Мақсат айқындалып, меже міндеттелді

09.02.2018

Есеп

Мақсат айқындалып, меже міндеттелді

Нарбол Қашаған, «Талас тынысы».

Ұлбике ақын атындағы мә­дениет орталығында аудан әкімі Досмаханбет Алиев тұр­ғындар алдында  2017 жылы ат­қарылған жұмыстар мен 2018 жылы ал­да тұрған міндеттер туралы қорытынды есебін берді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орын­беков­­тің қатысуымен өт­кен жиын­да баяндама жасаған Досмаханбет Қасымұлы: – Аудан бойынша жалпы өндірілген өнім және қызметтердің көлемі  3363,1 млн. теңгені құрап, 129,1 пайызға орындалса, өнер­кәсіп өнімдері 16808,2 млн. теңгеге өндіріліп, 158 пайызға артты.

Индустриалды – иннова­ция­лық даму бағдарламасының орындалуы бойынша бірінші және екінші бесжылдығында 18211,7 млн. теңгені құрайтын     3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды, – деп өзге де сала бойынша игерілген жұмыстарға тоқталды.

Аудан басшысының сөзіне қарағанда, аймақ аумағында істер негізінен, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсар­туға, білім мен мәдениет салаларын жаңғыртуға бағыт­талған жұмыс­тар жоспарға сай жүргізілген. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан артылған міндеттер нәтижелі шешімін тапқан. Мәселен, ауданның өзегі сана­латын ауыл шаруашылығы бойынша 10582,4 млн. теңгеге өнім өндіріліп, 105,7 пайызды құраған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 567,2 млн. тең­геге артық орындалған.  Өткен мерзім ішінде «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Әулие-Ата» несие серіктестігі арқы­лы 14 шаруа қожалығының                       14 жобасы мақұлданып, 97,1 млн. теңге несие алынған. Алайда, аталған сала бойынша көңіл көншітпей отырған түйіткілдер де жоқ емес. Шаруа қожалықтары үшін кооператив құрудың тиім­ділігін жеткізген Досмаханбет Қасымұлы туындаған мәселеге байланысты сала басшылары мен ауыл әкімдеріне тиісті тапсырма бергендігін атап өтті.

Үстіміздегі жылдан бастап елдің игілігі үшін ауқымды істер кезегін күтіп тұр. Атап айтсақ, Қызыләуіт ауылының инженерлік коммуникациялық құрылымын да­мыту және жайластыру нысанды аяқтау, Есейхан ауылына су жүйе­сінің құрылысын жүргізу, сондай-ақ, қалаішілік көшелер мен көпқабатты тұрғын үйлерді жаң­ғырту бойынша жұмыстар жүргізілмек.

Аудан әкімінің есебінен соң жарыссөзге шыққан кәсіпкер Екатерина Цой әр сенбі сайын «Жеңіс» алаңындағы ұйым­дастырылатын жәрмеңкені орта­лық базарға ауыстыру туралы пікірін білдірсе, кәсіпкер Дүй­сенбек Жұмабек: – Қазіргі таңда шопандардың балаларын оқыта­тын интернат қажет. Ақкөлдегі білім ошағы 25 оқушыны ға­на қамтиды. Негізінен мал шаруа­шылығымен айналысатын біздер үшін бұл орын аздық етеді, – деп қаланың безендіруіне де қатысты өз тілегін айтты.

Сондай-ақ, басқосу барысында Қоғамдық кеңес төрағасы Жұмабек Әсемов, Ақкөл ауылдық округінің әкімі Асқар Қуаныш, лицейдің жас маманы Әйгерім Байысбек, «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің ғимарат және құрылыс жөніндегі инженері Бағлан Сұлтанбек  есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталып, алдағы істерге сәттілік тіледі.

Бұдан бөлек жиында қала тұр­ғындары Базылхан  Тоқтыбаев, Манас Аханов және Се­рікбай Бапахов  «Жартас» көлі­нің кү­ті­міне, кәсіппен айналысу үшін несие алудың қиындығы, нау­қас жандарға арналған диаг­ностикалық орталықтың қа­жет­тігі, жолды қардан тазарту және газдың қымбаттауы сынды мәселеге қатысты ұсыныстарын білдіріп, тұрғындарды «Талас инвесмент компани» ЖШС-і басшылығымен кездесу ұйымдастыруды сұрады.

Өз кезегінде сөз алған Бекболат Серікбекұлы: – Қала­ның негізгі көшелеріне қаржы бөл­дік. Жол төсеудің өз шарттары мен талаптары бар. Биылда 155 млн. теңге көше жөндеуге қарастырып отырмыз. Барлық жұмыс біртіндеп жүзеге асады. Бөлініп жатқан қаражат сіздердің еңбектеріңіз. Қазіргі таңда 1643 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Аудан әкімдігі жеке меншіктегі бос ғимараттарды коммуналдық меншікке алып, қажетті құжаттарын дайындап, сұранысын білдірсе көмегімізді аямаймыз. 5  мөлтек ауданында­ғы көпқабатты  үйлерге   жылу және кәріз жүйесі тартылмаған, – деп жөндеу жұмыстарын бас­тамас бұрын құбырлардың көп­қабатты үйге жақындығын ескеруді тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары өзге де салаға  қатысты бірқатар мін­деттерді жүктеді.

– Су каналдарын жекеден алып, республикалық меншікке тапсыру керек. Сонда ғана көп­шіліктің сұранысына сай қара­жат бөле аламыз. Облыстық жә­не аудандық маңызы бар жол­­дарды жергілікті билікке тап­сырдық. Облысымызға автокөлік жол­дары үшін республикалық бюд­­жеттен 150 млрд. теңге бө­лі­ніп отыр.  Сонымен қатар, ау­дан­да­ғы 7 ауылдық  округі әкі­мі­не  дербес бюджет берілді. Бұ­дан былайғы уақытта ауыл әкімдері елді мекеннің да­муы үшін қыз­мет жасайтын болады. Соған орай индикатор белгіленеді. Ақ­көл ауылындағы «Қарлығаш» балабақшасының, Бостандық ауы­­лындағы   балалар  мен жасөс­пірімдер спорт мек­тебінің жы­лу қазандықтарын  ғимарат­­тан  бө­лек орналастыру қа­жет. 4,8 млдр. теңге­ге 9 елді мекенге газ құбыры  тартылып жатыр. Кө­гілдір  оттынның ауыл ішін­дегі тұрғындарға жеткізілу жа­ғын реттеу  қажет. Сарапата­ма­лық құжаттарын әзірлеңіздер, – деді.

Жиынға қатысушылар  ау­дан әкімінің қо­ры­тынды есебін бірауыз­дан қа­нағаттанарлық деп бағалады.