МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ОРГАНДАРЫНА 20 ЖЫЛ

1998 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істер агенттігі құрылған болатын. Ал, 1999 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданды. Аталған заң азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу теңдігіне арналған конституциялық құқықтарын жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады және Казақстанның қазіргі заманғы мемлекеттік қызметтің берік іргетасын қалыптастырады.
Мемлекеттік қызмет органдарына биыл 20 жыл толып отыр. Аталған уақыт ішінде атқарылған жұмыс орасан зор.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері, осы салада бір қатар жетістіктерге қол жеткізілді, жаңа кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды. Мемлекеттік қызметшілерге саяси реформалар мен жүктелген міндеттерін кәсіби деңгейде орындап, еліміздің тәуелсіз, демократиялы егеменді мемлекетке айналуына өз үлестерін қосты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» стратегиялық құжатында елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құру қажеттігін атап өтті. Аталған жұмысты жалғастыру үшін ең біріншіден, барлық мемлекеттік органдарда қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін арттыру қажет. Өйткені, еліміздің өркендеуі, дамуы, мемлекеттік қызметшілердің Отан сүйгіштігіне, білімі мен біліктілігіне байланысты. Сонымен қатар, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Себебі, мемлекеттің саясатын іске асыратын мемлекеттік қызметкер, ал, мемлекеттік қызметтің мәртебесі мен беделі мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты екені айдан анық.
Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы еш уақытта ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез-келген жағдайда әділ болулары қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі, әлеуметтік – экономикалық, қоғамдық – саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты.
Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Өйткені, мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Ендеше, өз елін, халқын құрметтеген мемлекеттік қызметшілері бар елдің ертеңі айқын, болшағы жарқын, келешегі кемел болғай.