Жүректерді жылытқан фестиваль

16.02.2018

 

Қалалық «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет орталығында  Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты бағдарламалық мақаласы аясында «Үміт» қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының ұйымдастыруымен «Жомарт жүрек» атты фестиваль болып өтті. Аталмыш іс-шараны салтанатты түрде аш­қан облыстық   білім басқармасының бас маманы Зульфира Советбекқызы:

-Елбасының «Болашаққа бағдар:  ру­хани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысында барлық өңірлерде ұйым­­дастырылып жатқан «Жан жылуы» жобасы аясында облыстық білім бас­қармасына қарасты педагог қауымы мен оқушылардың ұйымдастыруымен өтіп отыр. Осындай игі істер біздің болашақ ұрпағымыздың санасына мейірімділік пен қайырымдылықтың үлгілерін қалып­тастыратынына сене­міз, – деп, мектеп-интернаттағы барлық  балаларға  өмірде өз жолдарын табуын тіледі.

Сонымен қатар, аудан әкімдігі іш­кі саясат бөлімінің басшысы Елдос Ақбердиев пен ҚР Журналистер одағы­ның мүшесі, Талас ауданының Құр­метті  азаматы  Сәулембай   Әбсадықұлы да ақ тілектері мен ұйым­дастырушыларға алғысын жеткізді.

Фестивальдың басты мақсаты – мүмкін­дігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтендіріп,қоғамға интеграциялау және олардың шығарма­шылығын қолдау­ға мемлекеттік орган­дарды, кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлес­тіктерді тарту болып табылады.

Есеп беру концерті ретінде өткізілген бұл фестивальда ерекше білім берілуге қажеттілігі бар балалар вокальдық орындау, хореография, актерлық ше­бер­лік бойын­ша таланттарын көр­сетті. Сондай-ақ, бейнелеу және қол­өнер көрмесі де келушілерді таңдандырды. Қимыл-ті­рек аппараты бұзылған, мү­ге­дек ар­басына таңылған болса да,ерік-жігері мұқалмаған,рухы еркін «Үміт» мектеп-интернатының 30-ға жуық оқушысы жоғары дәрежеде өнер көрсетті.

Фестивальды мектеп-интернаттың директоры Фарида Казбекова «Атамекен» әнімен қорытындылады.

Әлімжан Шөңгербай.