5 сұрақ

5 сауал

 

  1. Зейнетақы активтерін кім басқарады?

 

«Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 35 бабына сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқаруды ҚР Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2013 жылдың 26 тамызында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен БЖЗҚ арасында зейнетақы активтерін сенімді басқару туралы келісім жасалды. Басқарудың тиімділігін арттыру, инвестициялау бағыттары мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін  салатын қаржы құралдарының тізімін белгілеуге байланысты ұсыныстар даярлайтын орган  – ҚР Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес.  БЖЗҚ зейнетақы активтерін сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. Осыған сүйене отырып, зейнетақы активтері қатаң қадағалауда және оның сақталуына мемлекет кепілдік береді деп айтуға толық негіз бар.

 

 

  1. Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары қалай инвестицияланады?

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық шешімдерді ҚР ҰБ Басқармасының 2016 жылдың 18 наурызындағы №86 қаулысымен бекітілген бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының инвестициялық декларациясына сәйкес қабылдайды. Сонымен бірге, инвестициялық шешімдер, соның ішінде Қордың зейнетақы активтерін орналастыруға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің ұсыныстарына сәйкес қабылданады.

 

ҚР ҰБ инвестициялық стратегиясына сай ұзақ мерзімді перспективада табыстылықтың үйлесімді деңгейін қамтамасыз ету үшін  активтер   теңгемен де, шет елдік валюталармен номиналданған түрлі қаржы құралдарына диверсификацияланады. Сонымен қатар, тәуекелдерді барынша төмендету үшін зейнетақы активтері түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады.

 

Қазіргі кезде зейнетақы активтері мемлекеттік, квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың құнды қағаздарына, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары мен акцияларына инвестицияланып, екінші деңгейлі банктер мен шетелдік банктердің депозиттеріне және сенімді шетелдік эмитенттердің құралдарына салынған.  Инвестициялық қызмет туралы ақпарат Қордың www.enpf.kz  ресми сайтында («Қор туралы» – «Инвестициялық қызмет» – «Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінің құрылымы») бөлімінде жүйелі түрде жарияланып тұрады.

 

 

  1. Зейнетақы қаржылары қайда инвестицияланады?

 

«БЖЗҚ» АҚ www.enpf.kz сайтында зейнетақы активтері есебінен жасақталған  инвестициялық портфель құрылымы мемлекеттік, орыс және ағылшын тілінде жарияланып, эмитенттің атауын, қағаздардың көлемін, қаржы құралдарының есепті датаға номиналды және ағымдағы бағасы көрсетіледі.

 

2018 жылдың 1 маусымына БЖЗҚ-ның ҚР Ұлттық банкінің сенімді басқаруындағы зейнетақы активтері   8, 263 трлн теңге болды.

 

Портфельдің негізгі бөлігін- 45,94% – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қағаздары құрайды.  МҚҚ ағымдағы бағасы 3 796,80 млрд теңге.

Инвестицияланған зейнетақы активтерінің ішінде екінші орында Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінің облигациялары тұр, олардың портфельдегі үлесі  –  14,71%, ал ағымдағы бағасы – 1 215,58 млрд теңге.

Сонымен қатар, инвестициялық портфельде:

– шетелдік мемлекеттердің мемлекеттік құнды қағаздары   (11,71%);

– Қазақстанның квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары   (8,86%);

– банктердің депозиттері: қазақстандық (3,84%) және шетелдік (5,58%);

– тәуекел мен портфельдің табыстылығын қамтамасыз ететін басқа да құралдар.

 

Қаржы құралдарының   инвестициялық портфеліндегі  валюталардың үлесі:

  • Ұлттық валюта – 68,63%
  • АҚШ доллары – 31,16%
  • Ресей рублі – 0,41%
  • Басқа валюталар – 0,10%

 

Инвестициялық қызметтің бағыттарына, шетел валюталары курстарының құбылмалылығына, қаржы құралдарының нарықтағы бағасына байланысты   есептелген инвестициялық табыстың көлемі 2018 жылдың басынан   251,41 млрд. теңгені құрады. 2018 жылдың басынан БЖЗҚ салымшыларының (алушыларының) шоттарына аударылған зейнетақы активтерінің табыстылығы   2,98%-ды құрады.

 

  1. Мен ресми жұмыс істемеуіме байланысты зейнетақы жарналарын төлемеген уақыт болды.  Маған бұл кезеңге инвестициялық табыс аударылмайды ма?   

Инвестициялық табыс әрдайым аударылып тұрады. Ол күн сайын әрбір қаржы күнінің соңында жинақтар толықтай таусылғанша, салымшы зейнетке шығып, зейнетақы ала бастағанның өзінде, оның Қорда сақтаулы тұрған жинақтарына одан әрі аударыла береді.

Жинақтардың жай-күйі туралы және инвестициялық табыс туралы ақпаратты жеке зейнетақы шотының (ЖЗШ) үзінді-көшірмесінен алуға болады. Ол ақысыз беріледі, ал хабарландыру тәсілін салымшы (алушы) өз бетінше таңдайды. Үзінді-көшірме алудың келесі тәсілдері бар:

  • Пошта байланысының көмегімен – жылына бір рет;
  • Электрондық пошта арқылы – таңдалған кестеге сәйкес (ай сайын, тоқсан сайын, жарты жыл сайын, жыл сайын);
  • БЖЗҚ кеңсесіне өзі бару арқылы – шектеусіз;
  • Интернет-хабарландыру (смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы арқылы онлаин-режимде) – шектеусіз;
  • kz сайтындағы «Жеке кабинет» арқылы немесе egov.kz электрондық үкімет сайты арқылы («Әлеуметтік қамсыздандыру» айдарындағы «Зейнетақымен қамсыздандыру» – (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі (инвестициялық табыстарды есептегенде) бөлімінде) порталда тіркеліп, қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болған жағдайда.

 

  1. Инвестициялық табысқа салық салына ма?

ЖЗШ-дан Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасында қарастырылған жағдайлар туындауына байланысты жасалатын төлемдерге, соның ішінде есептелген инвестициялық табысқа,  Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық салынады.

 

Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке басқа да міндетті төлемдер туралы» (ҚР Салық Кодексі) зейнетақы төлемдері төлем көзінен салық ұсталатын табысқа жатады.

 

ҚР Салық Кодексінің 170 бабына сәйкес, салық салуға жататын зейнетақы төлемі ретіндегі табыс түрлеріне бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесі салық төлеушілердің келесі зейнетақы жарналары есебінен жасалатын төлемдері жатады: міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіби зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары.

 

Алайда, зейнетақы жасына келген, Қазақстан азаматтары болып табылатын салымшылар (алушылар) кесте бойынша немесе Қазақстан Республикасынан тыс аумақтарға тұрғылықты тұруға кетуіне байланысты зейнетақы төлемдерін алғанда салық төленетін табыс көлемін азайтатын салық шегерілімдеріне қақысы бар.  Басқаша айтқанда, табыс салығы төлемнің барлығына емес, оның бір бөлігіне ғана салынады. Салықтың түпкі мөлшерін есептеу үшін «бір жылдық зейнетақы төлемінен» «бекітілген салық шегерілімі» сомасын алып тастау керек.

 

Сонымен қатар кейбір азаматтар ҚР Салық кодексінің 1 бабының 13) және 13-2) тармақтарына сай табысын ең төменгі айлық жалақысының 75 еселенген шегінде түзетуіне болады.

 

 

 

 

 

5 сұрақ

  1. Зейнетақы жүйесінің деңгейлері туралы әңгімелеп берсеңіз, базалық және ортақ зейнетақы дегеніміз не? Олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?

Бүгінде Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады. Олар:

1) мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және жасына (еңбек өтіліне) байланысты ортақ зейнетақы;

2) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына негізделген міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі;

3) ерікті зейнетақы жарналарына негізделген жинақтаушы жүйе.

Алғашқы деңгей бойынша ортақ зейнетақы – ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген жүйе. Келешекте ол біртіндеп азайып, 2040 жылдары мүлдем тоқтатылады. Өйткені, ортақ зейнетақыны алу үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі кемінде 6 ай болуы керек.

Базалық зейнетақы да ортақ зейнетақы секілді мемлекеттік бюджет есебінен төленеді.Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде төленеді. Алайда 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Бұл ретте оны тағайындауда 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады.

Екінші деңгей бойынша міндетті зейнетақы жарналары 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 10 пайызын құрайды. Бұл жарналарды зейнетақы Қорына жұмыс берушілер аударады. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды.Осы жарналардың есебінен қалыптасқан жинақтар салымшының меншігі болып табылады және мұраға қалдырылады.

2020 жылдан бастап жарналардың жаңа түрі – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланған. Бұл жарналардың көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды.

Үшінші деңгей бойынша ерікті зейнетақы жарналарының мөлшері және төлеу тәртібі салымшы мен Қордың өзара келісімі бойынша белгіленеді.Бұл  жарналар арқылы салымшы өз жинақтарын елеулі түрде көбейте алады. Осылайша Қазақстанда бірегей зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Бұл ретте болашақ зейнеткерлерді зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және салымшы арасында оңтайлы үлестірілген.

 

  1. Менің туған жылым – 1988 жыл. Мен ортақ зейнетақыға үміт арта аламын ба?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 11 бабына сәйкес 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар азаматтардың ортақ зейнетақы алуға құқығы бар. 1998 жылы Сіз 10 жаста болғансыз. Сәйкесінше еңбек өтіліңіз болмағандықтан ортақ зейнетақы ала алмайсыз. Оның орнына базалық және жинақтаушы зейнетақы алатын боласыз. Биыл базалық зейнетақының мөлшері – 25 274 теңге. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге еңбек өтілінің бар-жоғына қарамастан бірдей мөлшерде төленеді. Алайда биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеудің жаңа әдістемесі қолданылады. Бұл ретте базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Соған сәйкес зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайтын болады. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 пайызына ұлғайып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады (биыл оның көлемі – 28 284 теңге) және одан асырылмайды.

2040 жылдары зейнеткерлікке шығатын азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Өйткені, оларда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі болмайды. Сондықтан қазіргі жастар үшін Қорға міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұру өте маңызды.

Бұл үшін ресми түрде жұмысқа орналасып, еңбек қатынасын заңдастыру қажет. Сөйтіп, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы және толық көлемде аударып отыруын қадағалап отырған жөн. Қордағы зейнетақы жинақтарының қомақты болуы жарналардың көлеміне және жиілігіне тікелей байланысты. Ал жалақысын бейресми түрде «конвертпен» алатындардың болашақта алатын зейнетақысының мөлшері тым аз болуы мүмкін. Өйткені, Қорға бірде-бір жарна аудармай зейнеткерлікке шығатын  азаматтар тек базалық зейнетақыға ғана үміт арта алады. Сондықтан болашақта лайықты зейнетақы алу үшін осы бастан қамданып, зейнетақы Қорына міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұрған абзал.

 

  1. Ерікті зейнетақы жарналары туралы естідім. Оларды кім төлей алады? Бұл үшін қандай құжаттар керек?

Салымшылар мен алушылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарынан басқа ерікті зейнетақы жарналарын да аудара алады. Ерiктi зейнетақы жарналары – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салымшылардың өз бастамасы бойынша салатын ақшасы. Жеке тұлға бұл жарналарды өз табысы есебінен төлейді және өз атына немесе үшінші бір тұлғаның атына аудара алады. Бұл ретте заңды тұлғалар да жеке тұлғалардың, яғни өз жұмыскерлерінің атына ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Мұны көп жағдайда өздерінің қол астындағы мамандарын еңбекке ынталандыру мақсатында жасайды.

Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу, сондай-ақ, зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі шарт тараптарының өзара келісімі бойынша белгіленеді.Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт БЖЗҚ мен салымшы арасында жазбаша түрде жасалады және қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Шарт жасасу Қорға салымшы (алушы) жеке өзі келгенде жүзеге асырылады. Егер шарт үшінші тұлғаның пайдасына жасалатын болса алушы да Қорға келуі тиіс. Бұл ретте салымшының (алушының) заңды өкілі немесе оның орнына нотариат куәландырған сенімхат негізінде сенім білдірілген тұлға өтініш бере алады. Өз пайдасына ерiктi зейнетақы жарналарын аудару үшін салымшы (алушы) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа) тапсырса, үшінші адамның пайдасына шарт жасау үшіналушы да екеуі жеке басты куәландыратын құжат (түпнұсқа және көшірме) тапсырады. Заңды тұлғалар үшінші адамның пайдасына шарт жасасу үшін тиісті құжаттар топтамасын ұсынады. Кәмелетке толмаған тұлғалар да ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаса алады. Бұл ретте шарта кәмелетке толмаған тұлғаның атынан оның заңды өкілі қол қояды.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен және кету ниетiн немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен төленетін зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.

Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

 

  1. Жұмыс беруші қандай жағдайда міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге міндетті?

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жұмыскердің ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Бұл жарналарды жұмыс берушілер еңбек жағдайлары зиянды деп саналатын жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен төлейді.

Еңбек жағдайлары зиянды кәсіптер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен бекітілген Тізбеде көрсетілген. Егер, еңбек өнімділігі жақсарып, денсаулыққа зиянды жағдайлар жойылатын болса және ол өндірістік нысандарды аттестаттау нәтижесімен расталса, жұмыс берушілер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.

Жұмыскер жалақы алғанына қарамастан жұмыс беруші уақтылы ұстап қалмаған (есепке жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе агент оларды уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген ресми мөлшерлемесі мөлшерінде мерзімі өткен әрбір күн үшін (Мемлекеттік корпорацияға төлеу күнін қоса алғанда) есепке жазылған өсімпұлмен бірге жұмыскерлердің пайдасына аударуға тиіс.

Мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының толық және уақтылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

 

5.Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары туралы толығырақ әңгімелеп берсеңіз. Бұл жарналар қашан енгізіледі?

2020 жылдан бастап елімізде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланып отыр. Соған сәйкес, барлық отандық жұмыс берушілер еңбек жағдайларына қарамастан өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына олардың айлық жалақысының 5 пайызын зейнетақы Қорына аударып отырады.

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жұмыс берушінің ұсынған тізімі бойынша әрбір жұмыскердің атына шартты зейнетақы шоты ашылады. Ондағы жинақтар жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Шартты зейнетақы шотындағы жинақтар оған өмір бойына ай сайын төленіп отырады. Бұл төлемдер шартты-жинақтаушы жүйедегі жинақталған қаржыны салымшылар арасында қайта бөлу, үлестіру арқылы жүзеге асырылады.

Заң бойынша шартты зейнетақы шоттарындағы жинақтар зейнеткерлікке шыққан жандарға, сондай-ақ, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға төленеді. Бірақ бұл үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары олардың шартты зейнетақы шотына кемінде 60 ай (5 жыл) тұрақты түрде аударылған болуы керек. Сәйкесінше алғашқы төлемдер 2025 жылдан бастап жүзеге асырыла бастайды.


 

2018 жылдың 1 қаңтары мен 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақының өсетіндігін естідім. Осы туралы білгім келеді. Тағы бір сұрақ, биыл Қазақстанда ең төмен және орташа зейнетақының мөлшері қандай?
Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен екі түрлі зейнетақы төленеді. Бірі – ортақ (еңбек) зейнетақы болса, екіншісі – базалық зейнетақы. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ортақ зейнетақы 8 пайызға, ал базалық зейнетақы 6 пайызға өсті. Осылайша, базалық зейнетақыны ескере отырып айтар болсақ, қазіргі таңда елімізде ең төмен зейнетақы 40 019 теңгені, ал орташа зейнетақы мөлшері 71 333 теңгені құрайды. Бұл өзгеріс барлық зейнеткерлерге тиесілі.

Сонымен қатар, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы жаңа әдістемемен есептелетін болады. Яғни, енді базалық зейнетақыны тағайындағанда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі жылдардағы еңбек өтілі толық ескеріледі. Яғни, еңбек өтілі жоғары болған сайын, базалық зейнетақының мөлшері де ұлғая түседі деген сөз.

 

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда базалық зейнетақы қалай есептелетін болады?

Бүгінде базалық зейнетақы зейнеткерлікке шыққан әрбір азаматқа еңбек өтілі мен айлық табысы және зейнетақы жинағының көлеміне қарамастан өмір бойына бірдей мөлшерде тағайындалып келеді. Оның мөлшеріқазір 15 274 теңгені құрайды (ең төмен күнкөріс деңгейінен сәл жоғары) және ол жыл сайын өсіп отырады.

Ал 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап оның мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан бастап 100 пайызына дейін артатын болады.

Жаңа әдістеме бойынша 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі жылдардағы еңбек өтілі толығымен ескеріледі.

Егер зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі жоқ немесе 10 жылға дейін болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды. Оның көлемі биыл – 28 284 теңге.

Мысалы, 2017 жылы базалық зейнетақының мөлшері 14 466 теңге болды. Ал  2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 14 284 теңгені құрады (базалық зейнетақы 6 пайызға өсті). Енді 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап ол, еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болған жағдайда 28 284 теңгеге дейін ұлғаяды.

Базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа толған барлық азаматтар үшін қайта есептеледі. Ал зейнетақы алып жүрген азаматтар үшін базалық зейнетақыны қайта есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл үшін қосымша құжаттар ұсынудың қажеті жоқ. Жарналардың төленуі жайында барлық деректер бірыңғай ақпараттық жүйеде бар.

2018 жылдың 1 шілдесінен кейін зейнетке шығатын азаматтар ғана 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі туралы мәліметтер ұсынулары тиіс.

 

Мен екі жылдан кейін зейнеткерлікке шығамын. Ай сайынғы төлемді қалай есептеуге болады?

Ай сайынғы төлемдерді есептеу үшін зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті қолданылады. Оның көлемі қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығына байланысты есептеледі. Ол тұрақты шама.

Коэффициенттер кестесі ҚР Үкіметі қаулысымен бекітілген.

Зейнеткерлер кестеге сәйкес, жыл сайын зейнетақы жинақтарының тек бір бөлігін ғана ала алады. Сондықтан, коэффициенттің шамасы қашанда 1-ден төмен болады.

Осылайша, алушының жасына қарай зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп, 12 айға бөлінеді. Одан шыққан сома – БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлем болып табылады.

Ай сайынғы төлемдердің сомасы алушының жасына және жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты болады.

Зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы зейнетақы жинақтары сомаларының келесі кестеге сәйкес алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіндісі ретінде есептеледі:

 

Алушының жасы Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті
58  0,09421
59  0,09582
60  0,09764
61  0,09969
62  0,10202
63  0,10467
64  0,10771
65  0,11121
66  0,11528
67  0,12005
68  0,12570
69  0,13246
70  0,14067
71  0,15081
72  0,16362
73  0,18024
74  0,20257
75  0,23404
76  0,28152
77  0,36099
78  0,52048
79  1,00000

Осы кестені қолдана отырып, ай сайынғы зейнетақы төлемдерін есептеп шығаруға болады.

Жаңа ережеге сәйкес, ай сайынғы төлемдер ағымдағы жылғы ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмауы керек.

Болашақ зейнетақыны есептеу үшін болжамдық зейнетақы калькуляторын пайдалануға болады. Ол enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» – «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде қолжетімді (https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcs.php).

 

Мен банктегі берешегімді өтеуім керек. Сол үшін зейнетақы жинақтарымды мерзімінен бұрын ала аламын ба?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары заңнамада көрсетілген жағдайлар туындамай жатып мерзімінен бұрын берілмейді.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңының талаптарына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 58,5 жасқа толғанда), сондай-ақ, мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектігі бар адамдарға төленеді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.

Бұдан басқа, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақтары бар адам қайтыс болған кезде, заңнамаға сәйкес оның зейнетақы жинақтары мұраға қалдырылады.

Ағымдағы заңда БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары есебінен несиені төлеу, жылжымайтын мүлік сатып алу, оқу ақысын төлеу және басқа да шығындарға жұмсау мүмкіндігі қарастырылмаған.

 

Менің зейнеткерлікке шыққаныма үш жыл болды. Қазір төлемдерді кестеге сәйкес жылына бір рет аламын. Мен оны ай сайынғы кестеге ауыстыра аламын ба?

Зейнетақы заңнамасына енгізілген және 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылады. Егер зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сомаалушыға бір рет толығымен төленеді. Биыл ең төмен зейнетақы көлемі: 33 745 теңге. Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері: 404 940 теңге.

Егер зейнетақы жинақтарының көлемі бұл сомадан асып кетсе, зейнетақы тек ай сайын төленетін болады.

2018 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетақы алып келген азаматтар зейнетақы төлемдерінің мерзімділігін (ай сайын, үш ай сайын, жыл сайын) сақтауға және өзгертуге құқылы. Яғни, жаңа өзгерістер зейнетақы төлемдерін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап рәсімдейтін азаматтарға ғана тиесілі.

Зейнетақы төлемдерін тағайындаудағы басты мақсат – еңбекке қабілетсіз, яғни зейнет жасындағы азаматтардың күнделікті тіршілігін лайықты деңгейде қамтамасыз ету.

Зейнетақы төлеу кестесін өзгерту үшін БЖЗҚ жергілікті бөлімшесіне жүгіну қажет.

Айта кетелік, ағымдағы жылдың қаңтарында еліміз бойынша 20 шақты адам зейнетақы төлемдерін жыл сайын алу кестесін ай сайын алу кестесіне ауыстыру жөнінде өтініш берген. Осылайша, уақыт өткен сайын зейнетақы жинақтарын үнемдеп жұмсайтындарсаны біртіндеп артатын болады.