «Фаворит», орыстың самород ақыны А.С. Пушкин туралы Раевскийдің «Портреты заговорили» тарихи романдары, публистикалары, жазбалары. Ол кісіден алған өнегем болуы керек мен М. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясына, Болат Жандарбековтың «Саки», Исай Калашниковтың «Жестокий век» романдарына жиі-жиі қайта оралып, бүкіл өміріме рухани азық етіп келемін. «Отан отбасынан басталады» дегендей, мен өзімді сол бір дәуірдегі ұлы тұлғалармен қатар қоя алмаймын, сен қай деңгейде қызмет етсенде, мейлі екі адамнан тұратын, мейлі мың адамнан тұратын коллективті басқарсаңда сол айтыс-тартыс, сол жұмыс, сол майдан екенін түсіндім, сондықтан бұл шығармалардан қажетті ғибрат алдым. Міне кітаптің, сөздің құдіреті деген осы.
          Түрекең маған, менің семьяма, біздің әулиетімізге көп жақсылық жасады. Семья құрамына қарамай маған үш рет тұрғын үй жағдайымды жақсартуға мүмкіндік жасады. Әз-ағамыздың арқасында біз екінің бірі, тіпті аудан, мекеме басшыларының қолы жетпейтін орталықтандырылған жылумен, ауыз сумен қамтамасыз етілген, 5 бөлмелі жарық, кең бөлмелі тұрғын үйде тұру бақытына ие болдық. Жаңа тұрғын үйге қоныстанғанымызда біз үш адам ғана едік. Мен, Ақкөл орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі әйелім Күлзи, тұңғыш қызымыз Гүлжамал. Нақ осы үйде Тоты, Майра, Ұлана және Райхан есімді қыздарымыз өмірге келді. Бұл үй ең бақытты, құт мекеніміз болды.
          Тұрекеңнің екінші қамқорлығы ол менің КПСС мүшелігіне өтуіме қамқорлығы. Әрине менің КПСС мүшелігіне кандидаттығына қабылдануыма ағам Асылбектің, Асекеңнің еңбегі зор. Ол даусыз. Бірақ партия мүшелігіне кандидаттықтан, мүшелікке өту үшін бір жыл кандидаттық сынақ мерзімінен өтесің. Бұл кезде сенің жұмысың да, жеке өмірің де мінсіз болуы шарт. Құрылыстың ақаусыз, кемшіліксіз болуы мүмкін емес. Ай сайын болмаса да, тоқсан сайын ПМК аудандық партия комитетінің бюросында, аудандық Советі атқару комитетінің мәжілісінде қаралып тұратын. Өндірістік-техникалық бөлімінің бастығымын. Құрылыстың сапасына тікелей жауап беремін. Аудандық партия комитетінің бюросында құрылыстың сапасы бірнеше рет қаралды, «Сапа емес, бүкіл құрылыс жұмыстарына мен жауап беремін Жазаласаңдар мені жазалаңдар» деп Бекежанов мені талай рет жазадан алып қалды, партия мүшелігіне қабылдануыма таза мұрындық болды. Партияға өтуге рекомендацияны мекеме басшысы бола тұра өзі берді. Рекомендацияның пайдасы да тиді. Айтайын: мені партия мүшесіне қабылдаған бюро мәжілісін аудандық партия комитетінің екінші секретары  Р.Ерсейтов жолдас басқарды. Мені партияға қабылдау жөніндегі ұсынысты дауысқа салған кезде бюро мүшелері Ә. Сатыбалдин, Қ. Төлбасиев жақтап дауыс берді де, аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, аудандық халықтық бақылау комитетінің председателі, аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы үзілді-кесілді қарсы болды. Сол кезде Р. Ерсейтов жолдас; кандидатқа рекомендацияны мекеме бастығы Т. Бекежанов, бастауыш партия ұйымының секретары Т. Түлеков жолдастардың өздері берген. Рекомендацияны бастауыш партия ұйымының секретары мен мекеме басшылары кім болса соған, көлденең көк аттыға бермейді. Рекомондация берген коммунист кандидаттың іс-әрекетіне өмір бойы партия алдында жауап береді. Бұл партия Уставының темірдей қатаң талабының бірі екенін білесіздер. Яғни, бұл маманға олар сенеді, болашағынан үміт күтеді. Сондай-ақ  бұл жігіт осыдан қателеспесем екі жыл бұрын маған келіп денсаулығына байланысты институттағы мұғалімдік қызметін тастап келгенін айтып, бір ыңғайлы жұмысқа орналасуына көмек сұраған. ПМК-ға баруға мен ұсыныс айттым. Өзін көріп отырсыздар, өмірбаянымен таныстыңыздар. Қиындықтан қорықса, тек  өз мүддесін ойласа жұмысты тастап кетер еді ғой. Өздеріңіз ойлаңыздар ПМК ол кезде қандай еді, қазір қандай. Бір мекемені мақтасақ ПМК-ны мақтаймыз. Әрине кемшіліксіз мекеме жок. Кемшілікті түзету үшін, жалпы құрылыс колонасын жауапты, әрі сауатты кадрлармен нығайту үшін кандидатты партия мүшесіне қабылдайық деп, бүкіл документтерімді жалпы бөлімнің меңгерушісі Алихан Абиевтің алдына тастай салды. Сөйтіп мен партия қатарына қабылдандым. Бұл менің қызметке жанадан араласып жүрген кезіндегі үлкен саяси жеңісім еді. Дәл осы жеңіс қызметтік мансабымның негізін қалады.
          Тұрғынбек ағамыздын біздің әулетімізге жасаған тағы бір қамқорлығына, қайырымдылығына тоқталмасам адамгершілікке жатпайды. 1976 жылдың февраль айының соңына қарай ауыр науқастан аяулы анамыз Жамаш қайтыс болды. Сол жылдың көктемінде асыл анамыздың басына кесене соғу үшін құрылыс материалдарын іздестіре бастадық. Құрылыс материалдарының, әсіресе қабырғаға қажетті ақ силикат кірпішпен күмбезге қажетті ақ цинктелген қаңылтыр облыс емес, респулика көлемінен табылмайтын. Ақкөл совхозының құрылыс бөлімінің шаруашылық меңгерушісі Асылбек ағамыз Тұрекенмен жақсы қарым –қатынаста болатын. Екеуінің арасында түсіністік, қоңыр сыйластық, ауыс-түйіс, алыс-беріс бар еді. Сондықтан Асекен екуіміз    Тұрекеннен құрылыс материалдарына қөмек беруін сұрадық. Тұрғынбек аға «өлі разы болмай, тірі  байымайды деген, анамыздың басына қесене соғам дегендерің перзенттік борыштарың, борышқа  көмектесу сауап, имандылық. Бұл материалдарды ақысыз-пұлсыз кесененің басына жеткізіп беремін. Менім көмегім болсын. Ал сендер құрылысты бастай беріңдер» деді. Тұрекен сөзінде тұрды. Ақ силикат кірпішті Қырғыстаннан «ДАЙМАН» жүк машинасымен арнайы алдырып, кесененің басына жеткізіп берді. Ақ цементтелген қаңылтырды  қайдан тапқанын білмеймін, күмбезді материалмен толық қамтамасыз етті. Асекен екеуіміз қаңылтырдан өз қолымызбен күмбез жасап, кесененің басына орнаттық. Кесененің қабырғасын тұрғызуды, барлық әрлеу жұмыстарын Ильич атындағы совхозға жұмыс іздеп келген Харлампидиді бригадасы әп-әдемі етіп бітірді. Мұндай істерді Тұрекен тек мағана емес басқада коллектив мүшелеріне жасады ғой деп ойлаймын.
         Осы құрылыс кезінде Харлампидидің бригадасымен танысуым ПМК-ны тағы бір комплексті бригадамен толығуына себеп болды. Бұл бригада құрылысы колоннанын күшімен соғылған барлық жаңа үлгі-жобадағы үш қабатты мектептердің, кәсіптік-техникалық учелищесінің тасқалау, монтаждау, объектілердің сыртын силикат кірпішпен әрлеу, обьектінің фасадын қаптау жұмыстарын жүргізді десек артық айтқан болмас едік. Осы ретте ПМК-да басқа да Чтириди, Гаргаладжев, Кострова, Шремзер жетекшілік еткен комплексті бригадалардың жақсы жұмыс істегенің айта кеткен жөн.
         Біз естеліктерді, толғауларды, мақалаларды тек басшылар туралы жазғанға әуеспіз. Ал, қарапайым жұмысшылар, материалдық игіліктерді жасаумен нағыз айналасатын адамдар туралы сирек жазамыз, тіпті жазбаймыз десек те болады. Қарапайым жұмысшы өкілінің бірі құрылыс колоннасында ұзақ жылдар жұмыс істеп негізін қалаған Аманғали Рәтов туралы сөз қозғағым келеді. Ол Жамбыл қаласындағы кәсіптік-техникалық училищесін бітіріп трактарист, машинист, автомобиль жүргізуші мамандықтарын алғаннан кейін құрылыс колоннасында еңбек жолын Т-40 маркалы тракторын жүргізуші болып бастады.Кейін МТЗ-80 тракторының , ГАЗ-51, ГАЗ-53, ЗИЛ-130,КамАЗ жүк машиналарының жүргізушісі болды. Тәртіпті, ұқыпты, жауапкершілігі жоғары, қайырымды, мінезге бай, үнемі күліп жүретін, жүзінен нұр шашып тұратын ер тұлғалы жұргізуші  тез арада коллективтің сүйіктісіне айналды. Оның тракторына мініп қалған жолаушы «әй сенің мына тракторың бастықтар мінетін жеңіл машинадан кем емес  қой» деп  күлетін. Ол құлағын ұстаған техника мейлі ол трактор болсын,мейлі ол автомашина болсын қай уақытта болса да жол жүруге дайын тұратын. Өзі де, машинасы да шаршамайтын, тоқтамайтын, уақытпен санаспайтын. Жұмысқа берілгендігі сонша, оның жеке өмірі болған жоқ дегендей еді.
         Сондықтан Тұрғынбек ағамыз уақыты шектеулі жүк тасымалдауды, басқа да жауапты жұмыстарды тек Қалиға ( Аманғали аты кішкентайынан Қали болып атанып кеткен.С.Т.) тапсыратын, Қалиға сенетін, Қалиды сыйлайтын. Облыс емес, республикадан тыс жерлерден жүк тасымалдауға Қали жұмсалатын. Ол бірнеше тәулік бойы ұйықтамай рейстен келсе, сол мезетте қайта рейске кету қажет болса, ешқандай ренжімей, тек өзіне тән әдемі күлкісімен кете беретін. Ол үлкенге де, кішіге де сыйлы, бауырмал, кісіні алаламай, адамға ылғи жақсылық жасап тұрғысы келіп тұратын азамат еді. Нар жолында жүк қалмайды деген, оның жолында ешқандай жүк қалмайтын, көңілге қаяу түсірмейтін. Ауыр машинамен 20 тонна жүк артып келе жатқанда, оны тоқтатып Ақкөл ауылының шетіндегі «Птичникке»             апарып таста деп жағдай айтса, ол ешқандай қиналмай себеп айтпай апарып тастайтын. Оның өзі нар еді, жігіттің сұлтаны еді. Оның  лексикасында «жоқ» деген сөз жоқ еді, дұшпаны да жоқ еді.
         Мен үшін осы саналы өмірінде екі аяулы азамат болды. Оның бірі бұрынғы мақалаларымда  жазғанымдай ардақты ағам Асылбек, екіншісі осы Қали. Себебі, Қали менің туған қайным, Күлзидің туған інісі. Бірі үлкен,бірі кіші.Екеуі де өмірден ерте кеткендер. Бірі небәрі 34 жаста қайтыс болса,бірі небәрі 35 жаста қайтыс болды.Екеуі де тірі кездерінде өз әулеттерінің  сүйікті перзенттері болды. Үлкен-кішіліктеріне қарамай менің қамқоршым болды. Асекең мені қатты ауырып жатқанда Илыич атындағы совхоздың әке-шешем қыстап отырған Қошан базынан бейнелеп айтсақ Алматыға арқалап апарса, Қали мені сауығу жылдарымда қарбалас жұмыстарына қарамастан Жамбылға апар десем Жамбылға, Сарағашқа апар десем Сарағашқа апарды. Қасымда отыр десем, қасымда отырды. Асекең қайтыс болғаннан кейін менің сүйенерім сол болды. «Қилы, қилы заман болар қарағай басына шортан шалар» дегендей жаңа мыңжылдық пен жаңа ғасыр тоғысында біздің семьямыз ауыр күндерді басынан кешірді. «Құйрығы жоқ жалы жоқ, құлын қайтіп қүн көрер.  Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер»  дегендей осы кезеңде мен үлкен күйзеліске ұшырап, қанатым қайырылғандай болдым. Қадамым қысқарды, сүйенішім, тіреуішім болмады.Нақ осы сәтте бұл екі асыл жанды ерекше сағынышпен, жылаулар жүрекпен еске алдым. Олар тірі болғанда дәл осындай қиналмас едік деп қынжылдым. Әйтеуір Алла жар болып,әруақтар желеп-жебеп қиындықтан аман-есен шыққандаймыз.Қыздарымыз тұрмыс құрып немере сюдеміз. Біз өткен өмірімізге мыңда бір шүкіршілік жасап,тәубә етудеміз. Алладан тек жақсылық тілеудеміз. Сондықтан мен бұл мақаламды Тұрғынбек ағамыздың образын жасай отырып Асекең мен Қали марқұмдардың рухына арнауым артық емес шығар деп ойлаймын.
         Тұрекеннің айтулы еңбегінің бірі-ол құрылыс колоннасын іскер кадрлар даярлау шеберханасына айналдыруы. Тұрекең басқарып тұрған кезде және кейіннен де осы мекемеден басқа қызметке ауысып кеткен мамандар аз емес. Мәселен, Оязбеков Керімбай осы мекемеден Аққұм совхозына партком секретары, кейіннен Ильич атындағы совхоздың директоры, Қарғашов Д. «Казсельхозводоснабжение» учаскесінің бастығы, Өскенбаев Мамыр, аудандық газ учаскесінің бастығы, Құралбаев Марат басқа аудан, облыстарына құрылыс учаскелерінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарды.
         Алдашов Бахтияр-облыстық Советі атқару комитеті председателінің орынбасары С.Қуанышев жолдастын көмекшісі, кейіннен күрделі құрылыс бөлімінің бастығы. Қәзір ғалым, ғылым докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткер. Жамбыл обылыстық мәслихаттың депутаты. Сол кезде де және сол кезден осы уақытқа дейін аудан құрылысына көмегі мен қамқорлығын тигізген, Тамды ауылының териториясына аудан емес облыста бірінші рет  химия өнеркәсібі натрий цианидін өндіретін зауыт соғып жатқан, жүріп өткен өмірі кейінгі ұрпаққа өнеге, ауданға бірден-бір жанашыр азамат. Тұрекен тірі болса осындай азаматты тәрбиелеп шығарғанын мақтан тұтар еді.
         Ақпердиев Сұлтан-аудандық ішкі істер бөлімінің экономикалық қылмысқа қарсы күрес бөліміне қызметке ауысып, кейіннен аудандық салық, қаржы политциясының бастығы қызметтерін атқарған, кәзір облыстық қаржы полициясында кадр бөлімінің бастығы, қаржы полициясының полковнигі.
         Байбосынов Асылхан Қаратау совхозында аға прораб,кейіннен облыстың қаржы -бақылау органдарында қызмет істеп, кәзір облыстық тексеру комиссиясының бас бақылаушы- инспекторы.

Ал, Ахатаев Бегалы  туралы ерекше тоқталайын. Себебі Ахатаев Бегалы ағамыз өткен ғасырдағы ауданның бас құрылысшыларының бірі. Қазақстанның құрметті құрылысшысы ретінде менің беретін бағам осы.

Бегалы ағамызда «жөргегінен құрылысшы» еді. Құрылыс саласындағы қызметтің барлық саласынан өткен бірегей маман. Ол еңбек жолын Мойынқұм ауданындағы құрылыс колоннасында мастер болып бастап, Талас ауданындағы құрылыс колоннасында өндірістік-техникалық бөлімінің аға инженері, Ақкөл учаскесінде аға прораб болып істеп, кейін құрылыс коланнасының бас инженері, колонна бастығына дейін көтерілген. Ақкөл селосындағы 100 төсектік аурухана, 1176 орындық мектеп, 420 орындық кинотеатр сияқты ірі объектілерді нөлден бастап, пайдалануға берілуін қамтамасыз етті. Ауданда, тіпті облыста селолық ауылдарда осындай жаңа үлгі жобадағы объекілерді халықтың игілігіне ұсыну бұрын соңды болмаған еді.
Қосымшада (№1 сурет) көрсетілген барлық құрылыс объектілерінің іске қосылуына Бекеңнің қолының таңбасы бар,аяғының ізі бар, маңдайының ізі бар. Оның басшыға тән зор ұйымдастыру қабілеті мен іскерлігінің жарқын көрінісі 1991 жылы Одақ ыдырап халық шаруашылығының барлық саласына, әсіресе құрылысқа орталықтандырылған финанс пен материалдық ресуртарды босату мүлдем тоқтауына қарамастан, барлық ішкі резервтер мен мүмкіндіктерді пайдалана отырып Тамды ауылындағы қолбасшы Қойгелді бабамыз атындағы жаңа үлгідегі 824 оқушыға арналған мектеп комплексін небәрі 14 айда, яғни, 1992 жылдың 2 октябірінде салтанатты жағдайда пайдалануға беруін қамтамасыз етуі еді.
 Сондай-ақ, Бекеңнің ПМК-ның өнідірістік-техникалық базасын қирап кетуден сақтап, дер кезінде мекемені жекелешендіріп, «Талас-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдыруы, соңында 2008 жылы тендерге қатысып, жеңімпаз ретінде ауданда алғашқы болып Талапты ауылындағы орта мектептің құрылыс бастауы,  бұл да бір екінің бірінің қолынан келе  бермейтін іс-әрекет. Бегалы ағамыз қәзіргі нарық экономикасына сәйкес бәсекелестік, барынша тәуекелге бару жағдайында жұмыс істеуге бейімделе бастаған кезінде, мезгілсіз қайтыс болды. Бегалы ағамыздың кенеттен бақилық болуы, аудан құрылысшылары үшін ауыр қаза болды. Аудан білгір құрылысшысынан, адами қасиеті өзгеше азаматынан айырылып қалды. Дегенмен, Бегалы бауырымыздың өмірін жалғастыратын – қос ұлы Әділет пен Әсет аудан емес облысқа, республикаға белгілі құрылысшылар. Әділет облыстың құрылыс, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары ауданымызға көп еңбегін сіңіріп жүрген азамат. Әсет Бекең бастап кеткен істі аяқтап «Талас-құрылыс» ЖШС-ті әлеуетті фирмаға айналдырды. Тозып бара жатан құрылыс колоннасының базасын қайта қалпына келтіріп, Ақкөл ауылының келбетін жақсартуға үлес қосуда. Ашық конкурстарда басымдылықпен жеңіске жетіп, облыс көлемінде сапалы құрылыстар жүргізіп әкесінің аманатын абыроймен орындап жүрген сол әулетінің сүйікті перзенті. Бұл да бір үйлесімін тапқан ұрпақтар сабақтастығы ғой  деп ойлаймын.
Сонымен құрылыс колоннаның коллективі, оның басшысы Тұрекең  совхоз директорларын, кәсіпкерлерді, ғалымдарды, партия, совет басшыларын, мемлекеттік қайраткерлерді, полиция офицерлерін тәрбиелеп шығарды. Ең бастысы бастық, бастықты өсірді. Инемен құдық қазғандай ауданның құрыш құрылысшыларын, құрметті құрылысшылар шоғырын жасады. Бұндай тағылымға әр екінің бірі ие  бола алмайды. Бұл тарихи шындық.
Мен үшін ПМК құт мекеме болды. «Зерно попавшое в благородное почву» дегендей, жағымды ортаға түскендендіктен, сүйген мамандығым бойынша қызмет  атқарғандықтан, сондай-ақ Бекежанов сияқты азаматтың қамқорлығында болғандықтан мен науқасымнан сауықтым, үйлендім, үй болдым, өмірге алтындай қыздарым Гүлжамал мен Тоты келді. Құрылыс колоннасының қатардағы инженерінен өндірістік техникалық бөлімінің бастығына дейін көтерілдім, КПСС мүшелігіне қабылдандым, халық депутатары Талас аудандық Советіне депутат болдым, аудандық Советі атқару комитетенің мүшесі және аудандық Советі атқару комитетінің секретары болып сайландым. Яғни, болашақ қызмет мансабыма негіз қаланды. Мен аудандық Советі атқару комитетінің секретары, председателдің, кейіннен аудан әкімінің құрылыс жөніндегі орынбасары кезімде ПМК-ны ерекше қамқорлығыма алып жүрдім. №2 суретте көрстеілген объектілерді соғып іске қосылуына жанамалап та, тікелей де өз үлесімді қостым. Көпшілік жағдайда объектілерді қабылдап алу комиссиясының председателі болдым. Осы естелікпен танысқан адам өз бағасын берер.
Одақ тарап, тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары ауданымызда құрылыс саласы зор күйзеліске ұшырады. Жекелеген объектілер: Кеңес совхозындағы 824 оқушыға арналған мектеп, Тамды аулындағы селолық Совет Үйі бітіп тұрған жерінен қаржының болмауынан қиратылып кетті. Ал, Талас және Бостандық совхоздарындағы аурухана компекстері, Ильич атындағы  400 орындық Мәдениет Сарайы, Ақкөл селосындағы 280 орындық бала бақшасы, Орталық қазандық, Ақкөл ауылын ауыз сумен қамтамасыз етуді түпкілікті шешетін Матай-Бөріқазған-Тәңірқазған-Ақкөл сыртқы су жүйесі комплексінің құрылысы басталмай жатып тоқтап қалды. Аласапыран өтпелі кезеңде ауданда орын алған жаппай миграцияға байланысты небір жаңа үлгі жобамен соғылған өндірістік, ауылшарушылығы, әлеуметтік-мәдени, сауда, тұрмыстық-коммуналдық объектілер, тұрғын үйлер иесіздіктен қирап кетті, не жосықсыз жекелешендірудің құрбаны болды. Жалпы бұл бөлек әңгіме және бөлек жазылатын шығар.
Ауданда құрылыс салу тәуелсіздігімізді алып экономикамыз түзелгеннен кейін 2004-2005 жылдары басталды. Оған дейін құрылыс жұмыстары тек Тамды ауылында қарқынды жүрді. Сол кезде тарап бара жатқан Қойгелді өндірістік кооперативының күшімен ауыл тұрғындарының тұрғын үйлері, Қойгелді орта мектебінің, селолық дәрігерлік амбулатория, монша, әкімшілік үйінің қазандықтары  газ отынына көшірілді. Кооперативтің күшімен 7,0 шақырым  жоғары қысымдағы, 4,0 шақырым орта қысыдағы, 7,0 шақырым төменгі  қысымдағы газ жүйесі тартылды. 219 тұрғын үй табиғи газ отынын пайдалануға көшірілді. Бұрынғы ПМК-109 мекемеснің күшімен құны сол кездегі бағамен 10,0 млн теңге көлемінде болатын ұзындығы 4,0 шақырым Бертан лоток каналы соғылып, сол бір қиын-қыстау заманда ауылдын үй іргесіндегі жер учаскелерін ағын сумен қамтамасыз ету түбегейлі шешілді.
Ауданда құрылыс жүргізудің ІІ кезеңінің басталуының, кейіннен кең қанат жаюының мен үшін орны бөлек. Себебі мен мемлекеттік бюджеттің есебінен соғылатын құрылыстардың бірыңғай тапсырысшы ретінде құрылған Талас ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімінің тұңғыш басшысы болдым.
2006 жылдың 8 ақпаны күні  сол кездегі аудан әкімі Батырбек Құлекеев мырза, аудан әкімдігінде жаңадан құрылған құрылыс бөліміне басшылық жасауды маған ұсынды. «Бөлімге басшы іріктеуде қиналудамыз. Бізге өзіңіз сияқты тәржрибелі іскер құрылысшы маман керек. Мемлекеттік бюджеттен аймақтарға құрылыс салуға, әсіресе ауыз су жүйелерін соғуға қыруар қаржы бөлінуде. Сол қаржыдан аудан өз үлесін алу үшін сапалы жоба-сметалық құжаттар жасалу керек, құрылыс соғылуы керек, қысқасы қыруар жұмыстың атқарылуы тйіс. Бұл бөлімнің жұмысының қиындығы мен күрделлігі сол. Тым болмаса бөлімді құрып, ауданда құрылыс жүргізудің белгілі бір жүйесін жасап беріңіз, содан кейін ауылыңызға (Тамдыға) қайтадан әкім боларсыз, зейнетке  сол жерден шығарсыз» деді. Мен ол кезде Тамды ауылының  округінің әкімі едім. Жаман әкім болғанда жоқпын, рейтингі бойынша ауданда 3 жыл қатарынан бірінші, облыс ауыл әкімдері арасында алғашқы үш орының бірін иемденіп жүргенмін. Сонын алдында ғана республикадағы мемлекетілік пен заңдылықты қалыптастырудағы еңбегім жоғары бағаланып Президенттің жарлығымен «Конституцияның 10 жылдығы медалімен» марапатталғанымын. Мен Құлекеев мырзаның ұсынысына көп ойланбай бірден келістім. Сол күні жұмысқа кірісіп те кеттім. Себебі менде басшыға тән, материалдық игілік жасауға деген Алланың берген мысқылдай болса да талант пен дарыны бар еді. «Келіннің бетін бірнші кім ашса, сол ыстық» дегендей алғашқы өндірістік қызметімді қарамағында бастаған Бекежанов сияқты әз-ағамыздан алған өнеге мен тәжірибе, ұзақ жылдар бойымда қалыптасқан мемлекеттік қызметке деген сүйіспеншілік, халыққа мінсіз қызмет етуге деген құштарлық бар еді.
 1993 -2003 жылдары құрылыс салуға ешқандай мән берілмей, ауданда құрылыстың мүлдем тоқтап қалғанына қарамай, жоғарыда айтқандай мемлекеттен бір тиында ақша пайдаланбай, кооператив күшімен Тамды ауылында газ жүйесі комплексін, сондай-ақ гидротехникалық ғимараттар соғып іске қосу арқылы  нарық заманында жинақтаған азды-көпті тәжрбем бар еді. Бір сөзбен айтқанда теориялық білімім жөнінде де, жылдар бойы іс-жүргізуде жинақтаған тәржірибем де, қабілетім де, ауданда біріңғай  құрылыс саясатын жүргізуге дайын екенімді білдіргендей еді. Құлекеев мырза кадр таңдауда еш қателескен жоқ, оған қосымшаға сәйкес №2  суретте ұсынылған 1995-2013 жылдары соғылған құрылыс объектілері туралы жасалған мониторинг куә.
Аудан әкімшілігінің құрылыс  бөлімінің функциясы, қызмет аясы, біз қызмет еткен құрылыс колоннасынан мүлдем бөлек. Құрылыс колоннасы тек біріңғай құрылыс жүргізудің бүкіл процесімен айналысады. Құрылыс дегеніміз – жаңа құрылыс нысандарын соғу, бұрынғы қолданыстағы нысандарды қайта жаңғырту (реконструкция), қалпына келтіру және нысандарға күрделі жөндеу. Осы үш мәселе құрылыс бөлімінің негізгі үш міндеті болып табылады. Құрылыс бөлімі жаңадан құрылыс соғу, қолданыстағы нысандарды өзгерту үшін сәулет жобалау тапсырмасын әзірлеуден бастап, құрылыс салудың рұқсат ету құжаттарын, техника-экономикалық негіздемелерін, жоба-сметалық құжаттарын дайындау, дайындалған жұмысшы жобаны бүкіл салалық, соңында мемлекеттік сараптамалардан өткізу, әртүрлі ведомствалық мекемелерден келісім алу, бекіту, кейбір күрделі жобалардың сараптамаларын республикалық орталық органдарға өткізу, бекіту, ашық конкурс арқылы мердігерлерді, техникалық қадағалаушыларды анықтау, келісім-шарттар жасау, мердігерлермен, техникалық және авторлық қадағалаулармен іскерлік байланыста және олардың жұмысын үйлестіре отырып бүкіл құрылыс процесін жүргізу, нысандарды пайдалануға қабылдап алу және оларды пайдаланушыға өткізу, нысандардың кепілдік мерзімде қалыпты жұмысын қамтамасыз ету мәселелерімен кешенді түрде айналысады. Стратегиалық жоспарлар жасау, бюджеттік өтінімдер тапсыру, бөлімнің бухгатериясы арқылы мердігерлер мен тапсырыс берушілерге милиондаған, милиардтаған қаржы аудару, осы қаржыға өз кезегінде мемлекетік сатып алу рәсімдерін өткізу сияқты жауапты қаржылық операциаларды, ішкі және сыртқы, кешенді және тематикалық бақылау және тексеру жүргізу де жатады. Осындай ауқымды жұмыстарды атқару, мүйізі қарағайдай, атынан ат үркетін, не өндірістік базасы жоқ, не техникасы жоқ, не кәсіби жұмысшысы, бүкіл фирмасында құрылыс инженер мамандары жоқ, фирмаларды құрылыс тілін түсінбейтін мұғалімдер, заңгерлер, қаржыгерлер, дәрігерлер басқарған мердігерлермен әріптес болу штат кестесінде небәрі 3 адам бар бөлімге оңай болған жоқ. Бөлімге, оның басшысы маған неше түрлі келеңсіз әрекеттер мен заңсыздықтарға итермелеген осындай мердігерлермен, облыс, аудан басшылармен, облыстық  деңгейдегі құрылысқа қатысы бар басшылық жасау, бақылау-тексеру, қадағалау органдарымен текетіресу, тайталасу,  тіпті кейде тойтарыс беру сияқты қарекеттер шын мәнінде оңай болған жоқ. Мен қай дәрежеде қызмет істесемде Тұрғынбек ағамыздың «Бәрі кетеді, біз қаламыз, тек сенің қолың таза жүрегің-жалын болу керек» деген қанатты сөзін үнемі басшылыққа алып отырдым. Кей кезде әлсіздікке жол беріп, бөлімнің басшы қызметінен кетіп, біраз уақыттан кейін қайта келген де кездерім болды. Дегенмен, құрылыс бөлімі менің басшылық кезімде өзінің алдына қойған міндеттерді абыроймен орындады, облыс көлемінде танымал тапсырысшы болды ғой деп ойлаймын. Мен, мемлекеттік қызметші ретінде берген антыма және Бекежанов сияқты ардақты ағаларымыздың өнегесі мен өсиетіне адал болдым. Сондықтан жоғарғы билік менің азды-көпті еңбегімді бағалап құрылысшы үшін жоғарғы баға «Қазақтсанның құрметті құрылысшысы», аудан әкімі , аудандық маслихат аудан жұртшылығының ұсынысы бойынша «Талас ауданының құрметті азаматы» атағын берді.
Маған сенім білдіріп қызмет берген, кәсіп пен нәсіп берген ауданның төл перзенттерін қайта атағым келеді. Олар: осы мақаланың кейіпкері Тұрғынбек Бекежанов, аудандық Советі атқарушы комитеттінің секретары қызметіне тағайындаған Әбілхайыр Сатыбалдин, председательдің орынбасары қызметіне тағайындаған Тынысбек Сейдуанов, аудан әкімінің орынбасары қызметіне тағайындаған Ералы Дадабаев, Қойгелді агробірлестігі басқармасы төрағасы қызметіне тағайындаған Балтабай Бекежанов, Тамды ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындаған, кейін құрылыс бөлімі басшысына жоғарылатқан Батырбек Құлекеев, зейнетке шыққаннан  кейін құрылыс  саласына көмегіңіз тисін деп құрылыс бөліміне кеңесші жұмысына қабылдатқан, «Талас ауданының құрметті азаматы»  атағын алуға мұрындық болған Досан Рымтаев мырзалар. Бұл азаматтардың біразы құрметті еңбек демалысында, біразы әлі аттан түскен жоқ. Оларға өз атымнан, жанұямның атынан шын ризашылығымды білдіремін, өмірдегі бар жақсылықты тілеп осы естелікті жазып отырмын.
«Фариза, Фаризажан, Фаризақыз
Өмірде, ақындардың бәрі жалғыз.
Біріміз, бірмізден арылармыз
Шыдай, шыдай ақыры жалығармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер
Шаң басқан архивтерден табылармыз.»
Осылай жырлаған Мұқағалидің жырына қайта тоқталып, өмірде ақындар емес әкімдер де жалғыз демекпін. Әкім – жалғыз. Әкім – біреу. Біз, әсіресе ардагерлер сол біреуге тіреу болуымыз керек. Біз, жас әкім Досан бауырымызға ауданда  сол біз қызмет істеген кезеңдей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын, далаңыз егісті, өрісіңіз малды, жұмысыңыз келісті болсын. Отырған орныңыз ауданға құт, жүрген жеріңіз береке болсын! Басыңнан бағың, астыңнан  тағың таймасын демекпіз.
Бекежанов Тұрғынбек ағамызды әсіресе мақтап, аңызға, мифтік кейіпкерге айналдырайын деп отырғаным жоқ, аңызға бергісіз шындықты көзімізбен көріп, басымыздан кешіп отырған соң айтып отырмын.
Мен, жазушы емеспін. Мына жазғандарым Таластың төл тумасы ретінде жадымда ұзақ жылдар қалыптасқан пікір. Артық, кем кеткен жерім болса бұл естелікте аты аталған, аталмаған азаматтардан кешірім сұраймын. Жасымыз ұлғайған кезде  бірімізден-біріміз арылудамыз, шыдай-шыдай ақыры жалығудамыз. Жазғандарымыз шаң басып жатпай  елдің керегіне жараса, жастар, кейінгі жас ұрпақ оқып тағылым алса,біз бұрынғы ұрпақ  бақытты болар едік.
Бар жақсылықты, жаңалықты, тәржірибені, тағылымды өз елімізден, өз жерімізден, өз тарихымыздан, өз азаматтарымыздан іздеуіміз керек.
Тек  іздеп қана қоймай  Тұрғынбек Бекежанов сияқты төл перзентерімізді ұлықтасақ, олардың аттарын елді мекендерге, көшелерге, басқа да географиалық объектілерге берсек құба-құп болар еді деп сөзімді аяқтайық.
Сламбек Тілегени
Қазақстанның құрметті құрылысшысы,
Талас ауаданының құрметті азаматы
                    Тамды-Қаратау-Ақкөл-Тараз